Әбу Бурда (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазында алпыстан жүз аятқа дейін оқитын»
Амр ибн Хурәйс (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Расулалланың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазында «Из әш-шәмсу кууират («Нәбә» және «Тәкуир») сүрелерін оқығанын естідім».
Абдулла ибн Сайб (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге Меккеде таң намазын оқытты. Намазды «Муминун» сүресін оқудан бастады. Әзірет Мұса мен Харунның немесе әзірет Исаның дұғасына жеткенде (рауи бұл жерде кідірді) Расулалланы (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жөтел қысып, бірден рукуғқа барды».
Бұл риуаят Расулалланың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз кезінде сүрені жартысынан тоқтатқанын айтады. Мұны негізге алған бір топ ғалымдар: «Хадисте қырағатты жартысынан тоқтатуға және сүренің бір бөлігін ғана оқуға рұқсат бар» деген.
Жәбир ибн Сәмура (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазында «Қаф уәлқуранил-мәжид» («Қаф» сүресін) және соған ұқсас сүре оқитын. Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаздарды жеңіл оқытатын».
Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұма күні таң намазда «Бақара», «Сәжде» және «Инсан» сүрелерін оқитын. Сондай-ақ, Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұма намазында «Жұма және «Мунафиқун» сүрелерін оқитын».
Муаз ибн Абдулла әл-Жухани былай дейді: «Жухайнә тайпасынан бір кісі маған: «Расулалланың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазының әр екі рәкатында да «Зилз әл» сүресін оқығанын естідім. Ұмытып кетті ме әлде әдейі оқыды ма, ол жағын білмедім», – деді».
Бұл хадистерден түсінетініміз Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазында басқа намаздарға қарағанда ұзын сүрелер оқитын болған екен. Хадистерде келгендей Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазы парызында көбінесе «Бақара», «Қаф», «Такуир», «Сәжде», «Инсан» және «Нәбә» сүрелерін оқитын болған. Ал таң намазы сүннетінде қысқа-қысқа сүрелер оқитын еді. Көбінесе «Кәфирун» мен «Ықылас» сүрелерін оқитын.
материал «Берекелі таң» кітабынан алынды,
ummet.kz