23
Сенбі,
Қараша

һижри

Сәби дүниеге келгеннен кейін жасалатын сүннет амалдар

Сәби дүниеге келгеннен кейін жасалатын сүннет амалдар

Исламдағы отбасы
Жарнама

Сәби дүниеге келгеннен кейін жасалуы сүннет амалдар көп.

Олардың негізгілері мынау:

а) Сүйінші сұрап құттықтау. Себебі бұл – мұсылманды қуантатын іс. Перзентті болған, яғни әйелі босанған кiсiнiң сүйінші беруi – сүннет. Алла Тағала: «Ей, Зәкария! Расында, сені бір ұл арқылы қуантамыз. Есімі – Яхия. Бұрын оған ешкімді аттас қылмаған едік», – деген. Алла Ибраһимді (аләйһис-сәләм) бастапқыда бір ұлмен қуантқан. Бұл жайында Құран Кәрімде «Оны өте мүләйім бір ұлмен қуанттық» делінген. Яғни бұл жолы Исмағил (аләйһиссәләм) дүниеге келеді. Сонан соң бірер жылдан кейін Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) ұлы Исхақ (аләйһис-сәләм) туылады. Бұл жөнінде де Құранда: «...(Ибраһимнің әйелін) Исхақ және артынан Яғқубпен қуандырдық» деп баяндалады. Перзентті болған адамды көргенде бiр кiсi: «Шабандоз құтты болсын!» – деген екен. Хасан әл-Басри оған: «Атқа шабарын немесе есек мінерiн қайдан білдiң?» – депті. Әлгі адам: «Қалай дегенiмiз дұрыс?» – дейді. Сонда Хасан: «Алланың саған берген сыйы берекелі болсын! Бұл сыйды берген сыйлаушыға шүкірлік ет. Алла саған оның балиғатқа жетіп, жақсылықтарын көруіңді нәсіп етсін», – деп айт!» – деген екен.

ә) Сәбидің құлағына алғашқы естілетін сөз Алланың зікірі болуы үшін сәби туған сәтте оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылуы керек.

б) Әкесі немесе бір игі адамның құрманы шайнап, онымен сәбидің таңдайын сылауы сүннет амалына жатады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабалардың балаларының бірнешеуіне осылай жасаған. Бұл жайлы әл-Бұхари мен Муслимнен және басқа да ғұламалардан риуаят етілген хадистерде баяндалады. Әбу Бәкір әс-Сыддықтың қызы әрi Абдуллаһ ибн Зубайрдың әйелi Әсма Меккеде көтерген баласын һижраттан кейiн Мәдинадағы Құба деген жерде босанады. Баланы Алла елшісіне (с.а.с.) алып келгенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) алдына алып, оның аузына шайнаған құрмасын жағады. Яғни сәбидің ішіне кірген алғашқы ауқаты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сілекейі болды. Сосын құрманы сәбидің қызыл иегiне жағып, оған береке тілейді. Ол – муһажирлер үшін Мәдинада алғаш туылған әрi оларды ерекше қуанышқа бөлеген сәби. Өйткені оларға мүшріктер: «Яһудилер сендерді сиқырлап тастады, енді бала көрмейсіңдер», – дейтін еді.

в) Туылған балаға арнап, оның атынан ақиқа сою (яғни қой сою) ләзім. Бұл көптеген ғұламалардың айтулары бойынша сүннет саналады. Салман ибн Амирден (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Бала туылғанда ақиқа жасап, қан шығарыңдар (қой сойыңдар) және оның шашын алыңдар», – деді», – деген. Ал келесi бiр хадисте: «Әрбір бала ақиқасымен кепілдікте тұрады. Оны жетінші күні сойып, сәбидiң есімi қойылады және шашы алынады», – делінген. Яғни адам баласы ақиқа шалумен, дүние есігін ашқаннан бастап қасында болатын шайтанның кепілдігінен босайды. Алла елшісі (с.а.с.) тағы да: «Ұл балаға арнап екі қой, қыз балаға бір қой (сойылады)», – деген. Себебі яһудилер ұл балаға ақиқа шалып, қыз балаға шалмайтын-ды. Пайғамбар (с.а.с.) оларға ұқсамас үшiн ұл балаға арнап екі, қыз балаға бір қой шалуды бұйырған. Ал ғұламалардың кейбiрi ұлға да, қызға да бір қой сою жеткілікті деген пікірді айтады.

г) Бала туылған күннен бастап жеті күн ішінде оған ат қою керек (әлбетте, бұл жақсы есiм болуы қажет). Ат қоюды жеті күннен кешіктіру абзал істі орындамағандық болып табылады. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Бүгін түнде ұлды болып, оны атам Ибраһимнің есімімен атадым», – деді», – деген. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл ұлы әйелдерінен емес, Ислам дiнiн қабылдаған Мәрия есімді күңінен болатын. Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Аллаға ұнамды есімдердің ең көркемі – Абдуллаһ, АбдурРахман», – деді», – деген. Келесі бір риуаятта оның: «(Балаларыңды) пайғамбарлардың есімдерімен атаңдар», – дегенi айтылған.

д) Сүндетке отырғызу. Баланы сүндетке ертерек отырғызған абзал. Ал көпке дейін кешіктіру мәкруһ.

материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: