23
Сенбі,
Қараша

һижри

Талаққа рұқсат берілуінің хикметі

Талаққа рұқсат берілуінің хикметі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Қазақ – жесірін жылатпаған, отбасы құндылығын жоғары бағалаған халық. «Талақ» сөзінің қазақ тілінің әмбебап сөздігіндегі діни термин ретіндегі мағынасы былай келтірілген. Ер адамның әйелін тастағанда айтылатын «неке бұзылды, әйелін тастады» деген мағынадағы сөз.

«Айдарбек  Зейнепті  жазықсыз  ұрып,  Қараңды батыр,  кет!..  Мен  сенен  талақ!»  –  деді  (Б.Майлин, Шығармалары).

Русша білмек бұларға шарт болмаса,

Іс етсе шариғаттың фәрмәнінше,

Никах, талақ, мирас, жаназа оқып,

Указной   балаға   есім   қойса   (М.Дулатов, Шығармалары).

Араб тілінде «талақ» сөзі «жіберу, тастау, тәрк ету» дегенді білдіреді. Ал шариғатта қолданатын мағынасы – ері мен әйелінің арасындағы некенің үзілуі. Талаққа шариғатта  рұқсат  етілген.  Ерлі-зайыптыларды  бір-бірінен ажыратуды зәру жағдай талап еткен болса немесе араларындағы жанжал мен ұрыс-керістің көбейгенінің салдарынан,  екеуінің  бір  шаңырақтың  астында  өмір сүруі мүмкін емес болса, онда ажырасуларына рұқсат етіледі. Ал егер мұндай зәрулік жағдай болмаса, онда отбасының сақталуы, ері әйелінен көрген разы болмай-тын істеріне сабыр етуі және әйеліне де ерінен көрген разы  болмайтын  істеріне  сабыр  етуі  уәжіп  болады. Расында,  отбасылық  өмір  –  ол  мәңгілік,  сондықтан ерлі-зайыптылардың  арасында  әрдайым  жақсылықты насихаттау,  бір-біріне  жәрдемдесу,  қиыншылыққа  сабыр  ету  және  отбасылық  өмірдің  қиыншылықтарын бірге бөлісу және бұған кішіпейілділік пен ықыласты болуы міндет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шәрифінде былай дейді: «Алла Тағала халал еткен нарселерінің ішіндегі ең жек көретіні – талақ». Сондықтан өте зәру жағдай болмаса, мүмін адамның талаққа жүгінуі дұрыс болмайды.  Ақиқатында,  Пайғамбарымыз  (оған  Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқандай үзірсіз немесе қажетсіз талаққа жүгінген адамға лағынет айтып, мейлі ол ер болсын, әйел болсын, былай деген: «Алла Тағала аз уақытқа пайдалану үшін бір әйелге үйленіп, кейін оны талақ етіп нәпсіқұмарлықпен басқа бір әйелге үйленетін  барлық  ер  адамды  лағынеттеді».  Келесі бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз немесе қажетсіз ерінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам болады», – деген.

Талақтың шариғатта рұқсат екендігінің дәлелі: «Талақ екі рет. Сонда не туралықпен ұстау немесе жақсылықпен ажырасу керек» («Бақара» сүресі, 229-аят). Яғни, әйелді қайтаруға болатын ражғи талақ екі рет болады. Ол кезде ер адам өз әйелін қайтару үшін жақсы  қарым-қатынас  жасауы  немесе  ажырасатын болса, әйелінің хақысын толық беріп ажырасуы лайық болады. Пайғамбарымыздың заманында кейбір сахабалар әйелдеріне талақ берген, ал пайғамбарымыз болса оларға  бұл  нәрсені  рұқсат  етті,  сондықтан  үмбеттің барлық ғұламалары талақтың рұқсат екеніне бір ауыздан келісті.

Талаққа рұқсат берілуінің хикметі: Шариғатымыз жеңілдікке және адамзат табиғатымен үйлесімділікке негізделген. Ол отбасылық өмірді  қастерлейді  және адамдардың  әртүрлі  болуына  қарамастан  оның жалғасымды болуына шақырады. Ал егер екі адамның арасындағы  жанжал  ушығып,  екеуінің  бірге  тұруы мүмкін болмаса, оларға ажырасқан жақсырақ болады. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Егер  екеуі  ажырасса,  Алла  әрқайсысын  өз кеңшілігінен  қамтамасыз  етеді»  делінген  («Ниса» сүресі,  130-аят).  Яғни,  екеуі  зәрулікпен  ажырасатын болса, Алла Тағала өзінің кеңшілігімен бұл ажырасуды екеуіне де қайырлы етеді, өйткені Алланың мейірімі кең және Ол сөзінде де, ісінде де өте дана.

материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: