«Сендер мұны (яғни, жалған жала жабуды) болмашы іс деп санайсыңдар. Алайда ол – Алланың алдында өте үлкен күнә» («Нұр» сүресі, 15-аят).
Расында, Раббың (құлдарын) әрдайым бақылауда» («Фәжр» сүресі, 14-аят).
Нұғман ибн Бәшир (р.а.): «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шындығында, ненің халал, ненің харам екені анық. Алайда осы екеуінің ортасында адамдардың көбі не адал, не арам екенін жете біле бермейтін күмәнді нәрселер де бар. Ендеше, кімде-кім осындай күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстаса, діні мен ар-намысын кірлетпей сақтап қалады. Ал, күмәнді нәрселердің шырмауынан шыға алмаған адам бейне бір қорықтың маңында мал бағып жүрген бақташыға ұқсайды. Бақташының малы сәл қалса қорыққа кіріп кететіні секілді, ол да харамға қалай кіріп кеткенін байқамай қалады. Расында, әр патшаның ешбір жанға аяқ басқызбайтын қорығы болады. Алланың қорығы – харам қылғандары. Шындығында, денеде бір кесек ет бар. Егер сол ет сау болса, бүкіл дене сау болады. Ал ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек», – деп айтқанын естідім», – деген (Бұхари, иман 39; Муслим, мусақат 107).
Нәууәс ибн Сәмған (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ізгілік деген – көркем мінез-құлық. Ал күнә – жан-дүниеңді мазалаған әрі ел-жұрт білмесе екен деген ісің», – деп айтты» – делінген.(Муслим, бирр 14).
Уәбиса ибн Мағбад (р.а.): «Бірде Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барғанымда, маған: «Ізгілік жайлы сұрауға келдің бе?» – деп жылы шырай танытты. Мен: «Иә», – дегенімде, маған: «Ендеше, жүрегіңнен сұра. Адамның жаны мен жүрегі нені құптап, не арқылы тыныштыққа бөленсе, ізгілік деген сол. Ал, күнә (немесе күмәнді нәрсе) дегеніміз – адам жаны мен жүрегінің мазасын қашырып, қобалжытатын жамандықтың нақ өзі. Өзге адамдар қанша жерден пәтуа берсе де, бұл солай», – деп айтты», – деген.(Ахмад ибн Ханбал, мүснәд 4 227-228; Дарими, буйуғ 2).
материал “Хадистер жинағы” кітабынан алынды,
ummet.kz