22
Жұма,
Қараша

һижри

Жар таңдауда әсер ететін 4 адам

Жар таңдауда әсер ететін 4 адам

Исламдағы отбасы
Жарнама

 Жар таңдауда әсер ететін 4 адам:

1. Жігіттің шешім қабылдауы

Отбасы құруда, жар таңдауда ең басты шешім қабылдайтын адам – үйленетін жігіттің шешімі. Себебі ер адам – қазақы ұлттық болмыста жарды таңдауды бірінші болып шешім қабылдайтын адам. Кіммен, қашан үйленетіні жайында сөз қозғап, алғашқы болып болашақ жарға сөз салатын, ойын білдіріп, бірінші қадам жасайтын адам – ер кісі.

Сондықтан алғашқы болып таңдау жасайтын адам ретінде мүмкіндігін қате жібермей дұрыс таңдау жасау әрбір ер азамат үшін аса маңызды қадам болып саналады. Сол үшін де ертеңгі құрылатын шаңырақтың барлық жауапкершілігі алғаш болып асыраушы әрі қорғаушы ретінде еркектен сұралатыны да осы себептен болса керек.

Осындай шешім қабылдайтын әрі бір-ақ рет қателесетін маңызды сәтте ер жігіт үшін қыздың бойында болатын тек қана көзі жақсы көрінген, нәпсісі ұнатқан сыртқы сұлулыққа ғана тән өткінші нәрсеге бой алдырмай ақылмен, достар мен ата-ананың кеңесімен, басқа да отбасы құру мен жар таңдау туралы кеңес беретін мекемелердің көмектеріне жүгіне отырып дұрыс шешім қабылдау аса маңызды болып саналады.

Жігіт қаншалықты өзінің барлық жеке бас әрі отбасылық, рулық ерекшеліктерін ескере отырып оң әрі дұрыс шешім қабылдауға тырысып әрекет етсе, келесі шешім қабылдайтын қыз жақ және екі жақтың ата-анасы үшін де көп мәселенің басы алдын-ала ашылатын болады. Сондықтан «су – басынан тұнады» деген мақалдағыдай, ең басты шешім жігіттің дұрыс қадам жасауынан басталады.

Еркектердің қыз таңдаудағы басты жіберетін қателіктері – түр-тұлғасы, бойының талдырмаш болуы, күлген күлкісі, киіну стилі, отбасылық тегі, құрбыларының алдындағы беделі т.б. Бұлардың барлығы өткінші. Себебі жар болу, өмірге бала әкелу, оны тәрбиелеп адам ретінде қатарға қосу, ата-анамен, туысқандармен дұрыс қарым-қатынаста болу үшін түр мен келбет маңызды рөл ойнамайды. Қанша жерден «әлем сұлуына» үйленгеніңмен достарың үйіңе келгенде дұрыстап дастархан жайып, күтіп ала алмаса, ер жігіт үшін тірідей өлгенмен бірдей.

2. Қыздың шешім қабылдауы

Еркек болашақ жар ретінде үміткерді таңдап, өзінің ойын білдіргеннен кейін, болашақ құрылатын жақсы бір отбасының ең маңызды отанасы ретінде қыздың қабылдайтын шешімі де өте маңызды. Себебі Алла тағаланың адам бойына жаратып қойған бір маңызды динамигі ер адам көбінесе жар таңдағанда көзбен көрген нәрсесін ақылға салуға тырысады, ал әйел адам нәзік жанды болғандықтан көбінесе жақсы, жылы сөздер мен болымсыз ілтипатқа қатты көңіл бөлетіні белгілі.

Сондықтан қыз шешім қабылдаған кезде сезімге, әлсіздікке берілмей, жылы сөздермен бір рет сыйлаған гүлге, бір рет апарған 

мейрамханаға немесе 8 наурызда сыйлаған бір сақинаға бола мәз болып, тез берілмей, ақылмен ойланып, толғанып, жақсы отбасы құрған тәжірибелі достарымен немесе туысқандарымен, тіпті анасымен кеңесе отырып асықпай дұрыс шешім қабылдау аса маңызды.

Себебі адам өмірі дүние мен арзан ойын-сауықтарға сатылмайды. Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Адамның бұл дүниедегі ең басты адамдық қасиеті – адам болып келген соң адам болып өмір сүру. Сондықтан отбасы құру да сол адам болып өмір сүрудің ең маңызды құрамдас бөлігі әрі бірегейі. Сол бірегей асыл қазынамыз болған отбасы құндылығын жас кезде, албырт ақыл тоқтатпаған кезде біреудің арзаны мен жылтырағанына мәз болып, арзан бағаға сатпауымыз керек. Сонымен бірге Алла тағаланың қыз баланың ар-намысын бекерден-бекер «перделеп қоймағанын да» естен шығармауымыз керек.

Сондықтан еркек қанша жерден өзіне қарай шешім қабылдап, сезімін білдіріп, сөз салып, қолынан келген нәрсені жасағанымен, қыздың қабылдайтын шешімі оның талабын кері қайтаруы да мүмкін, болмаса екі жақтың да таңдау деңгейі сәйкес келіп жатса, қыз жақтан да оң шешімін табуы мүмкін. Себебі қыз қанша жерден заман талабына сай бостандығы болғанымен дәстүрден аттап, әдептен озып, қазақы болмыстан алыстап, жігітке бірінші болып сөз салып, үйлену туралы өз ойын айта алмаса да, екінші шешім қабылдаушы ретінде заман талабына сай заң талаптары мен адамдық құқықтарға сүйеніп, өзінің тұлға ретінде ақылы мен біліміне, өмірге деген қалыптасқан дұрыс оң көзқарасы негізінде жігіттің талабына оң немесе теріс шешім қабылдауы – қыздың еркіндегі іс.

Бұл мәселеде еркек қаншалықты маңыз беріп, отыз ойланып, қырық толғанса, қыз бала одан да артық ақыл мен ойланумен шешім қабылдауға міндетті. Себебі қазіргі замандағы қаншама шешуін таба алмай келе жатқан сан соққан арынан айырылған кәрі қыздар, жесір аналар мен тірі жетім балалар т.б. қоғамда күрмеуге келмейтін, шешімі қиын әлеуметтік мәселелердің көбі осы жар таңдауда асығыстықпен, сезімге беріліп, жастықпен қабылдаған қате шешімдердің үлесі басым.

Қыздың жігіт таңдауда көп қателіктері ұзын бойлы, спортпен айналысқан, күші мығым болу, адамдарды өзіне қарататын әзілқой, аты-шулы, ақшалы, малтабар, ойын күлкіге жақын т.б. Тіпті басқаларды иянаттау, басқалармен үнемі керісу, бұлардың барлығы отбасы құрмастан бұрын қызық, маңызды, күлкілі болуы мүмкін. Алайда отбасы құрып, жауапкершілік арқалап, өмірге бала келгеннен кейін отбасында таңдаған жарымыз қаншалықты жақсы отағасы және жақсы әке бола алады, ол басқа мәселе.

3. Жігіттің ата-анасы

Қазақы ұлттық болмысты бәрінен жоғары қойып, өмір сүрудің заңдылықтарын осы ұлттық болмыстарымыздың өлшемі саналатын ұлттық салт-дәстүрлердің төңірегінде ұйымдастырып, соған қарай шешім қабылдайтын біз қазақ халқының жастардың үйленіп, отбасы құруында ата-ананың қабылдайтын шешімі де аса маңызды рөл ойнайды.

Жігіт пен қыз қанша жерден бір-бірін құлай сүйіп, ұнатқанымен, өздеріне қарай шешім қабылдағанымен, ата-аналардың ризалығынсыз отбасы құра алмайтындарын да ұмытпаулары керек. Себебі олар қанша жерден жастар сияқты ойлап, жастардың сезімдерін түсінісе алмаса да, олардың ұлттық, рулық діни әдет-ғұрыптарға сүйенген, әрі өмірлік тәжірибелері бар. Үйленетін жастар ата-ананың өмірлік тәжірибеден алған ақыл кеңестерінен аттап өтіп тек қана жастық сезімге бой алдырып, шешім қабылдаудың соңы үлкен бодау беретін өкініштерге әкелуі мүмкін.

Ата-ана ретінде алғашқы болып жастардың қабылдаған шешіміне баға беріп, олар туралы ой толғап, бас қатыратын, ұлы таңдаған болашақ келінге құда түсу жайында шешім қабылдайтын – жігіттің ата-анасы. Олар жастар сияқты жастық сезімнен туатын ұнату, сүю, жақсы көріп қалу, бір көргеннен ғашық болып қалу сынды сезімінің талаптарына емес, қайта олар нағыз өмірлік тәжірибеден туындаған өздері көзбен көрген, қолмен ұстаған, қиын күндерде бас қатырып, шешімін тапқан өмірлік ұстанымдары мен тәжірибелеріне , одан қалса салт-дәстүр мен діни талаптардан туындаған ұлттық әдеп-ғұрыптарға, ұлттық болмыстың ғасырлар бойы өзгермей сақталып келе жатқан «жеті атадан қыз алмау» сынды заңдылықтарына негізделе отырып шешім қабылдайды. Сол үшін еркектің ата-анасының болашақ отау құратын екі жасты жақсы тануы, олар туралы айналасымен кеңесе отырып дұрыс шешім қабылдауы өте маңызды. Себебі үйленейін деп отырған екі жастың біреуі жиырма жылға жуық өздері бағып-қағып өсірген атпал азамат етіп тәрбиелеген ұлдары болса, ал екіншісі – біреудің алақанына салып, аялап бой жеткізген аққудай таранған бұрымды қызы, отбасыларының ұйтқысы болатын, балаларына жар болатын, немерелеріне ана болып, оларды дұрыс тәрбиелейтін, осы әулеттің ары қарай түтінінің түзу ұшуына себеп болатын, аяғы құтты болатын болашақ өздерінің келіні. Сол себепті еркектің ата-анасына түсетін шешім қабылдау жауапкершілігі де аса салмағы ауыр.

Еркектің ата-анасы баласының талғамына, жасаған таңдауына құрметпен қарай отырып, асықпай, сезімге берілмей ойлана отырып, әсіресе, туыс-туғандарымен, әулеттегі ақсақалдармен ақылдаса отырып, болашақ келіндері жайында ұлдарынан сұрап, ұлының достарынан сұрап немесе қыздың ата-анасын танитын таныс адамдар болса олардан сұрап, болашақ келіндерінің 

шыққан тегі, білімі, отбасы тәрбиесі, рулық салт-дәстүрі, материалдық жағдайы т.б. қарастырып барып шешім қабылдаған дұрыс. Тіпті мүмкін болған жағдайда құдалық айттырмастан бұрын қыздың туысқандарымен мүмкін болғанша кездесіп, танысу мәселеге шешім қабылдауды одан арман жеңілдетеді. Себебі құдалық айттыру, кездесіп кеңесу – барлығы мәселе бітті деген сөз емес. Екі жастың отбасы болуын тек қана заңды неке куәлігі мен діни оқылған неке ғана сипаттай алады.

4. Қыздың ата-анасының шешім қабылдауы

Еркектің ата-анасы жан-жақтылы ойланып, толғанып, бір шешімге келіп құдалық айттыруға келгеннен кейін, бұл мәселе туралы соңғы нүктені қойып, өз шешімдерін айтатын – қыздың ата-анасы.

«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп баққан қызының болашақ кімге жар, қандай әулетке келін болатыны жайында шешім қабылдау қыздың әкесіне де, анасына да қиын тиері белгілі. Сондықтан қыздың әке-шешесі өмірге қызы келген күннен бастап, ерте ме, кеш пе, осы күннің келерін ертеден ойлап, бауыр еті баласы болса да қызын осы жолға ертеден дайындауы керек. Әне, соның арқасында ғана қызының тәрбиесі мен біліміне сай келетін жақсы күйеу бала мен жақсы құда кездестіре алады.

Демек, қанша жерден қыз жат жұрттық болып жаратылғанымен бәрі бір кез келген ата-ананың бауыр еті баласы, сондықтан ертең оның бір шаңырақтың ұйтқысы болып, жақсы отбасы болып кетуі де қыздың ата-анасының қабылдаған шешімдерінің дұрыс-бұрыстығына тікелей байланысты.

Күйеуге бергеннің жөні осы екен деп көлденең көк аттыға, қызымыз ұнатса болды екен деп асығыс шешім қабылдауға да, болмаса таңдап, соңында «тазға» жолығуға да болмайды. Сондықтан қыздың ата-анасы қызы жоғары оқу орнының соңғы курсына келгеннен бастап айналасында жүрген жігіттерге сын көзімен қарап, қызының жүріс-тұрысын жіті қадағалап, кім болашақ күйеу бала болуы мүмкін екенін ерте бастан ойлап, арасында ақпарат жинау да болашақ қызының жақсы отбасы құруы үшін аса маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Сонымен бірге қыз айттырып келіп отырған жігіттің ата-анасының тегі, отбасы құрамы, кезінде ажырасқан, болмаса ажыраспаған, бай, кедей немесе біреудің жалғыз баласы, болмаса бұдан бұрын қыз ұзатқан немесе келін алған ба, алса алған келіні қазір қандай жағдайда т.б. ақпараттармен танысу арқылы ғана шешім қабылдауға болады. Себебі «үй алма, көрші ал» деген бабаларымыздың тәліміне жүгінер болсақ, тіпті ұнамаса ертең сатып жіберетін үйдің өзін алғанда ондағы бірге тұратын көрші маңызды болған. Сол сияқты үйлену сынды адам баласының ең маңызды өмірлік шешімінің басты шешуші факторы ол адам құндылықтарына баса мән берумен ғана дұрыс болады. Адам құндылықтары негізінде құрылмаған отбасы тек қана уақытша жыныстық қажет үшін, аш қарынды тойғызу үшін кафеге барып қайтқан сияқты бос жасалған бір әрекет қана болып саналады... 

материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz 

Бөлісу: