Үйге керек-жарақ алуға деп ақша сұрасам, неге ашуың мұрныңның ұшында тұрады?! Ашуға мініп, көзің аларып шыға келесің. Ақшаны шаша берме! Оңды-солда жұмсауыңды доғар! – деп айқайға саласың. Ақша сұрасам, үйге азық-түлік алуға сұраймын. Қала берсе, жеке қажеттілігім үшін қаражат бөлуің менің құқығым. Бұл Алла берген құқық.
Ақшаны бала-шағаның киім-кешегіне, үйдің ұсақ-түйегіне жұмсаймын. Өзің азық-түлік әкелмейсің. Судың да сұрауы бар екенін білемін. Рас, сен ақша табасың. Мейлінше үнемдеп жұмсауға тырысамын. Алайда арзанның сапасы нашар болады, – дейді әйелдер. Еркектің көзінде тірнектеп жинаған қаражатты әйел оңды-солды шашып жатқандай көрінеді. Алайда мына насихатты ұмытпа.
Хадисте: «Құдай жолында жұмсалатын динар (теңге) бар. Құлды азат ету үшін жұмсалатын динар бар. Мұқтажға садақа етілетін динар бар. Бала-шағаңа жұмсалатын динар бар. Мұның ең сауаптысы бала-шағаңа жұмсағаның», – делінген. Балаларың жақсы киінсін дейсің. Жылы үйде өмір сүруін қалайсың. Көкөніс пен жеміс, қантмай дастарқанда тұрса дейсің. Мұның барлығына қаражат қажет. Әрі, әйелің мен бала-шағаңа жұмсаған ақшаң үшін сауап жазылады. Мынадай бір әңгіме бар. Өте сараң кісі екен. Жұмыс бабымен сапарлатып кетеді. Бала-шағасына ешбір қаражат қалдырмайды. Жұбайына:
– Қымбаттым! Бұл айдағы жалақымды бір жағдайға байланысты жібере алмай тұрмын. Есесіне одан да жақсысын жолдаймын. Саған мың жүрекше жібердім, – деп жазады. Ерлі- зайыптылар арасында сүйіспеншілік пен мейірім болғаны тамаша. Алайда белгілі дәрежеде ақшаның да қажеттілігі бар. Әйелі:
– Отағасы! Сүйіспеншілігіңмен бірге шамалы қаражатты да салып жібер, – деп сәлемдеме жолдаған екен. Әрине, ақша табу оңай емес. Оны жұмсауда да шеберлік керек. Келесі айға ешбір қиыншылық сезбей жетудің жолын қарастыру маңызды. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай дегендей.
Хадисте: «Үнемшілік еткен қиыншылық көрмейді», – делінген. Отбасылық бюджетті жұмсауда сараңдық шешім емес. Ысырыпшылдық та дұрыс емес. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Бірнеше күндік қаражатты бір күнде жұмсап жіберетін отбасын мен жақтырмаймын», – деген екен. Сараң бір қазан ет асыпты. Әйелімен дастарқан басына жайғасып отырып:
– Дастарқан керемет болып тұр. Тек адамның көптігі болмаса, – дейді. Әйелі:
– Көп кісіні қайдан көріп тұрсың? Екеуімізақ отырған жоқпыз ба? – десе керек. Сараң:
– Қазан екеуіміз ғана отырсақ деп едім, – деген екен. Бала-шағасына сараңдық ету сұмдық емес пе?! Тірісінде бала-шағасына жарытып бермей, өлген соң ұлқызы жиған-тергеніне шалқып өмір сүруі кісінің ақымақтығы емес пе? Бір сараң байды білемін. Әйеліне ақшаны санап беретін. Өзінше үнемдеген түрі. Әйелі мұғалім бауырынан қарызға ақша алуға мәжбүр болатын. Күйеуі қайтыс болғанда байлығы миллонға жететіні анықталған екен. Құдайдың берген байлығын балашағасына қимай ақыретке аттанды. Отбасына қимаған дүниені қабірге де алып кете алмасы ақиқат. Ақыретте дүниең алдыңнан шықсын десең, осы дүниеде игілікке жұмса. Сонда қарсы алдыңнан сауап боп күтіп алады. Ал сауаптың үлкені бала-шаға игілігіне жұмсау. Шариғат бойынша, әйелдің күнделікті тұтынатын барлық затын алып беру еркектің мойнындағы қарызы. Жағдайына жараса жайлы үй, дұрыс киім-кешек дегендей. Күнделікті азық-түлігі, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмегі.
Риуаятта: «Кісіге бала-шағасын қараусыз қалдыру күнә ретінде жеткілікті», – деген. Әрине, мұның барлығы ер азаматтың табысына қарай жасалады. Ер кісіден табысынан артық дүние талап етілмейді. Шамасы келген үй сатып алады. Шамасы жетпесе әйелі мен бала-шағасына жайлы пәтер жалдайды. Азық-түлік пен киім-кешек те әлеуметтік мүмкіндігі шеңберінде болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жомарт – Аллаға жақын. Адамдарға жақын. Жәннатқа жақын, тозақтан алыс. Сараң – Алладан алыс. Адамдардан алыс. Жәннаттан алыс, тозаққа жақын. Білімсіз жомарт Алла құзырында ғибадатшыл сараңнан қайырлы. Ең үлкен дерт – сараңдық», – деген. Күйеуіңнің бұл әрекетін ақтап алатын мың бір себеп ізде. Таба алмайтын болсаң, оңтайлы сәтте оған ішіңдегі ойыңды айт. Мейлінше жұмсақ сөзбен жеткіз. Оған отағасы ретіндегі жауапкершілігін есіне сал. Ер азаматтың ең жақсы ісі – отбасын ешнәрсеге мұқтаж болмайтындай қамтамасыз ету. Хадисте: «Садақаның ең қайырлысы – сені ешкімге мұқтаж етпейтіндей күйде болуың. Беретін қол алатын қолдан жоғары. Саған мұқтаж адамдардан бастап бер. Әйелің: – Мені қамтамасыз ет, әйтпесе талақ бер, – дейді. Бала-шағаң болса: – Бізді кімге тастап кеттің, – дейді», – делінген. Үнемшілдік пен сараңдықты шатастырып алмау қажет. Бұл екеуі сырттай бір-біріне қатты ұқсайды. Ысырап пен жомарттық та дәл солай.
Әйелі қымбат киім-кешек және тағысын тағы дүниелерді талап етіп күйеуін қарызға белшесінен кіргізбесін. Ең жаманы ұрлық жасауға итермелемесін. Бүгінгі күннің тілімен айтқанда парақорлық, ұрлық жолына. Қанағатсыз әйел күйеуін тығырыққа тіреу арқылы отбасының жағдайын нашарлатып жібереді. Бұрынғы әйелдер: «Алладан қорық. Арам табыстан сақ бол. Біз аштыққа да, қиыншылыққа да шыдаймыз. Бірақ ертеңгі күні тозақ отына төзе алмаймыз», – деп күйеуін жұмысқа шығарып салады екен. Күйеуім сараң. Бұл дәулетті әйелдің сөзі. Отбасылық шығыс қаражатына немқұрайлы қарайды. Қажетті қаражатты бермейді, – дейді. Бұл әйелдің төркіні бай. Қыз күнінен ақшаны емін-еркін жұмсауға үйренген. Үнемшілдік дегенді білмейді. Сондықтан күйеуінің үнемшілдігін сараңдық деп таниды. Қанағат – таусылмас қазына. Нағыз байлық – дүние емес, жанның қанағаты. Жұртпен байлықта жарыспа. Бұл жалғанда мал-дүниеге тойған адам жоқ. Байлық – берекетте. Шүкіршілікте.
Құран Кәрімде: «...Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін...», – дейді. Қолда барға шүкіршілік ету нығметтің молаюйына себеп. Құрбыларымен бәсекеге түсетін әйелдер бар. Құрбысының жаңа көйлегін немесе сырғасын көрсе, күйеуінің мазасын ала бастайды. Бұл бір аурудың түрі сияқты. Ішкі кедейліктің белгісі тәрізді. Көрсе қызарлық ететін әйелдің мақсаты не? Күйеуін қарыздың астына көміп тастау ма? Ағайынға да, досқа да қарыз етіп абыройынан айыру ма?!
материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,
ummet.kz