Екі жол айрығы, екі бөлек өмір үйлену арқылы тоғысады. Осы бас қосуда көптеген дұғалар жасалып, ақ тілектер айтылады.
Соның бірі мынадай: «Алла! Екі жастың бұл бас қосуын құтты да, берекелі қыл. Жаңа үйленген жұпты ар-ұят, махаббат және бір-біріне іңкәрлік сезімдерімен қос. Араларына жеккөрушілік, бүлік, айырылысудың кіруіне мұрсат берме. Тура Адам мен Хауаны, Мұхаммед (с.ғ.с) пен Хадиша, Әли мен Фатиманы қосқаныңдай...»
Неке қиылуымен бірге жаңа құқықтар мен міндеттер пайда болады. Шаңырақ көтерілуімен жанға тыныштық беретін жайлы, шуақыт жағдай жалғасуы үшін жаңа жауапкершіліктерді алатын уақыт та туады. Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Жұбайларыңның сендердің араларыңда белгілі міндеттері болғаны секілді, сендердің де олардың алдында атқарар міндеттеріңнің бар екенін ұмытпаңдар» (Тирмизи, Рада, 11).
Үйлену арқылы адамның әрі тәні, әрі жаны пана табады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ар-ұяты мен намысын қорғау үшін отбасы құрғысы келетіндерге жәрдем етеді деп сүйіншілеген (Нәсаи, Жихад 12). Олай болса, бір отбасы құрылуына разы болатын және оны қорғайтын – Ұлы Алла. Демек, отбасы қалай болса, солай әйтеуір күйбең тіршіліктің өтіп жататын жері емес; Алла мейірімімен қорғалатын, Өзі берген балаларымен көркейіп, көктейтін қастерлі құрылым. Отбасы – қоғамның дәнегі, негізін құрайтын маңызды тірегі. Отбасын құру арқылы тек екі адам ғана бас қосып қоймайды, сонымен бірге қоғамның да іргетасы қаланады.
материал «Отбасым» кітабынан алынды,
авторы: Доктор Хурие Марты
ummet.kz