Айша (Алла оған разы болсын) анамыз әңгімесінен, мен Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйел кімге көбірек борыштар? – деп сұрадым.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Күйеуіне, – деді.
Мұнан кейін: Ер кісі кімге көбірек борыштар? – деп сұрадым.
Алла Елшісі: Анасына, – деді», – дейді. Әйел – күйеуіне, еркек – анасына борыштар.
Бұл шаңырақ шаттығының негізі. Отбасылық өмірде ата-ананың орнын ұмытпау керек. Ер азаматтың ана алдында өтеусіз парызы бар. Бұл мәлім. Ал енді, қыз неге ақ сүтін берген анасына борыштар емес? Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әкесіне неліктен қарыздар емес?
Қыз – қонақ. Бұл қазақтың сөзі. Қыздың негізгі шаңырағы ұзатылған елі. Келін болып аттаған босағасы. Міне, сол күннен бастап күйеуі оған барлық жағынан қамқор әрі қорғаны болды. Қоштасу қажылығында әзіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдер ақысына қиянат етуде Алладан қорқыңдар! Әйелдер сендерге тәуелді», – дегендей әйелдің құқығын Құран қорғауда. Күйеуі осыншама міндетті иығына арқалағандықтан әйел оған қарыздар һәм борыштар. Сен үшін әйелің әкесін, анасын және бауырларын тастап келді. Сенің шаңырағыңның түтінін түтетуге өмірін арнайды.
Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: «Неке – тәуелділік (әйел күйеуінің ыңғайымен өмір сүреді). Сендер қыздарыңды қайда ұзатып жатқандарыңа қараңдар (яғни мән беріңдер)», – деген екен. Шариғат өлшемі бойынша жақсы еркек әйеліне мен бала-шағасына жақсы қарайтыны.
Мәселенің екінші жағы. Көне көз қариялар: «Әйелдің көркі – тілінің жұмсақтығында, ердің азаматтығы – сөз саптауында» деген екен. Көрікті келіншектің ажарын долылығы қашырады. Сұр жыланның өңін суық етіп тұратын тіліндегі уы емес пе? Сөзінде салмақ жоқ еркектің де қадірі шамалы. Ердің азаматтығын сөзі мен ісі бір жерден шығуымен өлшеуге болады. Жүйелі сөз – жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады. Әйел келін ретінде жұмсақ сөзді болған жөн. Күйеуіне анасының ақ батасын алуға көмектесуі керек. Енесін жақсы көрмесе де, сыйлап құрметтеу міндеті. Ер азаматқа мен немесе анаң деген сияқты қисынсыз таңдау жасатуы көргенсіздік болмақ. Жақсы сөз – садақа.
Құран Кәрімде: «...Сондай-ақ, олармен жақсы қарым-қатынас жасаңдар...», – делінген. Әрине, әйелдің көңілін жадырататын сөз айту – жақсылық. Әсілі, жақсы сөзбен дүние қазынасына ие боласың. Адамдарды бақытты етіп, Жаратқаның разылығына бөленесің. Жақсы сөзді жаныңа жолдас ет. Оның пайдасын бірінші өзің көресің. Құран Кәрімде: «Алланың жақсы сөзді қалай мысал етіп келтіргенін көрмедің бе? Жақсы сөз жақсы ағаш секілді, оның тамыры мықты, бұтағы аспанда. Ол Раббысының рұқсатымен жемісін әрдайым беріп тұрады. Алла мысалдарды адамдар ескеріп, ғибрат алудары үшін келтіреді», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша (Алла оған разы болсын) анамызды: Аиш, – деп еркелетіп шақыратын. Әйелді бастан дегендей бірінші күннен жақсы сөзді әдет етіңдер.
Хадисте: «Жақсы сөз – садақа», – делінген. Ерлі-зайыптылар көзден оқу тілін, дыбыс ырғағы және жүзіне қарап ұғысуды білсе, көптеген мәселелер өз-өзінен шешімін табар еді. Біреу келіншегімен сөзге келіп қалған көрінеді. Кенет әйелі бұртиып, киім-кешегін шабаданға сала бастапты. Мұны көрген күйеуі түк болмағандай ананы-мынаны айтып, жүзіне күлкі жүгіріп: «Әй, мынауың не?» – депті. Жаздық киім-кешектерді сандыққа жинап, қысқы киімдерді шығарып жатырмын! – депті әйелі. Міне, жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше деген осы. Жақсының қайтуы тез. Жаман әйелдің ашуы апталап қайта алмай жүреді.
Он пәленің тоғызы тілден. Тілін тиған мың пәледен құтылады. Ер азаматтар ашуын ақылмен жеңе білсе... Әйелдер де тіліне аз болса да сақ болса. Ең бастысы осы. Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырлайды. Бірақ ә дегенде талақ деп тақылдап тұратын шаңырақтан құт қашады. Аға буынның ақылы да маңызды.
Мынадай бір қисса бар. Бағзы бір заманда жас жігіт үйленген көрінеді. Жігіт ағасына келіншегін өте инабатты, тәрбиелі деп мақтап, қуанышымен бөліседі. Құтты болсын айтып, жастарды үлкен ағасы үйіне қонаққа шақырады. Үлкен ас желініп болған соң, отағасы әйеліне: «Әлігі, қарбызды алып келші, – дейді. Әйел әкелген қарбызды жігіттің ағасы ұната қоймайды: «Піспеген бе, қалай өзі... Басқасын алып кел», – дейді. Осылайша, бірнеше рет қайта жұмсайды. Әйелі ләм-мим демей басқасын алып келе береді. Ақыры «Ә, осынысы дұрыстау екен», – деп қарбызды кеседі. Жігіт бірер күннен кейін ағасы мен жеңгесін кешкі асқа үйіне шақырады. Дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып, тамақтанады. Ас табақ алынған соң келіншегіне: «Қарбыз алып кел», – дейді жігіт. Келіншегі алып келген қарбызды ары-бері көріп, басқасын алып кел, – дейді. Үшінші қарбызды алып келгенде жігіт тағы басқасын демек болып жатқанда келіншегі шамалы тістеніп, қонақтарға байқатпағандай болып «бар-жоғы үш қарбыз алып келдіңіз!», – дейді. Қысылып қалған жігіт: «Осы дұрыстау екен», – деп кесіп жатты. Дастарқанға бата жасап ағасы мен жеңешесі алғысын білдірді. Үйінен шығарып салып жатып: «Аға, дастарқан басында аздап ыңғайсыз жағдай болды», – деп келіншегінің қылығына кешірім сұрағандай болды. Ағасы да «Жә, жарайды... Кеше жеңешең бір қарбызды он рет дастарқанға алып келіп, алып кетті», – дейді. Отағасын құрметтеу, әйелдің шаңырақтың жылуын сақтауы аса маңызды екенін түсіндіреді. Міне сондықтан, жас жұбайлар біршама отбасылық өмірдің ащы-тұщысын көрген аға буынның да ақыл кеңесін тыңдап жүрсе екен.
материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,
ummet.kz