11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Баланы жазалау түрі қандай болуы керек?

Баланы жазалау түрі қандай болуы керек?

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Баланы ұрып-соғу – ата-ананың бала тілін табудағы осалдығының белгісі. Соғылған шапалақ ата-ананың балаға шектеулер мен тиымдарды толық жеткізе алмауының нәтижесі» (Кристина Брунет)

Жазалау – жағымсыз мінез-құлқы мен іс-әрекетінің теріс екендігін балаға үғындыру және істеген теріс ісіне қынжылту. Ата-ана үйдегі жазалау әдісіне өте сақтықпен қарауы тиіс.

Оған қойылатын талаптар:

• жазаны талап қою әдісімен ұштастыру;

• жазаның кек алу, баланың жеке басының адамгершілік қасиетін кеміту, намысын қорлау, жәбірлеу түрінде болмауы;

• жазаның әділдігі, әділетсіз жаза балаларды жанұясынан алыстатып, ұжымнан бөлектенуіне әкеліп соғады;

• жаза қолдануда әдепті сақтау.

Жазаның түрлері баланың жас және дара ерекшеліктеріне сай болып, тәрбиенің басқа тәсілдерімен байланысты болуы шарт. Жазалаудың түрлері: ескерту, сөгіс, т.б.

Жақсы көру арқылы тәртіпке көндіру

Бала сіз үшін әлемдегі бәрінен де қымбат. Алайда, кейде айтқаныңызды тыңдамай, қой десеңіз де қоймай, қырсығып жүйкеңізді жұқартатыны да шындық. Бұндайда не істейсіз? Әрине, сіз оны ұрсасыз, ұрасыз, жақсылап тұрып шықпыртасыз. Алайда, бұндай қимылдарға жиі барушылық бала жүрегінде кетпес дық қалдырады. Бірте-бірте өзіңізге өшігіп, не айтсаңыз да әдейі керісінше істейтін болады. Ал, бұндай жағдайда не істейсіз? Сіз еш жақсы көру арқылы оны тәртіпке үйретіп көрдіңіз бе? Бұл қалай деп таңырқап отырған боларсыз. Иә, махаббаттан асқан сиқырлы күш жоқ. Бұл тәсілді жүзеге асыру үшін осы мәселе төңірегінде жазылған көп кітаптың ішіндегі ең бір таңдаулысы Фитжа Додсонның «Жақсы көру арқылы тәрбиеге көндіру» деп аталатын кітабын тауып алып, оқып шықсаңыз жеткілікті. Біз қазір алдарыңызға аталмыш кітаптың «Сыйлық беру тәсілі» бөлімін ұсынып отырмыз. Осы кітаптың арқасында туғаннан 21 жасқа келгенге дейін балаңызға «Жақсы көру арқылы тәртіп» әдісін қолдана аласыз.

Сыйлық беру жүйесі

Балаңызды жақсы қылықтарға үйретудің ең бір жақсы әдісі – «Позитивті сыйлық ұсыну». Ата-аналар бұл тәсілдің пайдасын әлі жақсы түсіне қоймағандықтан, өте аз қолдануда. Ал, енді осы тәсілді аңдарға қолданғанда берген оңды нәтиже туралы әңгімеге құлақ түріп көрейік. Бұрынырақта Лос-Анджелес маңында «Жапон хайуанат бақшасы» деп аталатын парк бар болатын. Осы парктың қызметкерлерінен Аң психологы Др. Леон Смит Жапонияның Хоккайдо аралынан әкелінген жабайы аюларға баскетбол ойнауды үйреткен екен. Аралдан жаңа әкелінген жабайы аюлар алғашында баскетбол жайлы ештеңе де білмеген. Др. Смит аюларды тәрбиелеу үшін ата-аналар секілді айғайлап ұрып-соқты ғой дейсіз бе? Жоқ. Онда не істеді дейсіз ғой? Бар болғаны оларға «позитивті» сыйлық ұсынып отырған. Тәсілді былай жүзеге асырыпты. Аюларды баскетбол алаңына жақындату үшін солай қарай аяқ басқан әрбір аюды бір жапырақ кішкене етпен дәніктіріп отырыпты. Алайда, аю басқа жаққа кетіп қалса, жаза ретінде бар болғаны «сыйлығын» бермей қоятын болған. Др. Смит бұл әрекетін бар аю баскетбол алаңына толық жиналғанға дейін үзбей бірнеше күн бойы жалғастырады. Бар аю әбден жиналуды үйреніп болды-ау, деген кезде енді олардың допқа жақындап, ұстағандарына, кәрзеңкеге лақтырғандарына бір жапырақ «сыйлықтарын» ұсына бастайды. Қарап отырсаңыз, бұлардың ешқайсысы да «ә» дегеннен бір ғана сабақтан жүзеге аспаған. Қаншама маңдай термен сабақтарын аяқтағаннан кейін Др.Смит ортаға бір доп лақтырса аюлардың бәрі жарыса жүгіріп, кәрзеңкеге дәл түсіруге тырысып бар күштерін салатындықтарын көрген. Бұл жерде мәселе, әрине, аюда емес, ата-аналарға осы қарапайым мысал арқылы бірдеңе ұқтырмақ болғандығымызда. Соңында өз айтқанын істету үшін жабайы аюлардың әрбір тосын әрекетіне көнген Др. Смиттің оларға бір жапырақ ет сыйлау арқылы бірте-бірте дегеніне көндіруі, біз үшін істің астарындағы үлкен мәнжайды ұқтырса керек. Ендеше, «Позитивті сыйлық ұсыну» тәсілді қорытындылай келгенде, ол – баланың жақсы қылығы үшін оған кішігірім сыйлық беруіңіз. Бұл тәсіл ол жақсы қылықтың бала бойында орнығып қалуы үшін көп көмегін тигізеді.

Тағы бір мысал:

Алтын іздеу

Кезінде Андрей Карнеги Американың ең бай адамы болған. Швецариядан бала кезінде Америкаға келген ол алғашында кісі күлерлік ұсақ-түйек жұмыстармен айналысқан. Кейіннен бүлдірген сатумен айналысып байығанда оның қол астында миллионер жұмыс істепті. Әрине, ол кезде «миллионер» деген ұғымның өзі кең тарай қоймағандықтан, ол кездің бір миллионері бүгінгі жиырма шақты миллионерге тең болған.

Бір тілші Карнегиден: – Соншама миллионерді қалай жұмысқа қабылдап, олармен қалай жұмыс істедіңіз? – деп сұрағанда, Карнеги олардың ешқайсысының да алғаш жұмысқа келгенде миллионер болмағандығын ондай дәрежеге өз маңдай терлерінің арқасында жеткендіктерін айтқан.

Тілшінің тағы да: – Сіз қалай ол кісілерді көп ақша беруге алаңсыз сенетіндей дәрежеге жеткіздіңіз? – деген сұрағына ол кісі адамдардың жерасты пайдалы қазбалар секілді екендігін, алтынның да бірден таза күйде табылмайтындығын, оны саф күйіне алып шығу үшін бар кір-топырақтан тазартып, көп еңбек сіңіру керек екендігімен байланыстырып түсіндірген екен..

Бұл мысалдың да ата-аналар үшін берері мол. Топырақтың таза еместігіне қарап, ішіндегі алтынды сыртқа шығармай қоюға болмайды ғой, дәл сол секілді баланың да болмашы жаман қылықтарына, тентектігіне, нашар бет-әлпетіне, келіспеген дене бітіміне қарамаңыз, қайта оның бойындағы жақсы қасиеттерін көре біліңіз. Сол қасиеттерді барынша алтын аршығандай ғып ашып, тереңдетіңіз, жетілдіріңіз.

Балаға сыйлықты тек жақсы қылықтары үшін ғана беру керек. Неге десеңіз, көп ата-аналар байқамастан жаман қылықтары үшін де оны мақтап жатады. Үйге келген қонаққа тіл тигіздіріп баласын арқаға қағып мәз болатын немесе төбелесіп қалса, біреудің баласының мұрнын бұзып қайтқан баласын жер-көкке тигізбей мақтап ала жөнелетін әкелерді де көрген боларсыз.

Өкінішке орай, баласының жаман қылықтарына сүйсінетін ата-аналар да баршылық. Миллиондаған ата-ана білместен балаларын жаман адам болуға үйретуде. Көп балалар ата-анасына жағымды қылық істеген кезінде сыйлыққа ие бола ма? Жоқ! Онсыз да солай болуы керек болатын деп ойлап, ештеңе де айтпастан үндемей қоя салады. Бұл жерде біз байқамай отырған бір тұс жағымды қылығына жарасымды сыйлық көрмеген баланың «Оларға бәрібір» деп, ол қылығын қайталауға құлшынбауы. Яғни, біздің баланы соған бағыттауымыз. Ал енді, біз соның теріс жағын ойлап көрейікші: Бала жақсы қылық жасаудың орнына жолдасын ұрады, тамағын әдейі жерге төгеді, қыз бауырын жәбірлейді, шешесінің сөмкесінен ақша ұрлайды, еш бағынбайды. Қысқаша айтқанда, жасамауы керек жүздеген қылықтың біразын жасайды. Бұның соңында не болады? Оң қылығын елемеген әке-шешесі, баласы теріс қылық істеген кезде бар назарын баласына аударады. Баласын ұрсып, тіпті ұруға дейін барады.

Ата-аналардың бұл әрекетін мен «Еріген шоколад заңдылығына қарсы тұру» деп атаймын. Егер екеуінің арасында таңдау берілсе, бала, әрине, ерімеген шоколадты таңдары сөзсіз. Алайда, ерімеген шоколад жоқ болса, «жоқтан гөрі жоғары» деп, бала еріген шоколадты алатындығы белгілі. Яғни, дәл осы секілді ата-анасының көзге тіптен ілмей қойғандығына наразы болған баласы, «жоқтан гөрі жоғарыға басып» тым болмаса әке-шешесінің көңілін өзіне аудару үшін ұрысын естуге разы болатындығы анық. Әр бала үшін қандай да болсын, әйтеуір, назарға ілігу, көзге түсу өте маңызды. Ата-ананың ашуы балаға сыйлық әсерін қалдырады. Сондықтан, қаламаса да бауырын жәбірлеуді, достарымен төбелесуді, ақша ұрлауды және тағы сол сияқты жасамауы керекті көп нәрсені үйренеді.

Нәтижеде, көптеген ата-аналар балаларына үйреткісі келген қылықтардың терісін үйретеді. Сыйлық бермеу арқылы баланың жақсы қылығын жасырып, жазалау арқылы, керісінше, жаман қылықтарын ашады. Басқа ата-аналардың жасаған қателіктерін жасамау үшін біз не істеуіміз керек? Ол үшін еңбектеген жастан ересек болғанға дейін қолданатын сыйлық беру жүйесін дамытуымыз керек.

Баланы жақсы қылықтары үшін қашан да бетінен сүйіп, айтқанын әперіп, мақтап, тіпті сыйлық та берудің орны бөлек. Бала сонда ғана ол қылығының дұрыс екенін түсініп, тағы да қайталап, әке-шешесін қуантуға, сыйлық алуға ұмтылады. Әрине, оның әр жақсы қылығы үшін жүгіріп дүкенге барып, сыйлық әпере беруге қалтаңыз да көтермес, дегенмен, міндетті түрде, сыйлық болмағанмен, бір жылы қабақ пен бір жылы сөзді аямаған жөн. Бала жақсы қылық істесе, үндемей қоя салып, оның жаман қылықтарында ғана ұрсып ала жөнелу дұрыс емес.

Менің балам сәл ересек тартып қалды, енді не істесем болар екен деп те іштей ойлап отырған боларсыз. Қорықпаңыз, «игіліктің ерте кеші жоқ» демей ме, тәрбиеге де ешқашан кеш болмайтындығын естен шығарып алмаңыз. Бірақ, әрине, тәрбиенің іргетасы ерте жастан қаланары сөзсіз. Дегенмен, 8 жасар балаңызға сыйлық беру тәсілін алғаш рет қолданбақ болдыңыз.

материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: