Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Әкенің алдында борышың болғаны сияқты, перзентіңнің алдында да міндетің бар», - дейді. Әкелік міндеттің ең маңыздысы – перзентіне дұрыс ана таңдау.
«Жігіттің жақсысы нағашыдан» дегендей, зерттеулер баланың ақыл-ойының дамуы мен артықшылықтары ата-текке байланысты екенін алға тартқан. Бала ата-анасынан физиологиялық ерекшеліктерін «мұра» етумен қатар ақыл-ой жағынан да қабілеттерін иемденеді. Психолог мамандар: «Тұқым қуалаушылық пен қоршаған орта – адамның мінез-құлығының қалыптасуында басты рөл атқаратын қос фактор», - деп атап өткен. Шариғатта жар таңдаумен, бала-шағасына ана таңдайтындығы ескертіледі.
Ізгі әйелді қасиетті Құранда: «Алла ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынсұнатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлерінің құқығын аяқасты етпей (ар-ұятын, отбасылық сырын, отбасына тән абырой мен күйеуі тапқан мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар», - деп сипаттайды. Ал, хадисте ер азамат әйелдің төрт қасиетіне мән беретіндігі айтылады. Қазақта жеті ырыс пен жеті байлықтың бірі – ізгі жар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ізгі әйел сипатын: «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі – ізгі әйел», – деп тектен тек айтпаған.
Имам Ғазали әйелдің мінез-құлқына қатысты, нақты айтқанда айттырып келген қыз жөнінде: «Оның діндарлығы, намазына мұқияттылығы, оразасына көңіл бөлуі, ұяты мен тазалығы, сөзінің жақсы-жаманы жайлы, үйінде отыруы, ата-анасымен қарым-қатынасы туралы сұралады. Оған қоса әкесінің мінезі мен діндарлығы, анасының діндарлығы мен жүріс-тұрысы жөнінде сұрап-білген жөн», - дейді.
Әйелдің тегі де маңызды рөл ойнайды. Балаға әкесінің де, анасының да тегінен мінез-құлық пен басқа да қасиеттер дарыйды. Бұл туралы Бұхар жырау: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да – тартпай қоймас негізге», - деп толғаған. Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Тұқымдарыңды себетін жерді таңдаңдар. Тең әйелдерге үйленіңдер әрі қыздарыңды теңіне тұрмысқа беріңдер», - деп ескерткен. Құранда да «әйелдерің егіндіктерің» деп келеді. Осы орайда қазақтың рулық жүйесінің маңыздылығын атап өткен жөн. Салт бойынша руласына үйленуге болмайды. Бұл қан тазалығының, ұлт салауаттылығының басты кепілі. Қан тазалығы баланың физиологиялық және психологиялық дамуына оң әсерін тигізеді. Аталастар арасында некелесу баланың кемтар немесе басқа да науқасқа шалдығуына әкеліп соғады.
Екінші көңіл аударатын қасиеті – көркі. Хакім Абай: «Көріп алсаң көріктіні, таңдап алсаң тектіні» демей ме?! Адамның жаратылысы сұлулыққа, жаны әсемдікке құмар. Жалпы, әр нәрсенің көріктісін іздейміз, әсіресе, ер адам өмірлік жарының ажарлы, дауысы жағымды болуын қалайды.
Жар таңдауда қатысты келген бір хадисте: Әнастың анасы Үмму Сүләймді ұлының болашақ жарын көруге жібергенде Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тірсегіне қара, мойнын иіске», - дейді. Бұл риуаяттан әйелдің дене бітімін тірсегінен және бойында жағымсыз иістің бар-жоғынан байқауға болатынын білеміз. Сонымен бірге әйелдің бет-жүзі – тұла бойының сұлулығын, ал алақаны – аяқ-қолының сымбаттылығын білдіретіні де айтылады.
материал «Әке мектебі» кітабынан алынды,
ummet.kz