22
Жұма,
Қараша

һижри

Қымбатты қарындасым, жігіттердің мынадай болатынын ескерсеңіз…

Қымбатты қарындасым, жігіттердің мынадай болатынын ескерсеңіз…

Исламдағы отбасы
Жарнама

Қымбатты қарындасым!

Өткен тақырыптан ер адам үшін миссияның, өмірден өз орнын тапқанының қаншалықты маңызды екендігін түсінген боларсыз.  Қазір мұндай ер-азаматтардың қатары көбейіп жатыр. Сымбатты, тәрбиелі, сөйлескенде иіріп әкетеді. Тамсанасың. Бірақ құндылықтары анықталмаған немесе өмірде өз орнын таппаған. Бұл еркек атаулының қатарынан шығып қалады деген сөз емес. Олар да тұлға, олар да адам. Бірге тұрып, баянды ғұмыр кешіп жатқан әйелі бар. Тек жігіттердің мынадай болып келетінін ескерсеңіздер;:

 

1. Өз орнын тапқандар.

2. Өз орнын біледі, бірақ басқа жақта жүр.

3. Өз орнын таппағандар.

 

Біріншісі: өз орнын тапқандар. Бұлардың миссиясы, құндылықтары бекітілген. Өзі үшін не маңызды (приоритет)  екенін анық айта алады. Арман-мақсаттары биік және соған жету жолында әрекет етеді. Миссиясына сәйкес келетін жұмысты түннің бір уағына дейін атқаруға дайын тұрады. Өмірге деген көзқарасы бар. Бағыты белгілі.

Екіншісі: өз орны қайда екенін біледі, бірақ  басқа жақта жүр. Мұндай жігіттің, бұлыңғыр болса да,  миссиясы болады. Өзіне сай құндылықтары да бар. Кім екенін, қай салада мықты екенін біледі. Ол істі жүзеге асыруға қабілеті жеткілікті. Бірақ өзі басқа жақта,  басқа салада жүр. Тіпті жұрт көзінше жетістікке жетіп жүрген адам болуы мүмкін. Көпке сыйлы, айлығы жақсы, үлкен жұмыста істейді делік. Бәрі дұрыс секілді. Алайда,  ол өз ісінен демалмайды. Саласы бөлек, ортасы басқа екенін,  жұмыс істеп жүрген жері құндылықтарына сәйкес келмейтінін де түсінеді. Бірақ белгілі бір себептермен діттеген жеріне жете алмай жүреді.⠀

Үшінші: өз орнын таппағандар. Бұл жігіттер өзіне не керек екенін әлі шешпеген.  Өмірлік мұраты, өзін қайдан көреді, құндылықтары қандай, өзін кім ретінде көретіндігі де анықталмаған. Бұлар екі түрлі болады.

Біріншісі: өз орнын іздеп жүргендер. Олар әр нәрсенің басын шалады. Ақшаға бола түрлі алыс- жақын елдер мен түрлі саланы, небір жұмыс орнын шарлап шығуы мүмкін. Әсіресе, қазір бәріміз куә болып жатқан тенденциялардың бірі шетелге кетуді айтуға болады. Білімін жетілдіру үшін кетіп жатқандардың жағдайы бөлек, ал  «осы мемлекетте жақсы ақша төлейді екен"  деп елге келмей қойып жатқандар бар. Ертең басқа жер көп ақша төлесе,  сол жаққа кете беруі мүмкін. Сол секілді, жұрт егін ексе, егін егіп кететін,  мал бақса, мал бағып кететіндерді мысалға келтіруге болады. Мұндай адамдар жағдайды басқармайды, оларды жағдай басқарады.

Екіншісі:  диваннан тұрмайтындар. Олардың жағдайы белгілі. Қоғамда көп көретін үрдістің бірі. Өзгергісі келмейді, өзін тапқысы да келмеуі мүмкін.

Тұрмысқа шыққан болсаңыз, күйеуіңіздің осы категориялардың қайсысына жататынын анықтай аласыз. Бойжеткен болсаңыз, сізде таңдау бар. Миссиясы бар жігітке тұрмысқа шығасыз ба, әлде әлі өзін таба алмай жүрген жігітке ме? Айтайын дегенім, қалай болғанда да, осы сипатын танығаннан кейін күйеуіңізді өзгертуге тырыспаңыз. Иә, өзгертуге тырыспаңыз. Қалай бар, солай қабылдаңыз.

Қазақта «артық қыламын деп тыртық қылыпты»  деген сөз бар. Сондай болып жүрмесін. «Сонда қалай, диваннан тұрмай жатқанына көнейін бе?»,  «Өмір бойы асырап өтуім керек пе?» деуіңіз мүмкін. Менің айтарым, адам өзгереді, түзеледі, өмірде өз орнын табуы да мүмкін. Мүмкін, бірақ оның жолы басқа. Ол туралы кейінгі кітабымызда айтамыз бұйырса.

материал «Дайындықсыз үйленбе» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: