22
Жұма,
Қараша

һижри

Намазда ниетті тілмен айту дұрыс па?

Намазда ниетті тілмен айту дұрыс па?

Намаз

Жақында «Намазға қатысты қателер» деген мақаланы оқып қалдым. Мені ойландырған әрі өзім түсінбеген бөлігін сізден сұрап, біліп алуды ниет еттім. Бұл мәселе көптеген діндес бауырларымызды қызықтырады деп ойлаймын. Рұқсатыңызбен сол мақаладан үзінді келтіремін:

1. «Әрбір намаздан бұрын сыбырлап яки дауыстап ниет ету. Біздің елімізде кең тараған бұл әдет – бидғат. Расулулла (с.ғ.с) ешқашан бұлай істемеген. Ибн Әл-Қайюм айтады: «Расулулла намазға тұрса «Аллаһу акбар» деп тәкбір айтып, басқа ештеңе айтпайтын. Дауыстап ниет те етпейтін. Пайғамбар (с.ғ.с) «Халис Алла үшін құбылаға бет бұрып, төрт ракағат намазды имам болып немесе имамға ұйып оқуды ниет еттім» секілді сөздерді айтпаған. Бұлай істегендігі жайлы ешбір сахих, заиф, муснәд немесе мурсәл хадис те риуаят етілмеген» («Әл-Һудә Ән-Нәбәуи»)

Демек, әрбір намаздан бұрын арнайы сөздермен ниет ету де бидғат істерден екен. Ниет адамның жүрегінде болады. Мысалы, пенде Аср (немесе басқа) намазын орындау үшін дәрет алды. Сосын мешітке қарай қадам қойды. Мешітке келіп иқаматты естіп, сапқа тұрды. Осының өзі ниет емес пе?» (үзінді аяқталды.)

Менің түсінбеген жерім мынау, біздің еліміздегі намазға қатысты кітаптардың көбісінде ниетті жүрекпен айтудан тысқары тілмен айту да қажет екендігі айтылған. Жоғарыдағы Ибн Әл Қайюмның сөздері әрі одан шығатын үкім жайында толық түсіндіріп берсеңіз.

Жауап: Намазда ниетті тілмен айту жайында біршама ихтилаф бар. Бір тарапта сіз айтқан мазһабсыз ихтилафшылар болса, басқа тарапта жұмһүр фақиһтер тұрады. Сіз айтқан мазһабсыздар, сіз келтірген сөздер негізінде, өз ойларын айтып, намазда ниетті тілмен айту бидғат, деген. Олардың ойынша, бұл – қате, бұл істі істеген адам бидғат жасаған болады. Олардың қағидасы бойынша:

Бидғат – адасу, адасу – тозақ. Алайда олардың осы мәселе бойынша, яғни, намаздың ниетін тілмен айтқандар тозақтық болады ма әлде болмайды ма, бұл жайындағы үкімдерін білмейміз.

Ал, жұмһүр ғұламалар, яғни танымал фиқһи мазһабтардың ғұламаларының барлығы осы мәселені әрі бұл жайындағы барлық дәлел-дәйектерді шын ықыласпен зерттеп, дініміздің тағылымдарының мақсатын, хикметін әрі негізгі ережелерін қолданып шешкен. Төменде сіздерге жұмһүр ғұламаларымыздың нақ осы мәселе бойынша тұжырымдарынан екеуін ұсынамыз.

«Әл-фиқһул Исламию уа адилләтуһу» кітабынан мынаны оқимыз: «Оны (ниетті) тілмен айту қатаң шарт етілмейді. Бірақ Мәликилерден басқа жұмһүрлердің алдында, оны (ниетті) тілмен айту сүннет. Жүректі дайындауға жәрдем болуы әрі сөз еске алуға көмек болуы үшін».

«Әл-Мәусуъа Әл-Исламияда» мынау айтылады: «Ханафилер ерікті түрде әрі Шафиғилер мен Ханбалилер: «Намазда ниетті тілмен айту сүннет. Тіл жүрекке сай болуы үшін әрі уәсуәсәдан аулақ болуы үшін» деген».

Өйткені, ешбір хадисте әрі сахабалар мен басқа сөзі қабыл болатын мужтәһидтердің сөздерінде намаздың ниетін тілмен айту бидғат болуы жайлы ешқандай сөз жоқ. Ниетті тілмен айтқанмен, бәрібір ниетті әркімнің ішінде айтатыны белгілі. Мұндайды ешкім айтпаған, деп айту үшін мазһабсыздардың арнайы дәлелдері болуы керек.

Ең маңыздысы, осыны намазға қатысты қате деп жар салғанда кімге пайда? Қандай пайда бар?

материал «Ихтилафтар жайында» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: