Шынайы тақуа мұсылман өзіне қатысы жоқ сөзді, істі тәрк етеді. Бұл – оның имандылығының кәміл екенінің белгісі.
Өзіне қатысы жоқ сөзге араласудың зияны мыналар:
1. Жүректің қатаюына, дененің әлсіреуіне, ризықтың тарылуына апарады. Лұқман хәкімнен: «Сен үшін ең сүйікті амал қандай амал?» дегенде, «Маған қатысы жоқ нәрседен аулақ жүруім», – деген екен. Ұлы басралық табиғин, ғалым Мәлик ибн Динар: «Егер жүрегіңде қаттылықты, денеңде әлсіздікті, ризық-несібеңнің тарылғанын байқасаң, біліп қой, сен өзіңе қатысы жоқ сөзге араластың, адамның өзіне қатысы жоқ сөзге араласуы – жүректің қатаюына, дененің әлсіреуіне, ризықтың тарылуына апарады», – деген.
2. Адамдарға ұнамайтын сөзін естіртуі мүмкін. Бір күні бір адам Абдулла ибн Омарға келеді. Келгеннен кейін аяқ киімін көріп: «Уа, Абдуррахманның әкесі, мына ескі аяқ киіміңді тастап, жаңасын алсаң қайтеді?» – дейді. Сол кезде ол: «Сен сонау жерден менің аяқ-киімімді талқылау үшін келдің бе, не іспен келдің, одан да соны айт», – деп, кейін Пайғамбарымыздың хадисін оқиды:
«Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы», – деген.
3. Уақытыңды пайдасыз нәрсеге өлтіргенің. Мұсылман өзінің дүниесіне, дініне пайда келтірмейтін істер жайында сөз қылмайды. Тек сауап үміт еткен істе ғана сөз қозғаны дұрыс. Өзінің алдына жоғары мақсаттар қойған адам уақытын бос әңгімеге өлтірмейді. Күнделікті телефонымызға келген жүздеген хабарламаға, оның ішінде, бізге ешбір пайда әкелмейтін хабарламаларға жауап жазып, уақытымызды өлтіреміз. Еңбектеген сәбиден, еңкейген шалға дейін күні-түні сол телефонға телміреуін тоқтатпауда.
4. Үлкен күнәға апаруы мүмкін: Біреудің ісіне араласқыш адам Алланың харам еткен есіктеріне кіріп кетуі мүмкін.
Бір хадисте: «Ухуд соғысында бір жігіт шейіт болды, аштықтан ішіне тас байлап алғанын көреді. Сол кезде анасы баласының бетін сүртіп: «Балам жәннатқа қош келдің», – деп айтады. Бұл сөзге Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен қайдан білесің, мүмкін, ол өзіне қатысы жоқ нәрсе жайында сөйлеп, күнәға батқан болар», – деді.
материал «№1 дұшпан. Жақсы сөйле немесе үндеме» кітабынан алынды,
ummet.kz