Біз дүниеге көз ашқаннан бастап керемет әлемге тап боламыз. Мысалы, бір сәби дүниеге келместен бұрын жақындары оған қажетті заттарды алдын-ала дайындап қояды. Сол секілді біз дүниеде неге мұқтаж болсақ, осы ғажайып әлемде соның бәрі біз үшін дайын тұр.
Көктегі шуағын шашқан күн айналаға сәуле шашып, нұрландырумен бірге Жер атты үлкен ғаламшарды жылытып тұр. Құдды, шамның да, ошақтың да қызметін бір өзі атқарып тұрған тәрізді.
Түн түскен кезде, аспанда Ай жарқырап, оның айналасында миллиардтаған жұлдыздар меруерттей жалтылдап, нұрын шаша жымыңдайды. Ал күндіз көк аспанға көз салсақ, шаршамай, талмай ұзақ бақылай аламыз. Шексіз аспанға, сан мың балық мекен ететін теңізге қарап көріңізші...
Аяқ астындағы топыраққа зер салғанда бейне бір фабрика ма дерсің?! Тамыры топырақтан нәр алған ағаштың бұтақтарынан шие, алмұрт сияқты жүздеген жемістер мен өсімдіктер өніп шығады.
Тәтті, нәрлі және құнарлы сүт ішуіміз үшін момақан сиырлар күні бойы жайылымда жүреді. Кішкентай улы ара да бар өмірін гүлден гүлге қонумен өткізіп, өз қажетінен мыңдаған есе артық бал жинауға бар күшін жұмсайды. Байқап қарасақ, адамдарға ерекше көңіл бөлінгені анық. Себебі біз, адамдар, басқа тіршілік иелерінен мүлде бөлек жаратылғанбыз. Олай болса біздің басқа тіршілік иелерінен айырмашылығымыз қандай? Неге бәрі біздің алдымызда зыр жүгіріп, бізге қызмет етеді? Жаратушының алдында адамның қандай артықшылығы бар? Біз бұл өмірге қандай мақсатпен келдік? Бізді неге бұл өмірге жіберді? Осыншама нығмет пен жақсылыққа ие болып, қол қусырып отыруымыз үшін бе? Әлде жемісті жеп болған соң, оның қайдан, қалай келгені туралы ойланбай, ойнап-күліп жүре беру ме міндетіміз? Уақытпен жарысып, тоқтамай қайда бара жатырмыз? Неліктен біз жер жүзін белгілі бір мерзім ғана мекен етіп, кейін бәрін тастап кетуіміз керек? Міне, осы сияқты сұрақтардың жауабын табуымыз керек.
Кейде адамдарды сұрақтардан жасалған қалың орманда шулап жүрген кішкентай торғайларға ұқсатамыз. Орман қаншалықты үлкен болса, біз соншалықты кішкентаймыз.Бір қызығы, ормандағы құмырсқа екеш құмырсқаның да жол басшысы бар. Аралардың өз патшайымы, құстардың өз жетекшілері, жабайы аңдардың арлан көсемдері бар.
Тек біз, адамдар қараусыз қалдық па? Бізді осынша ғажап әлемге жіберген, оны мінсіз жаратып, бізді қоректендірген Жаратушымыз адамзатты бостан-бос, қараусыз тастар ма?
Әрине, жоқ!
Алла біздің арамыздан пайғамбарларды таңдап, сол арқылы әрқайсымызға үн қатты.
Неліктен осы әлемді жаратты? Ай, Күн, жұлдыз, Құс жолы, көк аспан мен Жердегі барлық нәрселердің мақсаты қандай? Жаратушы Иеміз құстарды, балықтарды, арыстандар мен жолбарыстарды, аралар мен құмырсқаларды, адамдарды не үшін жаратқанын, олардың мақсат-мұратын пайғамбарлары арқылы білдіріп отырды.
Біз бұл әлемнен соң қайда барамыз? Мына дүниеде қалай тіршілік етуіміз керек? Не нәрсеге асық болып, не нәрседен қашық болуымыз керек?
Міне, осы сынды сансыз сұрақтардың жауабын Алла Тағала пайғамбарларына білдірді. Пайғамбарлар да бұл жауаптарды айна-қатесіз бізге жеткізді.
Раббымыздан келген ілімдерді санамызға сіңірген ұлы тұлғаларды пайғамбарлар деп атаймыз. Алла Тағала сол кісілерді таңдады. Бұл үрдіс ғасырлар бойы жалғасып келді. Олар адамдарды ұғынықты сөздерімен, қарапайым мысалдармен, өздеріне түсірілген кітаптар мен аяттар арқылы жер бетіндегі мақсатын таныған ізгі құл болуға шақырды.
Адамдардың әртүрлі екені белгілі. Олардың арасында кейбіреулері пайғамбарларға құлақ асып, соңынан ерсе, енді біреулер құлақ басып, қашып жатты.
Пайғамбарлар Алла Тағала жүктеген осынау ұлы борышты орындаймын деп көптеген қиындықты бастарынан өткерді. Көбі азапталып, кейбіреуі қоғамнан шеттетілді. Кейбір пайғамбарларды өз қауымы өлтіріп тастады.
Міндетін аяқтап болып, дүниеден өткендердің орнына Алла Тағала басқа пайғамбарлар жіберді. Адам пайғамбар, Ыдырыс пайғамбар, Нұх пайғамбар, Һұд пайғамбар, Салих пайғамбар, Ибраһим пайғамбар, Лұт пайғамбар, Исмаил пайғамбар, Яқуб пайғамбар, Юсуф пайғамбар, Әйюб пайғамбар, Шұғайб пайғамбар, Мұса пайғамбар, Һарұн пайғамбар, Дәуіт пайғамбар, Сүлеймен пайғамбар, Юнус пайғамбар, Яхия пайғамбар, Иса пайғамбар сынды таңдаулы пайғамбарлар болды.Алла оларға разы болсын! Олар Алланың әмірін бұлжытпай орындайтын керемет жандар еді. Олар Адамзатты жақсылыққа жетелейтін қайырлы ұстаз бола білді.
Ғасырлар бойы бірінен соң бірі жалғасып көптеген пайғамбарлар келіп-кетті. Осы пайғамбарлар тізбегінің соңы – Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Демек, Абдуллаұлы Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – адамзатқа жіберлген ең соңғы пайғамбар.
материал «Пайғамбарымды танығым келеді» кітабынан алынды,
ummet.kz