10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Жүрек дертінің белгілері және олардан сауығу

Жүрек дертінің белгілері және олардан сауығу

Иман келтіру

Дененің әрбір мүшесі арнайы бір іс үшін жаратылған. Ол мүше сырқаттанып қалған жағдайда, оның орындауға тиіс әрекеті іске аспай қалады немесе машақатпен орындалады. Қол ауырса, зат ұстау күшін жоғалтады. Көз ауырса, көру қасие тін жоғалтады. Жүрек ауырса, өзіне тиіс амалды орындаудан мақұрым қалады. Ал жүректің орындауы тиіс амалдары: білім алу, хикмет үйрену және Алланы сүйіп, Оның әмірлерін орындау, оны зікір етіп ләззат алу. Алла тағала: «Мен жын мен адамдарды Өзіме құлшылық жасаулары үшін ғана жараттым», – деп айтқан (Зарият: 56).

Сонымен, әрбір ағзаның тиісті міндеті бар. Жүректің міндеті, Алланың хикметін түсіну және бұйрығын орындау. Адамның жануардан айырмашылығы, оның ішіп-жеуінде немесе басқа түйсіктерінде емес, ақыл-парасатымен ерекшеленеді. Адамды басқа нәрселерден жоғары көтеріп тұрған нәрсе – осы. Алла күллі нәрсені Жаратушы. Егер адам барлық нәрсені біліп, тек Алланы танымаса, онда ол еш нәрсені білмейді деген сөз. Танып-білудің белгісі – махаббат. Алланы жақсы көрген адам, Алланы танушы болып есептеледі. Аллаға болған махаббаттың белгісі, дүние мен ондағы сүйкімді нәрселердің барлығын Алладан төмен қоюмен білінеді. Алла тағала: «(Мұхаммед (с.ғ.с.)) егер әкелерің, балаларың, туыстарың, әйелдерің, ағайындарың, тапқан малдарың, тоқтап қалуынан қорыққан саудаларың, жақсы көрген үйлерің сендерге Алладан, пайғамбардан әрі Оның жолында соғысудан артық көрінсе, Алланың әмірі келгенге дейін күтіңдер. Алла бұзық қауымды тура жолға салмайды», – деп айтқан (Тәубе: 24). Кім бір нәрсені Алладан артығырақ сүйсе, онда ол адамды алдында наны мен суы бола тұра, топырақты жегісі келіп тұрған асқазанға ұқсатса болады. Мұндай әрекет асқазанның науқас екеніне дәлел.

Жүрек науқастығының нәзіктігі сонша, адам бұл ауруға шалдыққанын сезбейді. Бірақ жүрегінің ауру екенін білген адам, одан емделудің ауыр екенін және ол үшін көп сабырлық пен машақатқа шыдау қажеттігін түсінеді. Себебі жүрек дертінің емі нәпсінің шауһатына қарсы әрекет етуі арқылы іске асады. Мұны жанның шығуымен тең десе қате болмас. Осындай ем үшін нәпсінің бойынан сабырлық күшін табу қандай қиын десеңші!

Бұл іс амалға асып, нәпсі сабырлы болды делік, енді жүректегі дертті емдейтін шебер дәрігерді табу бұдан да қиын. Себебі жүрек дерттерінің дәрігерлері – ғалымдар. Олардың өздері де (мал-мүлікке дүниеге беріліп) осы дертке шалдыққан. Өзін емдей алмаған дәрігер, басқаны қалай емдемек? Сол себепті де күллі жүрек аурулары жоққа шығарылды. Тіпті «жүрек дерті жоқ» деген ұранмен бұл аурудың бар екені теріске шығарылды. Нәтижеде, адамдар дүниені сүюге, құлшылықты сырт көз үшін рия амалдар жасауға ден қойды. Жүрек дерттерінің белгілері міне – осылар.

Жүрек саулығын қайтару сол дертке шипа болатын себептерге бет бұрудан басталады. Мысалы, Алла тағаладан алшақтататын сараңдық дертінің шипасы – мал-мүлікті қайырымдылық жолында жұмсау. Бірақ кейбір кезде бұл қайырымдылық ысыраптың дәрежесіне дейін өтіп кетіп жатады. Сөйтіп сараңдық дертінен сауығамын деген адам ысырапшылдық дертіне шалдығады. Суықты кетіру үшін ыстықты қолданады. Ал енді ыстықтық өз өлшемінен асып кетсе, бұл да бір дерт. Негізінде ыстықтық пен суықтықтың ортасында теңдік болуы тиіс. Сол сияқты ысырап пен сараңдықтың арасында да теңдікті сақтау қажет. Егер теңдіктің не екенін білгің келсе, онда ұстануың тиіс мінезге назар салғайсың. Бұл мінез өзінің қарама-қарсы мінезіне қарағанда сен үшін жақын әрі жеңіл болса, демек сен сақтануың лазым болған мінезге иесің. Мысалы, сен үшін мал-дүниені сарп қылғаннан гөрі, оны жинау рақат әрі жеңіл болса, онда сенің бойыңда сараңдық қасиеті басым. Саған мал-дүниені сарп етуге күш салу керек.

Егер малды керегінше сақтағаннан гөрі оны шектен тыс жарату қасиеті анағұрлым ләззатты әрі жеңіл болса, демек сенде ысырапшылдық басым. Саған малды қолда ұстап тұру мінезін үйренген жөн. Нәпсіңді бақыла. Қайсы амалды орындау жеңіл, қайсы амалды орындау қиын екенін анықта. Жүректің дүниеге байланып қалуынан сақтан. Сол кезде сен мал-дүниені орынсыз жаратудан және сараңдықтан аман қаласың. Байлық сен үшін су сияқты болады. Оны басқаның шөлін қандырып, сусындандыру үшін ұстап тұрғандай сезінесің. Байлықты қайсы бір мұқтаж адамның қажетін орындау үшін жаратасың. Оны бергенде жүрегің қынжылмайды, жаның рақат табады. Қандай жүрек бұл дәрежеге жеткен болса, оны Алла аман алып қалған деп білгейсің. Жүрек жомарттық пен сараңдыққа және басқа да мінездер де дүниемен ғана әуре болып қалмауы өте маңызды.

Нәпсі мал-дүниенің ықпалынан шықса ғана аман сақтанады. Ұтымды нәпсі, Алла берген нығметтерге дән риза және көңілдері тоқ пайғамбарлар, шыншылдар, шаһидтер, салихтар мен олардың артынан көркем мінездерімен ерген пенделердің қатарына кірген хәлде Алланың құзырына оралады. Негізінде шынайы орта деңгейді табу қиын шаруа. Кім бұл дүниеде қылдан жіңішке, қылыштан өткір түзу жолды тапса, ақыретте де оған сондай жол нәсіп болуы мүмкін.

Кейбір кезде пенде орта жолды жоғалтып, не онда, не мұнда жоқ болады. Нәтижеде жүрегі көңілі қалаған тарапта (құмардың соңынан еріп) қалып қояды. Сондықтан да мұндай жүрек Алланың азабына ұшырайды: «Сосын, әрине, олардың тозаққа лайық болғанын жақсы білеміз. Сендерден тозаққа келмейтін (айналып өтпейтін) ешкім болмайды. (Бұл) Раббыңа тұжырымды, міндетті бір үкім. Соңыра тақуа болғандарды құтқарамыз да залымдарды тозақта жүгіндіріп қоямыз» (Мариям: 70-72). Олардың ішінде тура жолға жақындары көптеу. Тура жолға түсу қиын болғандықтан, әрбір пенде күніне он жеті мәрте «иһдинас-сиратоль мус­ тақим» – Бізді тура жолға сала гөр деп сұрау, әр ракағатта «Фатиха» сүресін оқу парыз болды.

Ертеде өткен әзиздердің бірі түсінде пайғамбарды (с.ғ.с.) көреді де, оған: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)!: «Һуд» сүресі сақалымды ағартты – деп айтқан едіңіз. Мұның сыры не?» – деп сұрайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла тағаланың: (Мұхаммед (с.ғ.с.)) бұйырылғанындай тура бол!» (Һуд: 112) деген сөзі еді», – деп жауап беріпті деген хабар бар.

Расында, тура жолмен жүру өте қиын, бірақ адам тура жолдың шыңына жетуге құдіреті жетпесе де, мүмкіндігінше соған жақындауға күш салуы тиіс. Жеңіске тек ізгі амалмен жетеді. Ізгі амал, көркем мінездерден туады. Әрбір адам өзінің сипаты мен мінезін тексеріп, есеп алсын. Оларды ретімен емдеуге кіріссін. Ұлы Алла барлығымызды тақуалардың қатарынан қылғай!

материал «Жан тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: