Аса рақымды Мейрімді Алланың атымен бастаймын. Алла Тағалаға сансыз мадақ, шексіз шүкіршілік болсын. Алла Тағаланың сүйікті Елшісі, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын.
Жаратылыс тұрғысынан ер кісі де, әйел кісі де Алла Тағаланың пендесі. Алла Тағала қалағанын ер, қалағанын әйел етіп жаратты. Ер мен әйел тен емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшелінеді. Егер бір-біріне ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Алла Тағала еркек, әйел етіп бөліп жатпай, бәріне біркелкі етіп жаратар еді.
Ислам діні – пәк дін. Алла тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» - деген. Ал, соның ішінде әйел кісіге ерекше сұлулық пен нәзіктік сыйлаған.
Әйел адам ерекше етіп жаралған, денесі мен ағзасы да еркеше жаратылған. Белгілі жасқа келген кезде қыз бала ерекше жағдайға кіреді. Балиғат жасқа жеткен кезде, тек соларға ғана тән жағдайға түседі. Ай сайын болатын етеккір хәлі шариғат тұрғысында «хайз/хайд» деп айтылады. Шамамен 45-55 жасқа дейін жалғасатын құбылыс.
Ислам діні қоғамдық өмірде әйел баласына ерекше орын бергені әмбеге аян. Әйел затының жаратылыс ерекшелігінен туындаған кейбір жағдайлар оларды кемсітуге, тіпті қоғамнан аластауға дейін барған. Ислам осындай шалыс қадам, жаңсақ пікірлерді түзеп, хайыз болған әйелді тұрмыстан, әлуеметтік ортадан шеттетпей, мұның табиғи жағдай екенін, әйелді рухани әрі денсаулық тұрғысынан қажытатын мұндай күндері оған қамқорлық көрсету қажет екенін қоғамдық санаға орнықтырды. Ислам құқығында әйел баласының жаратылыс ерекшілігіне сай тазалығы мен құлшылығына қатысты кейбір арнайы үкімдер қойылған. Шариғатта әйелдерге тән бұл күйді «хайыз» (етеккір көру), «нифас» (босанғаннан кейін келетін қан) және «истихада» (үзір қаны) деп айтады. Ересек әйел адамның жыныс мүшесін үш түрлі қан келеді. Біріншісі – белгілі жас аралаығында тұрақты келетін етеккір қаны болса, екіншісі – босанған соң едәуір уақыт келетін нифас қаны. Соңғысы – бұл екеуінен басқа көбінесіне аурудың салдарынан ағатын үзір қаны.
Осы үш жағдай кезіндегі тазалыққа қатысты намаз, ораза, Құран оқу, қажылық, жыныстық қатынас, ажырасу секілді үкімдер фиқһ кітаптарында кеңінен түсіндірілген.
Хайыз
Хайыз (етеккір) – әр айдың белгілі күндерінде әйел адамдарда кездесіп, кей ғибадаттарына кедергі келтіретін қан. Әйел хайызы, Имам Ағзам мәзһабы бойынша, шамамен 9 жасынан 55 жасына дейін жалғасады. Хайыз пайда болған әйел намазы мен оразасын дереу доғарады. Бірақ оразасының кейін қазасын ұстайды. Хайыз күндеріндегі намаздарының қазаларын «жеңілдік қағидасына» байланысты өтеуінің қажеті жоқ. Хайыздың ең аз мерзімі – 3 күн. Ең көбі – 10 күн. Бұдан азды-көпті болса «үзір қаны» деп саналады. Хайыз қаны – Алланың әйелдерге жазғаны. Хазіреті Хауа анамыздан бастап әрбір әйел хайыз көре келген. Пайғамбарымыз: «Бұл хайыз Алла Тағаланың Адамның қыз ұрпақтарына жазған нәрсесі», – дейді.
Нифас
Нифас – әйел адам босанғаннан кейін пайда болатын қан. Мұның белгілі бір мерзімі жоқ. Ханафилер бойынша, нифастың ең ұзақ уақыты – қырық күн. Умми Сәлама былай дейді: «Нифасты әйел Алла Елшісі, Алланың салауаты мен сәлемі болсын, заманында қырық күн, қырық түн күтетін».
Нифас мерзімінде нифас қаны кейбір күндері тыйылып, сосын қайта жалғасса тыйылған бұл күндер де нифас күндері болып саналады. Хайыз бен нифас қандары тоқтаған кезде, ғұсыл алу қажет.
Алла Тағала Қаситетті Құранда Бақара сүресінде былай дейді: «(Мұхаммед) олар сенен етеккір жайында сұрайды. Оларға: Ол жиіркенішті нәрсе, етеккір кезінде ійелдеріңнен алыс тұрыңдар. Оларға тазарғанға дейін жақындаспаңдар. Қашан олар толық тазарса, оларға Алланың өздеріңе бұйырған жерінен жақындасыңдар» Әйелдер мұндай кездерде намаз оқи алмайды. Ораза да ұстай алмайды. Бірақ оразаның қазасын кейін өтейді. Қажылық кезінде Қағбаны тауап ете алмайды.
Пайғамбарымыз: «Хайыз, жүніп болған әйел Құран оқи алмайды». Ханафилер бойынша, мұндай кезде әйелдер Құранды жатқа дұға ниетінде оқуына болады. Сол секілді мешітке де кірулеріне болмайды. Бір хадисте былай айтылған: «Ешқандай хайыз әйел, жүніп кісі мешітке кіре алмайды». Етеккір кезінде жыныстық қатынас та жасай алмайды. Аятта былай айтылады: «(Мұхаммед) олар сенен етеккір жайында сұрайды. Оларға тазарғанға дейін жақындаспандар...де»
Әйелдің үзір қаны (итихада)
Үзір қаны – құрсақтан емес, дененің бір тамырынан ағатын қан. Балиғат жасына жеткен әйелдің үш күннен аз, он күннен артық аққан қаны хайыз қаны емес, үзір қаны болып табылады. Нифас болған әйелдің қырық күннен кейінгі және жүкті кезіндегі қаны да үзір қаны. Әйелдің мұндай үзірі ғибадатқа кедергі келтірмейді. Тек дәреті болған кезде ақса, жарадан аққан қан секілді дәретті бұзады. Тоқтаусыз жалғасса, әйел «үзірлі» қатарына жатып, әр уақыт намазға арнайы дәрет алады.
Хайыз және нифас кезіндегі тыйым салынған амалдар:
Намазы оқу;
Ораза ұстау;
Қасиетті Құран оқу;
Құранды ұстау;
Мешітке кіру;
Тауап жасау;
Әйелдерге хайыз және нифас кезінде көптеген ғибадат-амалдардан тыйылғанымен басқа жағынан сауап алуға болады:
Алла тағаланы еске алып зікір айту;
Пайғамбарымызға, Алланың игілігі мен сәлемі болсын, салауат айту;
Дұға жасау;
Таспих тарту;
Истиғфар айту;
Ілім іздеу, діни әдебиеттерді оқып зерттеу. Пайғамбарымыз, Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ілім іздеу әрбір мұсылманға парыз» - деп айтты. Құран кітап және тәпсір кітаптарынан басқа әртүрлі діни әдебиетті оқуға болады.
Құранды тыңдауға рұқсат, Құранды тек аудиомен немесе видеомен тыңдауға болады бірақ ауызша қайталамау керек;
Уағыз – насихат тыңдауға болады;
Садақа беру;
Науқасты зиярат ету;
Тамақ даярлап, үй жұмыстарын жасауға да рұқсат.
Әйкерім Қайратқызы,
«Нұр Астана» мешітінің ұстазы