05
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кісі адамның өзімен емес, ақылымен кеңеседі

Кісі адамның өзімен емес, ақылымен кеңеседі

Ислам тарихы

«Бәдір» ұрысында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жасақты белгілі бір жерге орналастырып, ұрысқа дайындалуды тапсырады.

Сахабалардан Хубаб ибн Мунзир келіп:

– Уа, Алла Елшісі! Бұл өзің таңдаған жер мe? Әлде бұл талқыланбайтын, Алла «Түс!» деп бұйырған жер мe? Соғыс айладан тұрады ғой, - деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

– Айла керек! Бұл – таңдаған жерім, - дейді.

– Бұл – түсетін жер емес. Құдықтарды артқа тастап, алға жылжиық. Сонда бізге жетеміз деп, құдықтарға жете алмай сусыз қалады, - дейді Хубаб.

– Неткен орынды пікір! - дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с).

Міне, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жасақтың орнын ауыстыруда ешқандай қиыншылық көрген жоқ.

Сен де өз ойыңнан қайтпайтын қырсық болма! Ақиқатты мойындау – ақымақтық қараңғылығына сүңгігеннен жақсы. Адамдардың тәжірибесі мен білімін ескеріп, сөздеріне құлақ сал! Өз пікіріңді ғана қасиетті санайтын ақымақ болма! Басқаның аузынан шықты екен деп, ақиқаттан бет бұрма! Қарғысшыл қалмақтың Абылайға не айтқанын есіңе ал!

Абылай қалмақтың қарғысшыл адамынан «Қарғыстың жаманы қандай?» деп сұрағанда, қарғысшыл адам бірінші: «Шөбің жапырылмасын!», - депті. «Маған кедей бол дегенің ғой, бұл – қарғыс емес. Халқым бай болса, бір менің кедейлігім – кемшілік емес», - депті Абылай.

Екінші: «Күлің шашылмасын!», - депті. «Бұл да – қарғыс емес, балаң болмасын дегенің ғой. Өзім жақсы болсам, халықтың бәрі де – менің балам», - депті.

Үшінші: «Өзің білме, білгеннің тілін алма», - депті. «Міне, жаман қарғыс – осы!», - дейді Абылай.

Кісі адамның өзімен емес, ақылымен кеңеседі.

материал Аслан Орақбаевтың «Компас» кітабынан алынды,

ummet.kz



Бөлісу: