22
Жұма,
Қараша

һижри

Сүннет – Нұх пайғамбардың кемесі секілді, мінген адам аман қалады

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Мұсылман қауым үшін сүннет – қасиетті ұғым, сауапқа толы сара жол. Өйткені, Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеден өткеніне қаншама ғасырлар өтсе де мұсылман үшін оның әрбір іс-әрекеті үлгі-өнеге.

Төрт мәзһаб ғұламаларының бірі Имам Малик: «Сүннет – Нұх пайғамбардың кемесі іспеттес. Оған мінген адам аман қалады», - деген. Жалпы сүннет сөзінің тілдік мағынасы – жол дегенді білдіреді. Шариғатымызда сүннет деп – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөздері, істеген істері мен жүзеге асуын мақұлдап, құптаған амалдарына айтылады. Хакім Абай: «Әуелі аят-хадис сөздің басы», - деп Құран аяты мен Пайғамбарымыздың хадистеріне деген құрметті бір ауыз өлең жолымен жеткізген.қазақ халқында ер баланы сүннеттеп, ашамайлы атқа, мұсылмандық таққа отырғызғандағы «сүннет» ұғымы да осынау «сүннет» сөзінен бастау алған. Осылайша ата-бабаларымыз Пайғамбар сүннетіне деген құрметі салт-дәстүрімізде көрініс тапқан.

Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін басшылыққа алған сахабалар өмірлерінің әр сәттерін Пайғамбар сүннетімен байланыстыруға тырысқан. Хазіреті Омар бір күні Қағбадағы қара тасты сүйіп тұрып: «Мен сенің пайда да, зиян да бермейтін тас екеніңді білемін. Егер сені Алланың Елшісі сүйгенін көрмегенімде, мен де сені сүймейтін едім»,- деген екен (имам Бұхари).

Ғалымдарымыз сүннет ұстану жайында мынадай өсиет айтқан:

Сүннет ұстану – Алла Елшісінің барлық нәрседен артық жақсы көру;

Сүннет ұстану – Алла Тағала жолында жан-тәнімен қызмет ету;

Сүннет ұстану – түннің бір уағында жылы төсекті тәрк етіп, Құран аяттарына ой жүгірту, тәфәккур ету;

Сүннет ұстану – Алланың алдында «аманатым» деп алған жұбайына жақсы мәміледе болу;

Сүннет ұстану – отбасына және тума-туысқанына мейірбан болу;

Сүннет ұстану – халық арасында қарапайым өмір сүру, елден ерекшеленбеу;

Сүннет ұстану – қолындағы дүниесін көз жұмбай тұрып, жетім-жесірге, мұқтаж жандарға таратып беру.

Ендеше ғалымдарымыз бен бабаларымыздың өсиетіне құлақ асқан, Пайғамбар сүннетін тірілткен, оған шынайы көңілмен ерген, қияметте ол кісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шапағатына бөленген үмметінен болуымызды Алла Тағала нәсіп еткей!

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: