22
Жұма,
Қараша

һижри

Мына төрт жағдайда саған көзқарасы өзгерген адаммен достаспа

Мына төрт жағдайда саған көзқарасы өзгерген адаммен достаспа

Иман келтіру

Дос – адам баласы үшін қастерлі ұғымдардың бірі. Өмірдегі қайғыңды жеңілдетіп, қиыншылық пен  қызығыңды бірге бөлісіп, жыласаң жылап, қуансаң шаттанатын дос – өмірдегі адал серік.

Бұл  өмірде тура жүруге, туралықта жүргеніңді білу жолында да ең қажетті себептердің бірі – жақсы жолдас табу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаман дос пен жақсы досты сипаттағанда: «Жақсы дос әтір сатушыға ұқсайды,  қасында жүрсең жақсы иіс иіскейсің немесе кейде  жақсы иісті әтірді сыйға тартады. Жаман дос темір  ұстасы секілді, қасында жүрсең жағымсыз иіс иіскейсің немесе бір жеріңді күйдіріп аласың» – деген еді.

Зүннун Мысри былай дейді: «Сенің ешқандай да қателік істемегеніңді қалайтын адамнан ешқандай да қайыр жоқ. Ренжіген кезде досының сырын жұртқа жаятын адамнан жөнді жолдас шықпайды. Өйткені, сыр сақтау – достықтың негізі».

Мына төрт жағдайда саған деген көзқарасы өзгерген адаммен достаспа:

a) Ренжігенде;

ә) Разы болғанда;

б) Әлдебір көмек сұрағанда;

в) Әлденеге қуанып жүргенде.

Адал достықтың туын нық ұстаған адам алмағайып,  басына қандай да бір іс түссе де өзінің бірқалыпты күйінен айнымайды. Адамгершілігі бар болса, досыңызбен араздасып қалған күннің өзінде ол сіздің сырыңызды әшкерелеуге бармайды. Керісінше, бұрынғы досы болсаңыз да, жүрген жерінде сізді мақтап жүреді.

Қазақ мақалында «Жақсы дос пайдасын тигізбесе, зиянын тигізбейді; жаман дос алдыңды орап жүргізбейді», «Адал дос жаныңды сақтайды, аяр дос малыңды сақтайды» десе, тағы бір мақалда «Доссыз адам – тамырсыз терек», «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам» деген.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі ағайынды екі қол тәрізді. Біреуі екіншісін жуғаны секілді өзін де жуады», – деген. Бұл хадисте Алла елшісі екі досты қол мен аяққа емес, екі қолға теңеген. Өйткені екі қол бір мақсатта бір-біріне қайшы әрекет жасамайды, керісінше жәрдемдеседі. Достық тек бір мақсатта бірлескенде ғана жүзеге асады. «Мақсаты бірдің – жаны бір» дегендей екеуі бір адам секілді болады. Олар қиындықта бір-біріне рухани әрі материалдық тұрғыдан қолдау көрсетеді.

материал «Үміт сәулесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: