23
Сенбі,
Қараша

һижри

Ешкім сымбатымен, ақылымен жанұяны ұстай алмайды

Ешкім сымбатымен, ақылымен жанұяны ұстай алмайды

Исламдағы отбасы
Жарнама

Мұсылман болғаннан кейін басқа да мұсылмандарға, оның ішінде отбасы мүшелеріне жиі-жиі дұға етіп отырған дұрыс. Өйткені бұл дұға – қабыл болу мүмкіндіктері мол дұғаның бірі. «Ең жылдам қабыл болатын дұға мұсылманның діндес бауыры үшін сырттай жасаған дұғасы», «Бауыры үшін сырттай дұға еткен мұсылманға періштесі: «Əмин! Өзіңе де бұйырсын» – деп айтады», – деген хадистерден осыны ұғамыз.

Дұға – ер мен әйелдің ең үлкен қаруы. Жақсы әйелге немесе еркекке ең бірінші жәрдем – Алладан. Күйеуінің көңілін аулағысы келген әйел, әйелінің жүрегін жаулағысы келген еркек Алламен қарым-қатынасын түзеп, алақанын жайғаны абзал. Жүрекке Алланың ғана әмірі жүреді.

Алланың мейірімі болмаса, ешкім өзінің сымбатымен, не ақыл-парасатымен жанұяны ұстап тұра алмайды...

Ерлі-зайыптылардың бір-біріне жақсылық тілеуі өздеріне жақсылық тілеу деген сөз. Жұбайлар бір-біріне жасаған жақсылықтары үшін жоқ дегенде алғыс айтып, дұға тілеуді əдетке айналдыруы қажет. «Кімде-кім өзіне жақсылық жасағанға «Аллаһ саған жақсылығын берсін» десе, ана адамның бұған жасаған жақсылығынан да үлкенін жасаған болады» дейді

Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Бір-біріне жасаған жақсылықтары үшін «Алла саған разы болсын» деу алғыстың ең үлкені. Жұбайлардың бір-біріне қарғыс айтудан өткен жамандықтары жоқ. «Өз-өздеріңе, бала-шағаларыңа, дүние-мүліктеріңе қарғыс айтпаңдар. Алла тағала барлық дұғаларды қабыл алатын бір сəтке дөп келіп қалып, қарғыстарың қабыл болып кетер», – деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұған тыйым салған. Сондықтан жұбайлар бір-біріне тек қана жақсылық пен ізгілік тілеуі керек.

Егер ері мен əйелі құлшылық міндеттерін атқармаса, осы дүниенің өзінде көптеген жақсылықтардан қағылатыны секілді ақыретте де орны толмас қасыретке тап болады. Екі дүниенің бақытына бөлену үшін екеуі бір-бірінің ғибадат етуіне жағдай жасап отыруы қажет.

Құран кəрімде: зайыптылардың өмірлерінен көптеген ғибратты оқиғаларды мысалға келтіре аламыз. Мысалы, «Жақсы көрген мал-мүліктеріңді Аллаһ жолында жұмсамайынша, ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар», – деген аят түскен кезде, сол заманның атымтай жомарты атанған Əбу Талха өзінің ең жақсы көретін құрма бағын садақа етіп жібергенде, əйелінің бар айтқаны «Ол бақты өз атыңнан садақа еттің бе, əлде екеуміздің атымыздан ба?» еді. Əбу Талха екеуінің атынан бергенін айтқан кезде жұбайы төбесі көкке бір елі жетпей балаша қуанған болатын. Əбу Əйюб Ансаридің (р.а.) əйелімен бірге күңге азаттық беруі, Жумахидің (р.а.) бүкіл алтынды беріп жібергенде əйелінің лəм-мим демеуі біздер үшін өмір мектебінің үлкен сабағы болса керек.

материал «Ислам жанұясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: