29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Кім өз кемшіліктерін көргісі келсе, төрт жолға назар аударсын

Кім өз кемшіліктерін көргісі келсе, төрт жолға назар аударсын

Иман келтіру

Алла бір пендесіне жақсылық қаласа, оған өз кемшілігін көре алатындай көрегендік нәсіп қылады. Кім көреген болса кемшіліктері өзіне көрінбей қалмайды. Пенде өз кемшіліктерін білсе, оны жоя алады. Бірақ адамдардың көпшілігі өз кемшіліктері мен айыптарын көрмейді. Кейде өзінің басындағы түйені көрмей, біреудің басындағы шөпті көреді. Кім өзінің кемшіліктерін көргісі келсе, бұның төрт жолы бар:

Бірінші жолы: Нәпсінің кемшіліктерін көрген және құпия зияндарды жақсы білген біреуді пір тұтып, нәпсімен күресуде пірдің нұсқауларын орындау. Бұл жол муридтің шейхымен, шәкірттің ұстазымен болған байланысын көрсетеді. Бұл жолда ұстаз кісіге кемшіліктерін білдіріп, оны жоюдың шараларын көрсетеді. Қазіргі заманда мұндайлар өте аз қалды. Екінші жолы: тақуа, көсем және діндар кісімен дос болу. Мұндай дос оның ісәрекеттерін бақылап тұрсын, тура емес ісін көрсе, оны ескертсін. Көне заманда дін және мемлекет қызметкерлері солай жасады. Әзірет Омар (р.а.): «Менің кемшіліктерімді көрсетіп тұрған кісіге Алла жақсылығын берсін!» – деген. Көбінше ол Салман Фарисиден өз кемшіліктерін сұрады. Бір күні Салман келгенде: «Сенің ойыңша, менің қандай кемшіліктерім бар?» – деп сұрады. Салман Фариси әзірет Омардан кешірім сұрауменен: «Естуімше, дастарханыңа екі түрлі тамақ қойдырады екенсің. Бірі күндіз, бірі түнде киетін екі шалбарың бар екен!» – деп жауап берді. Әзірет Омар: «Бұлардан басқа ше?» – деп сұрады. Салман (р.а.) «Жоқ», – дегенде, ол: «Сол екеуі маған жетерлік!» – деді. Әзірет Омар да Хузайфадан (р.а.) жиі-жиі кемшіліктерін сұрап тұрды. Бір күні одан: «Сен мұнафықтар туралы мәселеде Алланың Елшісінің сырласы едің. Менде мұнафықтың белгілерінен бар ма?» – деп сұрады. Омар (р.а.) қадірлі, мәртебелі кісі болғанына қарамай, өз нәпсісінен сондай күмәнданып тұрды. Адам қаншалық ақылды және дәрежесі биік болса, тәкаппарлық жағынан соншалық кішік болады. Ол өз нәпсісінен әрдайым күмәнданып тұрады. Бірақ шынын айтқанда, мұндай қасиеттер жоғалып бара жатыр. Ондай адамдар өте сирек кездеседі. Дос-жар, туыс-туғандардың ортасында жамандық жасамағандар, біреудің кемшіліктерін жаймағандар, көреалмастық қылмағандар өте азайып бара жатыр.

Міне, сондай себептерден Дәуіт Таи елден аулақтап тұрды. Одан «Неге елге араласпайсың?» – деп сұрағанда, «Менің кемшіліктерімді айтпайтын кісілерге араласып не қылам? Діндар адамдар үшін ең сүйікті нәрсе – басқалардың ескертуімен өз кемшілік, айыптарын білу», – деп жауап берген. Өткен ұлы тұлғаларымыз сондай болды! Біздің заманымызда болса керісінше болып қалды. Жағдайымыз өте аянышты! Адамдардың ең жаманы бізге насихат айтып, кемшіліктерімізді шұқылаушы болып қалды.

Бұл – иманымыздың әлсіздегенінің белгісі. Өйткені жаман іс-әрекеттер, әдеттер – улы жыландар, улы шаяндар. Киімімізге жабысып алып шағайын деп тұрған шаянды біреу көрсетсе, әлбетте, оған рақмет айтамыз және шаянды жерге түсіріп, өлтіруге әрекет жасаймыз. Шаян денеге зиян келтіреді, шаққан жері бір күн, жарым күн ауыртады. Жаман мінездің жүрекке тигізген зияны одан да жаман. Өлімнен кейін мәңгілік не мыңдаған жылға созылған азапқа салу қорқынышы бар. Ал енді бізге біреу кемшіліктерімізді айтса, соған қуанбаймыз және кемшіліктерімізді жоюға әрекет жасамаймыз. Керісінше біз ол кісіге ашуланып, «Сен мені қойып өзіңе қарап алшы. Сен ғана әйдіксің бе?!» – дейміз. Сөйтіп оның насихатынан пайдаланғанның орнына, кек сақтаумен дұшпандыққа себепші боламыз. Мұндай жағдайға түсуіміз күнәларымыз көбейіп, жүрегіміз қатып қалғанынан келіп шығады. Негізінде, бұлардың бәрі иманның әлсіздігіне барып тіреледі. Алладан «Бізді тура жолға сала көр!» деп тілейміз. Алла бізге кемшіліктерімізді байқай алатын көрегендік нәсіп қылсын! Сол айыптарымызды емдеумен әлек болу бақытына жеткізсін! Бізге кемшіліктерімізді көрсеткен кісіге разылық білдіруді нәсіп қылсын!

Үшінші жолы: Нәпсінің кемшіліктерін, айыптарын дұшпандардың аузынан есту. Өйткені саған ашуланған кісі кемшіліктеріңді көреді. Кісі айыбын ашқан дұшпанынан пайдаланғандай, қошемет көрсетіп, көз алдында оны мақтаған және кемшіліктерін жасырған досынан пайдалана алмайды. Шынында, адам табиғаты дұшпанын өтірікшіге шығарып, оның айтқандарын дұшпандыққа жориды. Бірақ көреген кісі дұшпанының өзі туралы айтқан сынынан пайдаланудан қашпайды. Өйткені оның айыбы және кемшіліктері дұшпанның аузында болады.

Төртінші жолы: Елге көбірек араласып, халық арасында бейәдеп саналған ісәрекеттермен өзінің іс-әрекеттерін салыстыру. Өйткені мүмин – мүминнің айнасы. Міне, сондай жолмен басқалардың айып, кемшіліктері арқылы өзінің кемшілік, айыптарын көреді және адамның табиғаты нәпсісінің қалауларын қалап тұрарын біледі. Егер басқа біреудің жаңылыс іс-әрекетін көрсе, өзіндегі осындай мінезді тастауы керек. Үгіт-насихат әсер қылатын кісіге соның өзі-ақ жеткілікті. Егер әрбір кісі басқаларда көрген және өзін ренжіткен жаман іс-әрекеттерді және мінездерді тастағанда, оған ешбір тәрбиеші және насихатшының керегі болмақ емес. Әзірет Исадан (а.с.): «Сізді кім тәрбиеледі?» – деп сұрағанда, ол: «Мені ешкім тәрбиелеген жоқ. Пенденің пенделігін, ақымақтың әдепсіздігін кемшілік және айып ретінде көріп, пенделіктен және әдепсіздіктен қаштым», – деді.

Бұлардың бәрі Алланы таныған, ақылды, зерек, нәпсінің айып-кемшіліктерін көре алатын, мейірімді, діни үгіт-насихат істерін жүргізу қолынан келген, жаман ісәрекеттерден аулақ болған, Алланың пенделерінің әдеп-ахлағын оңдаумен әлек болған жол басшысы жоқ адамдарға қатысты. Егер кімде-кім сондай қасиеттерге ие жолбасшы таба алса, ол өз дәрігерін тапқан болады. Ол сол жолбасшысынан ажырамасын. Жолбасшы оны моральдық ауру болып саналған әдепсіздіктен құтқарады. Бәлелердің тұзағына түсірмейді. Егер бұл айтқандарымнан сабақ алғың келсе, сол туралы ойланып жатқан болсаң, көзің ашылады. Жүрегіңнің рухани ауруларын емдеу жолын ілімнің жарығымен табасың. Егер оған күшің жетпесе, жоқ дегенде, басқаларды құптап иман келтіруді кешіктірмеуің керек. Өйткені ілімнің дәрежесі болғандай, иманның да дәрежелері бар. Ілім иманнан кейін пайда болады. Ілім иманның артында. Алла Тағала: «Алла араларыңдағы шынайы иман келтіргендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі» деп айтқан («Мужадала» сүресі, 11).

«Аллаға алып баратын жол – нәпсінің қалауларымен күресу» екенін растап, бірақ оның себебін және сырларын біле алмаған пенде аятта айтылған «иман келтіргендер» тобына ғана кіреді. Ал енді нәпсісінің айла-амалдарын жақсы білген кісілер аятта баяндалған «Ілім берілген адамдардың» тобына кіреді. Алла екі топқа да пейішті уәде қылған. Құранда, хадисте және ғалымдардың сөздерінде сондай иман келтірудің зәрулігі туралы дәлелдер сансыз.

Алла Тағала былай дейді: «Ал кімде-кім күндердің күнінде Раббысының дәргейіне баратынын ойлап, шынымен қорыққан һәм нәпсісін әуейіліктен тыйған болса, шүбәсіз, оның ақыр соңында барып паналайтын жері – жаннат болмақ» («Назиғат» сүресі, 40-41). «Алла елшісінің құзырында даурықпай дауыстарын бәсеңдетіп сөйлейтіндерге келсек, Алла тақуалық (Өзіне, дініне шын жүректен тағзым етіп, мойынсұну) мәселесінде олардың жүрегін сынап бақты (олар бұл сынақтан сүрінбей өтті). Ендеше, оларға (Алланың құзырында) кешірім мен үлкен сый бар».

материал «Жүректің сырлары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: