Халқымызда “Бірлік береке бастауы” деген нақыл бар. Алла Тағала ел ішінде бүлік тудырып шатақ шығарудың қаншалықты үлкен күнәлі іс екендігін қатаң түрде ескертіп, “Фитна (бүлік) шығару адам өлтіруден де ауыр күнә”, – деп баяндайды (“Бақара” сүресі, 217-аят).
Яғни, халықтың арасында әртүрлі іріткі фитналар тудыру, бүлікке апаратын істерді жасау – Исламда адам өлтіруден де ауыр күнә болып саналады. Өйткені, сол бүліктердің нәтижесінде көптеген бейкүнә жандардың, бейбіт халықтың қаны төгілуі мүмкін. Ал шариғатта бір адамның қанын нақақтан төгудің күнәсі жер бетіндегі бүкіл адамдардың қанын төккенмен бірдей болатыны айтылған. Сондықтан да жүрегінде шынайы иманы бар мұсылман адам мұндай бүлікке алып баратын істерді жасамауы тиіс. Мұсылмандар үшін ең маңызды нәрсе – халықтың тыныштығы, елдің бірлігі. Бір елде тұрып жатқандықтан бір-бірімізге әрдайым құрметпен қарап өзара жақсы қарым қатынаста болуға міндеттіміз. Алла Тағала Құранда: “Расында мүминдер бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, бауырларыңның арасын жарасырыңдар, сондай-ақ Алладан қорқыңдар! Міне, сонда Оның рақымына бөленесіңдер”, деп бұйырған. (“Хұжрат” сүресі, 10-аят).
Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: “Сендер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыңдар. бір біріңді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыңдар. Сендерге бір бірлеріңді жақы көріп қалатын істі айтайын ба? Араларыңда сәлемді жайыңдар” делінген. (имам Муслим).
Жақсы көру дегеніміз – өзің үшін пайдалы болғанды өзгелерге де қалап, өзің үшін зиянды болғанды өзгелерге қаламау. Тіпті өз мүддеңнен өзге бауырларыңның мүддесін үнемі жоғары ұстау.
Қазіргі таңда мұсылмандарға бауырмалдық қажет. Шынайы бауырластық бір-бірімізді жақсы көрумен болады. Бір-бірімізді осылай жақсы көрген жағдайда ғана Ұлы Раббымыздың құзырында шынайы иман келтірген мұсылман ретінде саналмақпыз. Сондықтан өзара бөлінушілікке жол бермеуіміз қажет. Бірлік – қуаттың күштің көзі, ал бөлінушілік, жікшілдік – бәлекеттің, апаттың көзі.
Алла ынтымақтан, бірлігімізден айырмасын!
материал “Ихсан – рухани тәрбие негізі” кітабынан алынды,
ummet.kz