21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Сахабалардың Құран жаттау тәсілдері

Сахабалардың Құран жаттау тәсілдері

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Сахабалар Құран аяттарын түскен қалпында жаттап алу үшін білетін жерлерін тәуліктің кез келген мезгілінде Расулаллаға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтып, бұған қоса, шамалары жеткенще жазуға тырысып, Құранның сақталуы мен кейінгі ұрпаққа жетуіне көп күш жұмсады.

Пайғамбарымыз сахабалардың санасында Құранның сақталуын былай сипаттайды: «Олардың кітаптары көкіректерінде». Бұл ерекшелік өздеріне кітап түскен басқа үмбеттерде жоқ. Олар кітаптарын бастан-аяқ жазулы мәтінге қарамай жатқа оқи алмайды және тек жазып қана кітаптарын сақтауды ойлайды. Тіпті хазірет Мұсаның (а.с.) тақтайшаларда сипатталған бір үмбеттің келетінінен хабардар болғаны және бұл үмбеттің өзінің үмбеті болуы үшін Аллаға дұға еткені, Ұлы Жаратушы: «Олар Мұхаммедтің үмбеті»,- деп, бұл игілікке Пайғамбарымыздың үмбетінің ие болатындығын білдірілгені риуаят етіледі. Әр түрлі нығметке ие болумен қатар Құранның оңай жатталуы да Алланың мұсылмандарға бертен ерекше игілігі. Әлбетте, бұл жерде де сахабалардың айырықша орны мен маңызы бар.

Сахабалар арасында Құран оқуда және оны басқаларға үйретуде мына кісілер алдыңғы қатарда болды: Хазірет Осман ибн Аффан, хазірет Әли ибн Әби Талиб, хазірет Үбәй ибн Каъб, хазірет Зәйд ибн Сабит, хазірет Абдуллаһ ибн Мәсуд, хазірет Әбу Дәрда, хазірет Әбу Мұса әл-Әшғари. Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көзі тірісінде көптеген сахабалар Құранды жаттаған. Олардың кейбірін атап өтелік: хазірет Әбу Бәкір, хазірет Омар, хазірет Осман, хазірет Әли, Талха, Сағд, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, хазірет Салим, Әбу Һурайра, Абдуллаһ ибн Сайб, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас, Абдуллаһ ибн Зүбәйр, Убәдә ибн Самит, Муғаз, Мужәмми бинти Жарийя, Фәдалә бинт Үбәйд және Мәсләмә бинт. Махләт, сонымен қатар, Пайғамбарымыздың жұбайлары хазірет Айша, Хафса және Үммү Сәләмә аналарымыз да осы қатарда.

Тағы бір деректерде «Шәһида» есімді бір әйел затының да Құранды жатқа білгендігі айтылады. Алла Елшісі қайтыс болған соң мыңдаған сахаба Құранды толық жаттап бітіреді. Бұл айтылғандар Құранды жаттап Расулаллаға айтып беру бақытына ие болған және басқа сахабаларға ұстаздық еткен кісілер. Әйтпесе, Алтын ғасырда Құранды жаттағанмен, Алла Расулына айтып беру мүмкіндігі болмаған сахабалардың саны тіпті көп. Йәмәмәда 70 хафыз сахабаның шейіт болғаны тарихтан мәлім. Сахабалар Алла Расаулы қайтыс болғаннан кейін де Құранның адамзатқа жетуінде орасан зор еңбек сіңірген. Мысалы, Абдуллаһ ибн Мәсғуд Куфада мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеп, Құран үйретті. Ал, Әбу Мұса әл-Әшари осы қызметті Басрада жүргізген. Әбу Мұса әл-Әшғаридің шәкірттерінің бірі Әбу Ражә әл-Утариди: «Әбу Мұса Басра мешітінде күнде бізге дәріс оқитын. Он-оннан айналдыра отырғызып бізге Құран оқитын», - деп, сахабалардың талай адамға белгілі бір жүйе бойынша Құран үйреткенін жеткізеді. Тап солай Әбу Дәрда Шам мешітінде таңнан түске дейін Құран оқуды үйрететін. Шәкірттерін он-оннан бөліп, әр топқа біреуін басшы қылып белгілеп, өзі болса, бәрін бақылайтын. Шәкірттері бір жерде мүдірсе, оны түзететін.

Көріп отырғанымыздай, сахабалар жүйелі түрде әр жақта көптеген адамға Құран үйреткен. Сөйтіп, дүниенің талай жерінде Құранның бір аяты қате оқылса немесе ұмытылса, түзететін яки еске түсіретін адамның саны көбейді. Тіпті он жасында Құранды жатқа білген бала да жіберілген қатені түзете алатын жағдайға жетеді. Бұған қарамастан кейбір адамдар Құранның еш өзгерместен сақталғанына күмәнмен қарап, негізсіз жалаларды алға тартты. Солардың бірі шығыстанушы Blachare Бухариде және басқа да хадис жинақтарында есімдері аталған сахабаларды негізге алып, «Пайғамбар заманында тек жеті кісінің Құранды жатқа білген» деген тұжырым жасайды. Алайда оның сол риуаяттарға ғалымдардың берген түсіндірмесіне қарамай, хадистің айтылу мақсатына үңілмей, сонымен бірге оған қатысты басқа да риуаяттарды есепке алмастан, тек сыртқы мағынасын шала түсініп тұжырым жасағаны анық.

Бұл мәселенің байыбына бару үшін әуелі Бухаридегі риуаяттарға көз жіберелік:

1) Абдуллаз ибн Амр ибн әл-Астан жеткен бір сахих хадисте Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Құранды мына төрт кісіден үйреніңдер», - деп, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Сәлім, Муғаз және Үбәй ибн Каъб есімдерін атайды. Пайғамбарымыз аттарын атаған бұл сахабалар аталмыш мәселеде ең алдыңғы хафыз ғана емес, сонымен қатар қари, яғни сол кезеңде Құранды ең жақсы оқитындар еді. Бұл олардан басқа Құран хафызы болмады деген сөз емес. Қандай да бір мамандық бойынша білім алуды көздеген адамға сол саланың озық мамандарын нұсқап «пәленшеден үйрен» деу, сол салада басқа маман жоқ дегенді білдірмейтіні белгілі. Бұған қоса, бұл риуаяттарда аты аталған сахабалар Құран ілімінде басқалармен салыстырғанда кей тұрғыда көбірек білетін. Құранды тікелей Пайғамбарымыздан үйреніп, оның оқылуын түскен қалпындағы көркем күйінде, сөздерін дәл, қырағат үлгісіне сай білетін болуы да мүмкін.

2) Катада Әнәс ибн Мәліктен Алла Расулынің тірі кезінде кімдердің Құранды жатқа білгенін сұрағанда, Әнәс: «Үбәй ибн Каъб, Муғаз ибн Жәбәл, Әбу Зәйд және Зәйд ибн Сәбиттен өзге Құранды жаттаған адам жоқ еді», - деген. Хадистің басқа бір риуаятында Үбәй ибн Каъбтың орнына Әбу Дәрда аталады. Катададан жеткен бұл риуаятты Катаданың өзінін басқа бір риуаятымен салыстырғанда мына нәрсені байқаймыз: Ансардың екі руы Әус пен Хазраждықтар өздерінен шыққан ізгі адамдарды жарыса айтып бір-біріне мақтанады. Әус руының адамдары: «Қайтыс болған соң Ғарыш нұрына бөленген Саъд ибн Муғаз бізден, аралардың қорғауында болған Асым ибн Сәбит бізден, сүйегін періштелер жуған Ханзала ибн Рабих бізден, куәлігі екі кісінің куәлігіне тең саналған Хузәймә ибн Сәбит бізден», - дегенде, Хазраж руынан бір кісі Әнәс ибн Мәлік Құранды жатқа білген жоғарыда аталған төрт кісіні алға тартады. Демек, Әнәс Ибн Маликтің аталмыш риуаяты негізі Хазраж руының хафыз кісілері жайында. Бірақ ол риуаятта бұл нақты аталмаған. Сосын, хазірет Әнәс жас сахаба еді, Пайғамбарымыздың үйіне бала жасында қызметші болып кірген, Ол қайтыс болғанда жиырмаға жаңа келіп қалған бозбала болатын. Бұл тұрғыдан сахабалардың бәрін барлық жағынан жүйрік еді деу мүмкін емес. Хазірет Әнәстің Құран хафыздарына қатысты тек мұнша адам жаттаған еді деуі үшін бүкіл сақабаларды түгел аралап, бәрінен жекелей сұрап, сосын жиған мәліметін айтуы қажет. Ал бұлай істеу мүлде қиын нәрсе. Хазірет Әнәс өзіне қойылған сауалға солай деп жауап берген.

Сонымен қатар 626 жылы болған Бир-и Маунә қанды оқиғасында 70-тей қари сахабаның, 633 жылы болған Йәмәмә соғысында болса, кемі тағы сонша хафыз сахабаның шейіт болғанын назарға алар болсақ, Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) заманында әжептәуір көп, тіпті мыңдаған хафыздың болғаны мәлім болады. Кейбір риуаяттарда Йәмәмә соғысында шейіт болған сахабаның бес жүз яки жеті жүз болғаны айтылады, бұл дегеніңіз, аталмыш пікірді нақтылай түсері сөзсіз. Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қайтыс болған соң тағы көптеген сахаба Құранды жаттағаны тағы бар.

материал «Қари болғым келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: