14
Сенбі,
Маусым

һижри

Балалардың имани сұрақтарына қалай жауап береміз?

Балалардың имани сұрақтарына қалай жауап береміз?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бала бұл әлемге жаңадан келген жаратылыс. Ол логикалық, әрі қарапайым сұрақтар қою арқылы бұл әлемді зерттеуге тырысады. Сол алуан түрлі сұрақтардың кейбірі иман мен Алланың затына қатысты болып келеді. Ал ата-аналар балаларының жүрегіне иман ұялату үшін осы екі сұраққа жете мән беріп, қанағатты түрде жауап беруі керек. Ата-аналар балаларының жас кезіндегі ең сенімді ақпарат көзі болып табылады.

Үлкен қателіктердің бірі: балаңыздың қойған сұрақтарына немқұрайлы қарау немесе оларға назар аудармау. Бұл оның өзін ата-анасы құзырында төмен бағалайтынын сезінуіне алып келеді. Солайша ол басқалардан өз сұрақтарына нақты шындыққа сай келмейтін немесе онымен ақылдасып болмайтын интернеттегі виртуалды пайымдардан жауап іздеуі мүмкін. Мұның соңы келеңсіз жағдайларға жетелейді!

БАЛАҢЫЗДЫҢ «АЛЛА КІМ?» ДЕГЕН СҰРАҒЫНА ЖАУАП БЕРУ:

Кейде балаңыз сізден: «Алла кім?» - деп сұрайды. Дұрыс жауап: Оған Алланың жаратылыстарын, оның ғаламдағы сипаттарын және құдіретін жекелей айтып беру. Мысалға: «Ол Алла көктерді, жерді, ағаштар мен өзендерді жаратты және сендер жақсы көретін дәмді жемістерді де жаратты. Сенің нұрлы көздеріңді, жұмсақ қолдарыңды және аяқтарыңды жаратқан. Сондай-ақ Ол бізге барлық нығметтерді берген және т.б.» - деп айтуыңыз.

БАЛАҢЫЗ «АЛЛА БІЗ СЕКІЛДІ МЕ?» ДЕП СҰРАСА:

Егер балаңыз: «Алла бізге ұқсайды ма?» - деп сұраса: «Алла Тағала жаратылыстарының ешқайсысына ұқсамайды. Ол – Жаратушы. Ал Жаратушы Өз жаратылысына ұқсамайды. Пенде бұл дүниеде Алланы көре алмайды, бірақ Алланы Жәннатта тек мүмін ғана көреді» - деңіз. Ол осы жауабыңыздың нәтижесінде Жәннатқа да ұмтылыс алады.

БАЛАҢЫЗ «АЛЛАНЫ КІМ ЖАРАТТЫ?» ДЕП СҰРАСА:

Кейбір балалар: «Алланы кім жаратты?» - деп сұрайды. Жауабы: «Бұл сұрақ түбегейлі қате. Өйткені Алла Тағала Жаратушы, жаратылған емес. Ал ғаламдағы барлығы жаратылған нәрсе, Жаратушы емес. Сіз: «Балам сен адам жарата аласың ба?» - десеңіз, ол: «Жоқ» - дейді. Сіз: «Олай болса сен жаралғансың, Жаратушы емес. Ал Алла Тағала барлық (мүмкін) нәрсені Жаратушы»» - деп түсіндіріңіз.

«АЛЛА АШ ҚАЛЫП НЕМЕСЕ ШӨЛДЕЙДІ МЕ?»:

Кішкентайыңыз сізден: «Алла аш қалып немесе шөлдейді ме?» - деп сұрайды. Ендеше оған: «Уа, балам, аштық пен шөлдеу адамның мұқтаждығы мен әлсіздігінің дәлелі, бірақ Алла Тағала еш нәрсеге мұқтаж емес. Ол бай және құдіретті. Ол кемелдік пен ұлылық сипаттарына ие. Керісінше Ол бізді тамақтандырады және бізге ризық береді» - деп айтыңыз.

БАЛАҢЫЗ «АЛЛАНЫҢ АТААНАСЫ БАР МА?» ДЕП СҰРАСА:

Кейде балаңыз: «Алланың әкесі мен анасы бар ма?» - деп сұрақ қоюы мүмкін. Оған:«Алла Тағала барлық нәрсенің Жаратушысы, Ол бәрінен бұрын бар, Оның әкесі де, анасы да, әйелі де, баласы да жоқ» - деп жауап беріңіз.

Соңында: Алла Тағаланың бізге ұқсамайтынын, ешнәрсеге ұқсамайтынын балалардың санасына сіңіруіңіз керек. Өйткені олардың жүрегінде бұл идея орныққан кезде ондағы мұндай сұрақтарға жоғарыда келген сөздермен жауап беру оңай болады. Олардың сұрақтарына аса мән беріп, қызығушылықпен қарап, түсінігіне сай қарапайым әрі дәлелді түрде жауап беріп жүріңіз.

материал «Балалардың имани сұрақтары» кітабынан алынды,

ummet.kz 


Бөлісу: