Муаз бин Жәбәлдан (р.а.) риуаят етілген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) былай деген:
«Қандай да бір әйел күйеуіне жапа шектірсе, ол еркектің хурилерінің бірі (жұмақтағы әйелі) сол әйелге: Алла сенің жаныңды алсын, ол адамға тиісуші болма. Ол сенің жаныңдағы қонағың, әлі сенен айырылып, бізге қауышады» дейді (Ибн Мәжә, Никах 62).
Хадиске түсініктеме:
Арабша Хуруль-айн сөзі: «Ақ болса, аппақ, қара болса қап-қара», көзді әйелдер деген мағынаға келеді. Жұмақта ер кісілерге берілетін жұмақтық әйелдер. Ол Алланың ер кісілерге деген сыйы. Бұл хадис әйел кісінің күйеуіне жөн-жосықсыз тисуіне жол бермеу мақсатымен айтылған. Егерде күйеуі сараңдық танытып, егер қажетті заттарды алмайтын болса, оның мұндай жағымсыз әрекетінен арылу мақсатында намысына тиерлік сөз айтар болса, онда тұрған ештеңе жоқ. Хуридің: «Ол сенің жанындағы қонағың» деген сөзінің мағынасы ол дүниеде сенің жаныңда уақытша тұрақтайды дегенге келеді. Сондықтан да ол қонақ болып саналады. Сен оның шынайы жұбайы емессің. Оның шынайы әрі нағыз жұбайы жұмақтағы оны күтетін бізбіз. Жақында сенен айырылып бізге келеді.
Демек қор қыздарының мұндай сөзіне ұшырамауы үшін әйел кісілер күйеуіне жапа беруден сақтанғандары жөн. Негізінде адамның адамға жапа беруі Ислам әдебіне жат нәрсе. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз үмбетін мұндай жаман әдеттен сақтандыра отырып былай деген: «Мұсылмандарға жапа бермеңдер, олардың көңілдерін қалдырып қателіктерін бетіне баспаңдар». Адамдарға қиянат жасауды әдетке айналдырған адам қанша жерден діндар болса да ақыретте азапқа ұшырайды. Пайғамбар (с.а.у.) сахабаларға: «Шығынға ұшыраған адамның кім екенін білесіңдер ме?» - деп сұрағанда олар: «Уа, Алланың елшісі! Біздің ойымызша шығынға ұшыраған адам қалтасында бір тиыны жоқ мал-мүлкінің бәрінен жұрдай болған адам» - деп жауап қайырады. Сонда Пайғамбар (с.а.у.): «Нағыз махрұм адам қиямет күні намаз оқыған, ораза тұтқан және зекетін берген адам. Бірақ ол әркімді бір жамандап, әркімді жеңіл жүріспен жүрді деп кінә тағып, мұнысымен ғана қоймай әркімнің мал-мүлкіне қол сұғып, адамдарды мазалап тыныштық бермеген адам. Ол жинаған сауабының барлығын жұрттарға таратып береді. Егерде есепке тартылмай тұрып сауабының барлығы таусылып, олардың күнәларының барлығын мойнына алар болса тозаққа барады» деген. Мұсылманның өзгеге қиянат жасауы қаншалықты күнә екенін өзіңіз ойлай беріңіз. Өйткені, әйел адам алдымен Алла Тағаланың әміріне бас иіуге міндетті болса, екінші кезекте күйеуінің көңілін табуға міндетті.
материал «Әйелдер тұрғысында 40 хадис және әйел әдебі» кітабынан алынды,
ummet.kz