22
Жұма,
Қараша

һижри

Бір дәретпен бірнеше намаз оқуға бола ма?

Бір дәретпен бірнеше намаз оқуға бола ма?

Намаз

Дәрет бұзатын жағдайлардың бірі орын алмаған болса және үзір иесі болмаса, немесе дәрет қатты қышап тұрмаса, бір дәретпен бірнеше намазды оқи беруге болады. Мәселен, асырға алған дәретіңізбен ақшам намазын, тіпті құптан намазын да оқуыңызға рұқсат.

Алайда, үзір иесі болсаңыз бір намазға алынған дәрет келесі уақыты кірген намазға жарамсыз. Ондай жағдайдағы кісі әр уақтылы намазға дәрет жаңалап тұруы тиіс. Үзір иесі деп, денесінің бір жерінен тоқтаусыз қан ағу, үнемі жел шығу, зәр тоқтамау сияқты үзірлі жағдайларға тап болған адамды айтамыз. 

Сондай-ақ, дәрет қатты қысып тұрған кезде де дәретті жаңалаған дұрыс. Себебі, қысылып тұрып намаз оқу – мәкруһ.   

Ендігі жерде, бір дәретпен бірнеше намаз оқи беруге болады дегенге дәлел келтірер болсақ, сахаба Бурайда (р.а.) риуаят еткен хадисте былай делінеді:

«Пайғамбарымыз әр (уақтылы) намаз үшін дәрет алатын (әр намазға дәрет жаңалап тұратын). Ал «фәтх» күні (Мекке алынған күні) ол дәретін алып, екі (аяғындағы) мәсісіне мәсих тартты да, бір дәретпен бірнеше намаз оқыды. (Оны көрген) Омар (р.а.) Алла елшісіне: «Уа, Расулалла! Сен бұрын істемеген нәрсені қазір істедің», - дейді (оның себебін білгісі келіп). Сонда Алла елшісі оған: «Әдейі істедім, ей Омар», - деп жауап береді»[1]. 

Өздеріңіз де байқағандай, әдетте әр намазға дәрет жаңалап тұратын Пайғамбарымыз, бір дәретпен бірнеше намазды оқуға да болатындығын ұғындыру мақсатында, бір дәретпен бірнеше намаз оқыған кездері де болған.

[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». 277. Сахаба Бурайда ибн Хусайб әл-Әсләми.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz



Бөлісу: