22
Жұма,
Қараша

һижри

Зүһд – дүниеден қолды емес, жүректі тарту

Зүһд – дүниеден қолды емес, жүректі тарту

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Зүһд – сопылардың ойынан туған дүние емес. Бұл сонау пайғамбарлардан, сахабалардан, олардан кейін келген табиғиндер мен әулиелерден бастау алады. Әрине мұның мәнісін ұқпаған адам міндетті түрде үрке қарайды. Хазреті Әли (Алла оған разы болсын): «Адамдар білмеген нәрсесінің жауы» деген. Зүһд сөзі – ынсап, ұстамдылық, төзімділік деген мағыналарға саяды.

Зүһд – Алланың разылығына жетелейтін амал. Себебі осы қасиет арқылы адам дүниеге деген махаббаттан арылып, жүрегінің төрін Алла мен Оның Елшісіне береді. Дүниені қолында ұстап басқарады. Хәкім Абай: «Бақи қоймас, фәнидің мінін көрмей», - дейді. Бақи – басы жоқ, мәңгі тірі, фәни – уақытша, өткінші, жалған. Алла мен оның құзырындағы нәрсенің мәңгі екенін түсінген пенде жалғанның жылтырағына, алдамшы қызықтарға бір сәт те бұрылмайды.

Хәкім Абай:

Дүние бос, ақыретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың,

Иманын түгел деуге аузым бармас, - деп адам қанағатының шеңберін көрсетеді. Жүнәйд әл-Бағдади «Зүһд – дүниеге берілмеу һәм оны жүрекке жолатпау» деп айтқан.

Нәпсінің негізгі болмысы – адамды әрдайым теріс әрекетке тарту. Тойымсыздық та сол нәпсінің бір сипаты. Осыны меңзеп Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамға бір сай алытн берсең, ол екіншісін сұрайды. Екіншісін берсең, үшіншісін қалап тұрады. Оның тойымсыздығын топырақ қана тоқтата алады», - дейді (имам Бұхари). Осыны тежеп отыратын, пендені қалыпқа келтіретін нәрсе біз айтып отырған – зүһд. Ибраһим Әдхам (Алла оны рахымына алсын): «Зүһд – дүниеден қолды емес, жүректі тарту. Бұл – арифтердің, яғни, мағрифат ерендерінің жолы. Бұдан жоғарғы мақамға мутақаррибтер, яғни, Құдайға ерекше жақын жандар шыққан. Олар Алладан өзге ешнәрсеге, дүние былай тұрсын, тіпті Жәннатқа да қызықпайды. Өйткені, Аллаға жақын жандар үшін Хақты танудан һәм Оған жақын болудан басқа ешқандай мақсат жоқ», - деген.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: