22
Жұма,
Қараша

һижри

Хадис құдси мен хадис шәріптің айырмашылығы

Хадис құдси мен хадис шәріптің айырмашылығы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хадис шәріп екіге бөлінеді: «Тәуқифи бөлім»: Бұл мазмұнын уахиден алып, адамдарға өз сөзімен баяндаған хадис. Мұның мағынасы мен мазмұны Алладан келсе де, Елшісіне қатысты етіп айтуға болады.

Өйткені, бұл жерде Алла Тағаланың өз атымен айтқан жарлығы жоқ. Екіншісі «Тәуфиқи бөлім». Бұл хазіреті Елшінің Құраннан түсінгеніне қарай үкім шығаруы. Егер берген үкімі дұрыс болса, уахи келіп қуаттайды. Ал егер қателессе, уахи келіп дұрыстайды. Хадистың бұл бөлімі ешқандай Алла жарлығына жатпайды. Мысалы, Бәдір соғысында жетпіс пұтқа табынушы қолға түскен еді. Хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) оларға қандай үкім беру хақында сахабалармен ақылдасты. Әбу Бәкір тұтқындардан бодау алып босатылуын, ал Омар оларды өлтіру қажеттілігі жайында пікір білдірген. Алла Елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкірдің көзқарасын дұрыс деп тапқан. Сол кезде Алладан берілген үкімнің дұрыс еместігін білдірген уахи келген: «Ешбір пайғамбарға жер жүзінде жауға өктем келіп, жеңіске жеткенге дейін тұтқын ұстау жараспайды. Сендер дүниенің фәни пайдасын ойлайсыңдар. Алла (сендерге) ақыретті қалайды. Алла өте үстем, аса хикмет иесі. Егер Алладан алдын ала беріліп қойған үкім болмағанда, (тұтқындардан бодау) алғандарың үшін үлкен азапқа душар болар едіңдер».
Сондықтан оның берген үкімі я расталып, не болмаса дұрысталғандықтан уахи шеңберіне кіреді. Құранда: «Оның айтқандары көкейіне салынған уахи ғана».
Хадис құдсиге келсек, ол мағынасы Алладан болып, хазіреті Мұхаммедке (с.а.с.) уахи жолдарының бірі арқылы жеткен хадистер. Бірақ сөздері Елшінікі. Оның мағынасы жағынан Алла Тағалаға тиесілі етеміз. Егер сөздері де Алла Тағаланыкі болғанда Құраннан айырмашылығы қалмай, мұғжизалыққа иелік етіп, оқылуы да ғибадат болар еді.

материал «Мәңгі мұғжиза» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: