29
Жұма,
Наурыз

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) бидғаттан сақтандыруға қатысты өсиеті

Пайғамбардың (с.ғ.с) бидғаттан сақтандыруға қатысты өсиеті

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбар (с.а.с.): «Кім біздің ісімізге оған еш қатысы жоқ жаңалық (бидғат) енгізсе, ол қабылданбайды», – деген.

Түсіндірме барысында бұл хадис дініміздің негізі екенін білгенбіз. Негізінде кімде-кім дінімізге ешқандай қатысы болмаған іс-амалды жаңалық ретінде енгізетін болса, ол кері қайтарылады. Мұндай жаңалық дінімізге ешқандай қатысы жоқ, теріске шығарылған әрі қате жаңалық болып табылады. «Біздің ісіміз» дегені – шариғат.
«Бидғат» деген сөздің екі мағынасы бар: шариғи және кәдімгі. Шариғаттағы мағынасы Алла Тағала мен Пайғамбардың (с.а.с.) бұйрықтарына, олардың жеке де жалпы нұсқауларына қарсы дінімізге ендірілетін «жаңалықты» білдіреді.
Пайғамбар (с.а.с.): «Әрбір жаңалық – адасу», – дегенде дінімізге ендірілген қате жаңалықтарды ескертіп, осындайлардан сақтандырған. Ал «бидғат» сөзінің жай ғана қолданудағы мағынасы «теңдесі жоқ (ойлап табылған) жаңалық» дегенді білдіреді. Бұл кейбір сахабалар (Алла оларға разы болсын) енгізген жаңалықтарды түсіндіруге мүмкіндік береді.
Мәселен, Омардың (Алла оған разы болсын) ораза кезінде оқылатын нәпіл намазды (салатут-тарауих) бір жерге жиналып, имамға ұйып жамағат боп оқуға бұйырған сөзін алуға болады. Өзі мешітке келіп, олардың тарауих намазды бірігіп оқып жатқанын көріп: «Бұл қандай жақсы жаңалық!» – деді. Оған Убәй ибн Кағб (Алла оған разы болсын): «Расында, мұндай болмаған еді», – дегенде, Омар (Алла оған разы болсын): «Білемін, бірақ бұл жақсы», – деп жауап берген. Ол мұндай істің бұрын болмағанын білетінін, бірақ бұл негізінде шариғатқа сай келетінін айтқан. Сол сияқты Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) өз тұсында Құран аяттарын жинастырғаны, зекет төлеуден бас тартқандарға соғыс жариялауы,
Османның (Алла оған разы болсын) адамдарды Құранның бірегей нұсқасына топтастырғаны, Құранның бірдей әсіл нұсқаларын түрлі елдерге
жібергені және де басқа сахабалар сүннеттен негіз тапқандықтан дұрыс деп санаған жаңалықтарға да бұл айтылғанның қатысы бар. Бұл хадис фәни тірлікпен қоштасар кезде Ақыретте бақытқа жеткізетін пайдалы өсиет айту сүннет екендігін білдіреді. Бұл хадис тиісті негізі болмаған жаңалықтарды дінімізге ендіруге тыйым салады.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: