25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Адамдарға Алланың разылығы үшін ас беру

Адамдарға Алланың разылығы үшін ас беру

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла елшісінің Жәбірге дастарқаннан дәм татқызуы

Жәбір былай дейді: «Үйде отырған едім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) келіп, мені сыртқа шақырды. Қолымнан жетектеп, мені жұбайларының бірінің үйіне алып келді. Үйіне алдымен өзі кірді. Кіруіме рұқсат бергенде ғана, табалдырықтан аттадым. Пайғамбарымыз сүйікті жарына: «Үйде талғажау болар не бар?» – деп сұрады. Зайыбы дастарқанға үш түйір самса әкеліп қойды. Алла елшісі самсаның біреуін өзінің, екіншісін менің алдыма қойды. Үшіншісін екіге бөлді. Сосын «Айран бар ма?», – деп сұрады. Шымылдықтың ар жағынан: «Аздаған сірке суы бар», – деді. Алла елшісі: «Алып кел. Сірке суының өзі жақсы ас емес пе?!» – деген еді.

Жәбірдің сірке суына байланысты риуаят еткен хадисі

Әбдулуахид ибн Әйман әкесінен естігенін былай жеткізген болатын: «Жәбірдің үйіне қонақтар келген болатын. Дастарқанға кішкене нан мен сірке суын қойды. «Алыңыздар, мен Алла елшісінің «Сірке суы ең тамаша қоспа. Қонақтың алдына келген асты қомсынуы қандай әдепсіздік болса, үй иесінің дастарқанға өз қолымен әкеп қойғанын ұнатпауы да соншалықты кесірлік» дегенін естідім», – деген еді.

Әбу Бәкірдің қонақтарға ас беруі

Абдуррахман ибн Әбу Бәкір былай дейді: «Бір күні кешкісін бізге қонақтар келген еді. Әкем Алланың елшісімен сөйлесіп келемін деп, сыртқа шығып бара жатқан болатын. Сол кезде маған: «Абдуррахман, қонақтарға тамақ бер», – деді. Ас дайын болған соң, дастарқан жайдық. Бірақ қонақтар дәмге қол созбады. «Біз үй иесі келмей, дәм алмаймыз», – деді. Сонда мен: «Егер тамақ алмай, осылай отыра берсеңіздер, әкем маған ашуланады», – дедім. «Жоқ, әкең келмейінше, ауыз тимейміз», – деп тұрып алды. Сол арада әкем де келіп кірді. Тамаққа әлі ешкімнің қол созбағанын көріп, менен мұның мәнісін сұрады. Мен болған жайтты түсіндірдім: «Уаллаһи, менің айыбым жоқ. Асты алдарына қойдым, бірақ сіз келмей бастамаймыз деді».

Әкем қонақтарға қарап: «Неге алдарыңызға қойылған астан бас тарттыңыздар? Уаллаһи, мен де аузыма бір түйір алмаймын», – деді. Қонақтар: «Уаллаһи, сіз жемесеңіз, біз де жемейміз», – деді. Әкем: «Мұндай ыңғайсыз жағдайға бұрын-соңды тап болмаппын. Неге жемейсіңдер?», – деді. Әкем: «Алғашқы сертімді шайтанның азғыруымен айтқан едім», – деді де, асты алдыртып, «бисмиллаһ» деп, табаққа алдымен қол созды. Осыдан соң келген қонақтар да дәмнен ала бастады». Таң атқанда, әкем Аллаың елшісіне барып: «Уа, Расулалла! Олар берген уәдесінде тұрды. Бірақ мен тұра алмадым», – деді. Алла елшісі: «Жо-жоқ, сен олардан да абзалсың», – деді. Тіпті әкемнің ол сертін бұзғаны үшін кәффарат өтегенін де естімедім.

Омардың тамаққа шақыруы

Әсламның айтуы бойынша, Омарға: «Заһр деген жерде соқыр түйе бар», – дедім. Омар: «Ол түйені әһлбәйтке апарып беріңдер, пайдалансын», – деді. Мен болсам: «Түйенің көзі көрмейді ғой», – дедім. Омар: «Олай болса, оны дені сау түйелердің қатарына қосады». Мен: «Ол қалай жайылады?», – дедім. Омар: «Айтып тұрған түйең жизия (мұсылман еместерден алынатын салық) малы ретінде келген бе, әлде зекет ретінде ме?» – деп сұрады. «Жизия ретінде», – деп жауап бердім. «Түсінгенім, сендер ол түйені сойып жемексіздер ғой, солай ма?», – деді. «Оның жизия екенін көрсететін мөрі», – бар дедім. Сонда Омар түйені алып келуді әмір етті. Түйені алып келген соң, оны сойып айра-жайра етіп, ішек-қарнын ақтарып тастады. Омардың қасында тоғыз шара бар еді. Көбіне бұл ыдыстарды ол елден келген жемісжидектер мен сирек кездесетін азықпен толтырып, Пайғамбарымыздың әйелдеріне жіберетін. Қызы Хафсаның үлесі ең соңында салынатындықтан, аз болып шығатын. Сол күні сойылған түйенің етін әдеттегідей ыдыстарға бөліп салып, Пайғамбарымыздың әйелдеріне жібереді. Қалған етті қазанға салып Мұһажир мен ансарларды қонаққа шақырады.

Абдуллаһ ибн Омардың қонақ келмей дастарқан басына отыра алмайтыны туралы

Мұхаммед ибн Қайыстың айтуынша, Абдуллаһ ибн Омарға, дастарқан басында пақырлармен бірге отырмаса, ас батпайтын. Түскі және кешкі асқа айналасындағы жетімдерді де шақыратын.

Бір күні түскі ас ішерде, бір жетімді шақыртыпты. Алайда ас ішер кезде, оны таба алмай қалады. Тамақ ішіп болған сәтте, әлгі жетімнің де қарасы шалынды. Абдуллаһ ибн Омар қолындағы шәрбатты оған ұсынып: «Сен мынаны іш, өте дәмді», – деді. Ол шәрбатты басына бір-ақ көтерді.

Бұл туралы Мәймун ибн Михранның айтқан риуаяты

Мәймун ибн Михран былай дейді: «Ибн Омардың әйеліне «жолдасыңа жақсы қарамай жүрсің», – деген шағым айтылды. «Қарт кісіге жақсы қарасаң болады ғой», – деді. Әйелі налып: «Менің қолымнан не келер дейсіңдер, тамақ әзірлесем болды, үнемі біреулерді қасына ертіп келеді. Көбіне өзі аш қалады», – дейді. Бірде Ибн Омардың әйелі өзінше қулық ойлайды. Жолдасы мешіттен шығып кеткен кезді пайдаланып, пақырларға тамақ беріп, тойдырып жібереді. Оларға: «Ибн Омар сіздерді үйіне шақырған кезде келмеңіздер», – деп ескертуді де ұмытпайды. Ибн Омар мешіттен шығып үйіне келген соң: «Пәлен кісілерді үйге шақырыңдар», – деді. Алайда Ибн Омардың әйелі оларға алдынала ескертіп қойғандықтан, шақырған адамдардың ешқайсысы келмей қалады. Көңілі пәсейген ибн Омар: «Бүгін менің тамақтануымды қаламай тұрсыңдар ғой, сірә», – деп, шынымен сол күні нәр татпады».

Абдуллаһ ибн Амр ибн Астың ас беруі

Сүлеймен ибн Рәбия былай дейді: «Муауияның әкім боп тұрған кезінде, Мунтасыр ибн Хариспен және Басра қаласынан шыққан бір топ қарилармен (Құранды жатқа білушілер) қажылыққа барған едім. Олар: «Бізге хадис айтып беретін бір сахабаны көрмей кете алмаймыз», – деді. Іздегенге сұраған, Абдуллаһ ибн Амр ибн Астың Меккеге келгенін естідік. Оны қайткен күнде тауып алмақ болып, көшеге шықтық. Жолда жүк артылғаны бар, мініске арналғаны бар, ұзын саны үш жүз түйеге жетеқағбыл керуенді кездестірдік. Былайғы жұрттан бұл керуеннің иесі кім екенін сұрағанымызда, Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас деген жауап алдық. Өз көзімізге өзіміз сенбей: «Мынаның барлығы сол кісінікі ме?!» – деп таңқалыстық. Өйткені біз оны өте кішіпейіл кісі ретінде білетінбіз. Олар жүз түйенің Абдуллаһ ибн Амрдың бауырларына, ал қалған екі жүзі оның қонақтарына тиесілі екенін жеткізді. Мұны естігенде, манағы таңданысымыз таңданыс па, мүлдем айран-асыр қалдық. «Бұған таңданбаңыздар, Абдуллаһ ибн Амр – бай адам. Қонақтарға сый жасауды өзіне борыш деп біледі», – деді. Әлгі жердегілер: «Олай болса, бізді соған алып барыңыздар», – деді. Оны іздеп тапқанымызда, Қағбаның жанында отыр екен. Өзі аласа бойлы, көздері былшық-былшық, шапан киген. Оны көргенімізде, таңданысымызда шек болмады.

Сағыд ибн Убаданың Алла елшісіне көрсеткен қонақжайлылығы

Әнәс былай дейді: «Сағыд ибн Убада Алла елшісін тамаққа шақырды. Дастарқанға құрма мен нан қойды. Пайғамбарымыз дәм татты. Артынан сүт әкелді. Сүттен де ішті. Сосын: «Дастарқаныңнан үнемі салиқалы адамдар дәм татсын. Аузын бекіткендер үйлеріңнен аузын ашсын. Періштелер сіздер үшін дұға етіп, сіздер үшін кешірім тілесін», – деді».

Мәдинаға келген қонақтарды күту

Сәлана ибн әл-Ақуа былай дейді: «Алла елшісі жамағатқа намаз оқытып болғаннан кейін, әркім шамашарқына қарай үйіне қонақ шақырсын», – дейтін. Сахабалар да мүмкіндіктеріне қарай екі-үш адамға дейін қонақ ететін. Ал соңында қалып қойған адамдарды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі үйіне ерте кететін».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: