29
Жұма,
Наурыз

һижри

Құран мен Пайғамбар сөзінің айырмашылығы

Құран мен Пайғамбар сөзінің айырмашылығы

Иман келтіру

Құран – хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) өз сөзі де бола алмақ емес. Құран сөзі басқа, әз Пайғамбардың сөз стилі мүлдем басқа. Сөз өнерін жақсы білетін адамға екі ақынның өлеңін яки екі жазушының сөйлемін араластырып оқысаңыз, әрбірі бөлек-бөлек туынды екенін дереу байқайды. Өйткені, әрбірінің өзіндік стилі бар.

Құран мен хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) сөзінің стилі де дәл осындай бөлекше. Араб тілін терең білген ғалымды былай қойғанда, араб тілін білетін жай кісінің өзі аят пен хадисті ажырата алады. Арабтар хазіреті Елшінің (с.а.с.) сөздерін жай өздерінің сөздері секілді айқын айыра білетін. Ал, Құран оқылғанда демдерін іштеріне тартып, үнсіз, қайран қала тыңдаған. Сын айтар сөз таппаған. Оның сөз өнері тұрғысынан күллі араб шайырларынан үстем, адамның қолынан келмес даралығын жақсы білген. Сондықтан да, Әбу Жаһил тәрізді Меккенің басшылары күндіз Құранға қарсы шығып, дауласқанмен түнде Құран оқылған үй сыртын жағалап, оны тыңдаған. Егер Құран әз Пайғамбардың өз сөзі болса, өлеңдері Қағбаның қабырғасына ілінген атақты шайырлар онымен қарсыласып жатпай-ақ, қолма-қол дәлелдеп берер еді. Алайда ешбір ақынның Құранға қарсы сын айтпағанына тарих куә.

Бірде сол заманның аса бай, араб әдебиетін терең білетін Утбә ибн Рәбиға Алла Елшісін әкелген дінінен бас тарқызбақ болып, оны әңгімеге тартып, әкесінің пұттарға табынғанын айтып, пұтқа табынушылықтың дұрыстығын дәлелдемек болады. Әз Пайғамбар оны тыңдап болады да: «Айтып біттің бе?»,– дейді. Ол: «Иә»,–деп жауап қатқанда ақиық Елші тізе бүгіп отырып, «Фұссилат» сүресін оқи бастайды. «Олар бет бұрса:«Сендерге Ғад, Сәмүд елінің басына келген нажағайдай апатты ескертемін» аятына келгенде денесі қалтырап, қолымен Алла Елшісінің аузын басып: «Тоқтат, Мұхаммед! Иланған Алланың үшін тоқтат!»,–деп орнынан тұрып кетіп қалады. Артынша Әбу Жәһилмен кездескен ол: «Мұхаммедтің оқығаны маған қатты әсер етті. Өйткені, оқығаны өлеңге мүлдем ұқсамайды. Ол сөзсіз өлең емес. Сиқыршының сөзіне де келмейді. Не дерімді білмей тұрмын. Ол һәм тура сөзді адам ғой. Оның оқығандарын тыңдап отырып, Ғад, Сәмүд халқының басына келгендері біздің де басымызға келе ме деп қатты қорықтым»,– дейді.

Әрі хадистерге түгел зер салып қарасаңыз одан Ұлы Жаратушының алдында өзін құл сезініп, терең тағзым еткен кісінің іс – әрекеті сезілгенін байқайсыз. Мысалы: «Аллам, күш – қуатым болмай әлсіздік танытқан-дығымды ел ішінде қор саналғанымды айтып мен Саған мұң шағамын. Иә-ә, Әрхамар-рахимин! Сен қор болып, төмен саналған бейшаралардың Раббысысың. Менің де Раббымсың. Мені кімге тастайсың? Сөзі мен ісі жаман әлдекімдерге ме, яки жүктелген ісіме киліккен дұшпандарға ма? Егер маған деген ашуың болмаса, онда шеккен жапа, көрген қиыншылықтарым мен үшін түк емес. Бірақ қашанда аса кең рақымдылығыңды қалаймын. Аллам, ашуыңа ұшырағаннан немесе разы болмауыңа душар болудан, Сенің сол бір қараңғылықты жап-жарық етіп жарқыратып, дүние мен ақырет істерін жөнге салған Нұрлы Жүзіңе сиынамын. Аллам, Сен разы болғанға дейін кешіріміңді күтемін! Кешіріміңе ынтызармын, ынтықпын! Аллам, барлық күш пен құдірет тек қана Сенің қолыңда». Иә, Пайғамбарымыздың өміріне назар салсақ, аса тақуа ғұмыр кешіп, өмір бойы Хақ тағалаға жалбарынып, Оған құл болуды ең биік мәртебе санап өткенін байқаймыз. Оның аузынан шыққан әр сөзінен аса кішіпейілділік, ұяңдық, биязылықты ашуланған шақта да Ұлы Жаратушыға деген құлдығынан айнымағанын, яғни бір сәт те болсын өзінің бас пайдасын ойламағанын һәм ғазиз ғазауатта қалың қол дағдарып қалғанда, жалғыз өзі арғымақ атқа қанат бітіргендей жауға күндей күркіреп шапқандағы сөздерінен де Хақ тағалаға беріктігі мен адалдығын байқайсыз.

Алайда Пайғамбарымыздың аузынан естіген Құранның көптеген аяттарының үнінен астам ұлылықты, жаратылғанның мысын басқан жаппарлықты, әрбір затқа үкімін жүргізген үстемдік пен патшалық һәм құдіреттілікті аңғарасыз. Құранда бейне бір күллі ғалам мен ақыретті көрген бір көз және соларды өз ұлылығын мөр ете басып, аса үстемдігін сездіре отырып түсіндірген мұғжизалы ғажайып стил бар. Бұл – Құранға илаһи құдіреттілік иелік еттірумен қатар, оның илаһи қайнардан аққанын айқындайды. Күндер мен айларды бір әмірімен тәспінің тастарындай айналдырып, жылдың төрт мезгілін кітаптың беттеріндей оп-оңай ашып келтіретін күллі әлемнің Раббысына жарасатын сөздер Құранның төрінен орын алған. Осы айтылған сөздер – Иесінің ұлылығының айнасы. Болмаса құдіреттілікті білдірген мұндай сөздер жаратылған әлжуаз адам баласынан тууы мүмкін емес. Оған Құраннан көптеген дәлелдер келтіруге болады. Мысалы, Нұх кемесіне мініп, жер бетін топан су қаптап, ақыр аяғында Жаратушы Жаппар Ие: «Ей, жер, міндетің аяқталды, суыңды жұт! Ей, аспан-көк, қажет емессің жауыныңды тоқтат!», яки «Ей, жер мен көк! Ерікті, еріксіз келіп хикмет пен құдіретіме бағыныңдар! Екеуі де:»Ерікті түрде келіп, бізге берген уазипаны Сенің құдіретің арқылы толық атқарамыз» деді». Міне, үстемдік пен ұлылықты қамтыған ақиқи һәм зор әмірлердің құдіреттілігіне қараңыз! Енді, адам баласының: «Ей, аспан жер беті суға толды жауыныңды доғар!» деген сөздері мен аталмыш аяттың түпнұсқасын салыстырып қарасаңыз, екеуі жер мен көктей екенін байқайсыз. Оқылған аятта аспан мен жер бейне бағынышты екі сарбаз, ал әмір сол екеуінің қолбасшысынан келгені ап-айқын сезіліп тұр. Ал, адам баласы жер мен көкке әмір бермек болып дауыстаса, онда одан қалың қолдың сыртынан өтіп бара жатқан мүсәпірдің оларға қолбасшылық етпекші болып, айқай салған бейшаралығы көрінер еді. Ендеше, Құрандағы жарлық, әмірлерден Ұлының ұлылығын, хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) сөздерінен де «ерікті түрде келіп, әміріне бас иген» жер мен көк секілді тағзым еткен құлдың Раббысына бағыныштылығын жанары жарқын, жүрек көзі өткір жандар ә дегеннен-ақ байқай алады.

материал «Мәңгі мұғжиза» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: