Алла Тағала адамзатты бір-бірлерімен жан-жақты танысулары үшін жаратты: «Бір-бірлеріңді танып білулерің үшін, сендерді халықтар әрі рулар етті» («Хужурат» сүресі: 13).
Адам баласы табиғатынан-ақ көпшілікке үйір болады. Көпшілік арасында адамдармен қарым-қатынасты үйренеді, олардан әсер алуымен қатар оларға да әсер етеді. Көбінесе, адам туысқандарының ықпалына ереді. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Және Ол ұрық суынан адамзатты жаратып, оны (ағайындарына) туыс әрі (жұбайының жұртына) жегжат етті. Раббың сенің - құдіретті» («Фурқан» сүресі: 54).
Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы бір-бірінің әке-шешелері мен туыстарын өз әке-шешесіндей, өз туысындай көрулері қажет. Егер екеуінің біреуі екінші жақтың ата-анасына құрмет көрсетпесе, онда сыңарының жүрегіне пышақ салғандай болады. Сол себептен ерлізайыптылар арасындағы махаббат төсек қатынасымен және жеке қатынастарымен ғана шектелмейді, алайда бір-бірінің ата-анасы мен туыстарына құрмет көрсетулері – шынайы махаббаттың белгісінен болып саналады. Туысқандық байланыстың екі түрі де Құран Кәрімде айтылғандықтан, өз жағына көңіл бөліп, екінші жақтың туыстарын жақтырмайтын болса, Раббыларының алдында зор күнәға ие болады.
Құран Кәрімдегі «Рағыд» сүресінің 20-22 аяттарында Алла Тағала ақыл иелерінің сипаттарын бізге былай деп баяндайды: «...олар өздеріне Алланың байланыстыруға бұйырған (туыстық) қатынастарын сақтайды, Раббыларынан сескенеді және есебіміз ауыр бола ма деп зәрелері қалмайды». Ерлі-зайыптылар бір-бірінің ата-анасына жақын жерде болса хал-жайларын барып біліп отырса, алыста болса телефонмен сұрап отырса, қуаныштары мен қайғыларына ортақтасса, өз араларындағы болмашы қайшылықтарға оларды араластырмаса, олар үшін бұдан артық ізет, бұдан жақсы құрмет болмайды. Осындай қарым-қатынастарымен олар ағайындары мен жегжаттарының арасында қадірлі болады. «Ай бармасаң ағайын жат, жыл бармасаң жегжат жат» демекші ерлі-зайыптылар туыстарға бармайтын болса, олар да келмейтін болса, бір-біріне жат болып, аралары суып кетеді. Ерлі-зайыптылар өз араларындағы болмашы қайшылықтарға ата-аналарын, туыстарын араластырмағаны жөн. Әйтпесе отбасынан береке қашады, тұрақтылығы мен тыныштығы бұзылады, сонда ол екеуі Раббыларының қалауын емес, шайтанның қалауын іске асырған болады. Отбасы әдептілігі бойынша екеуінің айыптары мен қателіктері толығымен өз араларында қалуы қажет. Ал егер екеуінің бірі немесе екеуі де болған нәрселерді өмірге не үшін келгенін, Алла Тағаланың отбасы үшін қойған үкімдерін білмейтін, отбасы өмірінде тәжірибесі жоқ адамдарға ашып, ақыл сұрайтын болса, онда екеуі Алла Тағаланың разылығы үшін емес, нәпсілерінің қалауы үшін қосылғаны. Раббысына жолығуды қалаған ерлі-зайыптылар исламның талаптарынан ешқашан аттамайды: «Олар сендерге – киім, сендер оларға – киімсіңдер» («Бақара» сүресі: 187).
Пайғамбарымыз (алайһи ассолату уа ассалам) былай деген екен: «Шындығында, Қиямет күні Алланың алдында дәрежесі төмен адам, ол - ері әйелімен сырласса, және әйелі ерімен сырласса, кейін екеуінің бірі жұбайының сырын басқаларға таратып қояды». Мұндай қылықтардың кесірінен, араға шайтан араласқан соң, күйеу барлық пәлені әйелінің шешесінен, әйелі болса, барлық пәлені енесінен көріп, бір-бірінің ата-анасына тіл тигізуге дейін баруы мүмкін. Мұнан соң үлкен кісілер де тыныш отыра қоймас, әркім өзінікін өзіне тартып, өзінікін жақтап, кейде араларында өсек өрбіп, ұрыс-керіске ұласқан дұшпандық та басталып жатады. Пайғамбарымыз (алайһи ассолату уа ассалам) былай дейді: «Адамның әке-шешесін қарғауы – үлкен күнәлардың қатарына жатады», сонда оған: «Әй, Алланың елшісі, адам өзінің әке-шешесін қалай қарғай алады?» - делінді, ол: «Ол біреудің әкесін қарғайды, сонда анау мұның әкесін қарғайды. Ол біреудің шешесін қарғайды, сонда анау мұның шешесін қарғайды» - деді. Сол себептен ерлі-зайыптылар мұндай жағымсыз қылықтарға бармаулары керек, өмірлерінің бағытын және отбасына қатысты шешімдерін өзгелердің ықпалына ермей, өздері кеңесіп шешулері талап етіледі. Сонда ғана тұрақтылық пен бақытқа қол жеткізеді, ал енді өздеріне суық қарайтын туыстарымен «келмегенге бар, бермегенге бер, таспен ұрғанды аспен ұр» дегендей, қарым-қатынасты қайта жаңғырту үшін бастаманы өз қолдарына алғаны өте дұрыс.
материал «Отбасы бақытына апаратын отыз жол» кітабынан алынды,
ummet.kz