22
Жұма,
Қараша

һижри

Мұсылман болуына Хазіреті Әбу Бәкір себеп болған сахабалар

Мұсылман болуына Хазіреті Әбу Бәкір себеп болған сахабалар

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Болмыстың нұры, екі жаһанның гүлі – Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) әлі де пайғамбарлығын ашық жарияламаған… Бұл кезеңдегі уағыз айтушылардың ең батылы Хазіреті Әбу Бәкір еді, ол жүрген жерінде доc-дұшпан деп бөлмей Ислам ақиқаттарын түсіндіретін.

Хазіреті Осман мұсылмандар қатарында

Бір күні Османға да иман жайын баяндап, оны Хазіреті Мұхаммедке ертіп әкеледі. Расулулла жылы жүзді, үнемі күлімсіреп жүретін жайдары жан – Османға төтесінен: «Алланың сыйы – жәннатқа ұмтылғаныңды қалаймын. Мен саған және барлық адам баласына жетекші ретінде Алла тарапынан жіберілдім», – деді. Пайғамбарлар сардарының қарапайым, жүрекжарды лебізі Османға әсер еткені сондай, ол мүбәрак тілінен иман кәлимасының қалай шыққанын өзі де аңдамай қалды... “Әшһәду әл-лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммедәр-расулуллаһ…” Сонан соң осыдан біраз уақыт бұрын Шам сапарынан қайтып келе жатып жолай көрген түсін әңгімеледі: “Біз сол күні жолда түнеген едік. Көзім ілінгені сол еді «Ей, алаңсыз ұйқыға батқандар!

Ояныңдар! Меккеде Ахмет өз міндетіне кірісті» деген дауыс естідім. Ал, Меккеге келгеннен кейін Сіздің пайғамбарлығыңыздан хабардар болдық».

Ақ көңіл, өте сыпайы, дархандығымен әйгіленген Хазіреті Османның да мұсылмандар қатарына қосылуы мүшріктердің қаупін күшейтті. Ағайындары жиналып оны жазаламақ та болды. Бірақ Осман қасқайған күйі ешқандай жазадан қорықпайтындығын, таңдаған бағытынан таймайтынын білдірді. Көкесі Хакам ибн Әбул Ас Хазіреті Османды ағашқа байлап қойып: “Сен аталарыңның ғасырлар бойғы қасиеттеген сенімінен безіп, кейіннен пайда болған әлдебіреулердің дініне қалайша мойынсұнбақсың? Алған бетіңнен қайтқанша осы байланғаның - байланған, босатады екен деп иегің қышымасын,” – деп сөкті. Хазіреті Осман болса: “Уаллаһи, билләһи, мен хақ діннен шықпаймын” деп қасарыса түсетін. Осылайша арадан ондаған күндер өтеді. Хазіреті Османның шыдамы шыңдала түскендей, қайтар түрі жоқ, таяқ та жейді, сүйектен өтер сөзге де селт етпейді. Иманына зәредей зиян келмейді. Дініне беріктігінің арқасында көкесі де ештеңе шығара алмайтынын білген соң, лажсыздан оны босатып қоя береді. Орта бойлы, қара торының әдемісі, қаума сақалды, қалың қара шашты және денелі келген Хазіреті Осман жаратылысынан жан тазалығы мен тән тазалығы бойына дарыған жан еді. Жәһилия кезінде де ішкілікті өзіне харам санап, татып алмайтын. Бар байлығын Алланың жолына сарп еткен. Құранды бастан аяқ жатқа білген. Түнде намазға тұрғанда Құранды түгелдей мүдірмей толық оқып шығатын.

Көзі тірісінде-ақ жәннаттық екендігі жария болған Хазіреті Осман бір жағынан Мұхаммедтің (с.ғ.с.) күйеу баласы. Бірінші әйелі - пайғамбарымыздың қызы Руқия, ол ерте қайтыс болады да кейіннен Мұхаммед (с.ғ.с.) екінші қызы Үммү Гүлсіммен некесін өзі қиған. Пайғамбарлар Сұлтаны – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) екі бірдей қызын алған бақытты күйеу осы себепті Зиннурайн[1] лақабымен құрметке бөленген.

Талха ибн Убайдуллаһтың мұсылман болуы

Хазіреті Османнан соң іле-шала Хазіреті Талха ибн Убайдуллаһ Исламды қабыл етті. Ол сауда-саттықпен елден жырақта жүрген сәтінде Бусра базарында сол жердегі шіркеу басының : “Уа, халайық! Араларыңда Меккеден келгендер бар ма?” дегенін естиді. Хазіреті Талха оның қарсысына шығып өзінің меккелік екенін айтады. Сонда монах Талханың бетіне бажайлай қарап алады да: “Ахмет халыққа танылды ма?” деп сұрайды. Хазіреті Талха: “Ахмет дегеніңіз кім?” дейді. “Ахмет – Абдулланың ұлы, Әбдімүттәліптің немересі. Ол- Меккелік. Өзінің соңғы пайғамбар екенін танытады. Кейінірек туған жерінен қуылып, от бітпейтін, тастақ бір жерге көшуге мәжбүр болады”, - деп жауап берді монах. Христиан дінбасының айтқандарын ұйып тыңдаған Хазіреті Талха еліне келген сәтте алдынан жолыққандардан: “Мен жоқта нендей жаңалық болды?” - деп сұрайды.

“Жаңалықтың көкесін естіртейік, Абдулланың ұлы Мұхаммед өзін пайғамбармын деп жариялады. Ол ол ма, әлгі Әбу Кухафаның ұлы Әбу Бәкір оның айтқандарын растап, иман етті,” – деді жапа-тармағай шуласып. Мұны естіген Талханың жаны жай таппай, Хазіреті Әбу Бәкірді іздеп тапты да: “Сен Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқандарын мойындадың ба?” деп сұрайды. Хазіреті Әбу Бәкір: “Иә, мен оның сөздеріне шәк келтірмеймін. Егер менің тілімді алар болсаң, сен де бар, Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) мойынсұнғандығыңды айт. Өйткені, оның ұстанғаны – хақ наным.”

Хазіреті Талха Бусра жәрмеңкесіндегі монахпен кездесуін, одан естігендерін Әбу Бәкірге айны-қатесіз жеткізеді. Мұнан кейін екеуі Алла Расулының құзырына келеді. Сәлем-сауқаттан соң сахаба қатарына жаңадан қосылған Талха мұсылмандықты қабылдағанын естіртіп, монахтың әңгімесін Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) баяндап береді. Пайғамбар оның әңгімесін күлімсіреп отырып тыңдайды. Мүшріктер араларындағы Талха сынды абыройлы, құрметті адамның иман келтіргеніне наразылық білдіріп, балуандары Нәуфал ибн Адуианы араға салып, Хазіреті Талхаға дүре соқтырады. Аяқ-қолын байлаған күйі біраз азаптайды.

... Жастығына қарамастан ақ-қараны айыра білген Талха көзі тірісінде жұмақ сыйы ұсынылған он сахабаның қатарында. Пайғамбарымыз ол туралы: “Жер жүзінде тірі жүрген шейітті көргіңіз келсе, Хазіреті Талхаға қараңыз” деген. Мәрттігі мен қайсарлығын иман жолында ғана қолданған қаһарман еді ол… Ислам тарихындағы атақты Ухуд соғысы кезінде пайғамбарға атылған оқтарға қолын тосып, саусақтарын құрбан еткен батыр еді ол… Сол шайқаста сексеннен астам жарақат алса да Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) қорған болған ер еді…

Халид ибн Саидтің Исламға кіруі

Исламға шақыру әлі де құпия түрде жүргізілуде. Осы арада мұсылмандар сапына құрайыштың алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі әрі ең ауқаттысы Халид ибн Саид та қосылды… Араб әдебиеті мен ғылымын жан-жақты меңгерген Халид бірде түсінде туған әкесінің тозаққа ертіп апарғанын, бірақ дәл қақпадан кірер сәтте Расулулла үлгеріп келіп, оны оттан құтқарып қалғанын көріп, шошып оянады. Нақты жори алмаса да түсінің тегін еместігін сезеді. Таңды көзбен атырған ол “Бұл бекер көрінген бос нәрсе емес, не де болса бір ақиқаттың елесі” деп алагеуімнен Хазіреті Әбу Бәкірге барып түсін баяндайды. Әбу Бәкір Сыддық : «Сен үшін ақыры қайырлы болуын тілеймін. Басыңа күн туғанда сені Расулулла құтқаратын болады. Уақытты созба, барып оның дініне мойынсұнғандығыңды білдір. Исламды қабылдап, не көрсең де Хазіреті Мұхаммедпен бірге болуға беліңді бекем бу. Нәтижеде ол сені жәһаннамның азабынан аман алып шығады», - деді. Халид Расулаллаға құстай ұшып жетті. “Уа, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Сен халықты неге уағыздап жүрсің?” деп сұрады. “Мен ортағы, серігі жоқ Алланың жолына, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) оның елшісі екеніне сенуге, көр соқыр, меңіреу, не пайдасы, не де зияны тимейтін, тіпті өзіне табынғандар мен таптағандарды ажырата алмайтын тас мүсіндерге құлдық қылудан бас тартуға шақырамын”, – деді Алланың Елшісі.

Айтылғандарға мұқият құлақ асқан Хазіреті Халид ә дегеннен “Мен Алладан басқа Тәңірдің жоқтығына және сенің Алланың Расулы екендігіңе куәмін”, – деді. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) кеудесін қуаныш кернеді. Халид мұсылмандықты таратуды өз отбасынан бастады, аз уақыт ішінде әйелі Үмәйна да мұсылман болды... Халидтің әкесі құрайыштардың ауқатты да айбарлы адамы Саид баласының “жаңалығын” естігенде қатты ашуланды. Бір күні Халидті намаз оқып тұрған жерінен ұстап алған аға-інілері оған айтпаған сөздері қалмай: “Сен қалайша ата-бабаңның дінін жоққа шығарған Мұхаммедтің сөзіне ересің?” деп бас салған бауырлары көзқарасын өзгертуі үшін Халидке ұрсып та, жалынып та айтты. Бірақ Халид зәредей де өкініш білдірмеді, қайта күшейе түскен сыңаймен: “Уаллаһи, Мұхаммед (с.ғ.с.) ақиқатты айтты. Мен шындыққа ғана бас иемін. Қолдарыңнан өлсем де иманнан шықпаймын”, – деді. Әкесі мұны естіп ашуға мініп, Халидті қолындағы сырық сынғанша сабайды. Сабау да, дүре де иман нұрын көңіл түкпіріне ұялатқан Хазіреті Халидтің пікірін өзгерте алмады. Иманын қорғау жолындағы жәбір-жапа ол үшін түкке тұрғысыз еді. Баласына сөзін өткізе алмасына көзі жеткен мейірімсіз әке, оны қорқытып: “Бар, онда, сені жоққа санаймын, ырзық-несібеден дәметпе. Тамақ та, киім де бермеймін. Қайда барсаң, онда бар!” – деп айқайлады. Сабыр мен салауаттың қайнары – иманды жүрегіне мықтап орнықтырған Хазіреті Халид бұл жолы да түк саспастан: “Әке, менің ішіп-жемімді бермесең бермей-ақ қой. Ырзық, несібемді Алла бір жерден болмаса, екінші жерден шығаратынына кәміл сенемін” – деп жауап берді. Әкесі ұлын бірнеше күн бойы ас-сусыз қапасқа қамайды. Анасы мен бауырларына : “Егер кімде-кім Халидпен сөйлесетін болса, ажалы менен деп білсін,” – деп қорқытып, жолатпай қояды. Ара-тұра қапастың сыртынан сығалап, ащы мысқылмен: “Қалай, несібеңді алып жатырсың ба?” – деп Халидті түйреумен болды. Тар қапастан амалын тауып құтылған Хазіреті Халид екінші Хабашстан хижретіне дейін әкесінің көзіне түспей, бой тасалайды. Кейінірек Хабашстанға көшкен екінші топқа әйелімен екеуі қосылады. Халидтің жәһилия дәуірінің көркем жазу шеберлерінің бірі екендігін атап өтпеске болмайды. Деректерге жүгінсек, Пайғамбарымыздың Йемен билеушісіне жолдаған атақты сенімхатының мәтінін, тағы басқа маңызды келісімдерді Хазіреті Халид дайындап жазған.

Саад ибн Әби Уаққас та мұсылман

Саад ибн Әби Уаққас сол тұста он жеті жасар бозбала еді. Бір күні түсінде тас түнек қараңғыда адасып жүріп, кенеттен жап-жарық айдың туғанын көреді. Айдың сәулесін бетке алып, жолға түседі. Алдында Хазіреті Зәйд ибн Хариса, Хазіреті Әли және Хазіреті Әбу Бәкір кетіп барады екен. Оларды қуып жетіп: “Сіздер мұнда қашан келдіңіздер?” – деп сұрайды. Олар бірауыздан: “Біз де сенен сәл бұрын келдік,” – деп жауап береді.

Арадан үш күн өткен соң Хазіреті Әбу Бәкірмен ойда жоқта кездесіп, Исламият жайлы естиді. Өзіне беймәлім дүниенің қызығына берілген Әбу Уаққастың ұлы Саад Хазіреті Әбу Бәкірге еріп пайғамбарымызға барады. Мұхаммед те (с.ғ.с.) ақиқатты ақтарып, оны баурай түсті. Хазіреті Саад сол мезетте мұсылмандықты қабылдағанын жария етеді. Хазіреті Саадтың ата-тегі әкесі жағынан да, нағашы жағынан да Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) туыстас болып келеді. Екеуінің де анасы зухра руынан болғандықтан бір-біріне бөле. Осы себепті Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) ылғи да: “Нағашың болса, Саадтай болсын” – деп жиі айтады екен.

Алайда Хазіреті Саадтың мұсылмандықты қабылдауы анасы Хамнаға ұнамады. Ұлы аталарының дінінен безіп, аналарының ризалығынсыз басқа сенімді қабылдауы қалай?! Ұлына әрдайым сөзін тыңдатып келген Хамна қалайда Саадты пұтқа табындырып, өз дегенін жасатпақ болады. Осы ниетпен бір күні баласына: “Сенің Аллаң “ата-анаға, туған-туысқанға жақсылық жаса, оларды ренжітпе” деп бұйырады дейсің. Өзің басқаша істейсің. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дінін тастап, пұттарымызға қайта оралып, бас имесең, мен аштық жариялаймын. Сонан соң сен өз анасының өліміне себепкер болған залым атанасың,”- деді. Хазіреті Саад бұл күнге дейін анасының айтқанын екі етіп көрмеген. Бірақ анасының бұл жолғы тілегі тіпті орынсыз еді. Өйткені, ол Аллаға иман келтіріп, елшісіне жан жүрегімен беріліп, не істесе де иман шеңберінде жасауға бекінген-ді. Анасына : “Анашым, күні бүгінге дейін тілазарлық жасамаппын. Мен ендігі жерде ақиқат әмірге мойынсұндым. Егер сенің жүз жаның болса, әрбіреуін Исламнан бездіру үшін құрбан етсең де, мен дінімнен қайтпаған болар ем. Себебі, мен үшін иман - ең қымбат қазына, ол - кез келгенге бұйырмайтын сыбаға. Ал, сен болсаң, қайдағы бір меңіреу пұттар үшін хақиқатты белінен басқың келеді. Бұл ойың жүз рет аштық жарияласаң да жүзеге аса қоймас. Айтқанымнан қайтпаймын десең, өзің біл”, – деді. Ұлының дініне беріктігіне көзі әбден жеткен Хамна ана жеңілгенін мойындады. Бұл Хамнаның жеңілісі емес, иманның күпірден басым түсуінің көрінісі еді. Осы оқиғадан соң Алла Тағала Анкабут сүресінің сегізінші аятын түсіріп, әдеп, ата-анаға құрмет мәселесінде мұсылмандық өлшемді белгіледі: “Біз адам баласына әке-шешесіне құрмет етуді бұйырдық. Егер олар (ата-анаң) білмейтін нәрсеңді маған серік қосуға сені зорлайтын болса, оларға (ата- анаңа) мойынсұнба. Ең ақырында маған ораласыңдар. Сол кезде барлық істеріңді өздеріңе білдіріп, бағасын Мен беремін.”

Хамна мұнымен де тынбай, ішін өртеген ыза оны тағы да жамандыққа итермеледі. Бір күні Хазіреті Саад намаз қылып жатқанда көрші-көлемін шақырып, үйдің есік-терезесін мықтап бекіттірді де: “Я дініңнен безерсің, я да өлерсің” –деп көңілін күпір басқан ана бар даусымен байбалам салды. Қараңғылық, надандық, Аллаға ортақ қосудың салдары пенде атаулыны аяусыз жауыз, мейірімнен ада мақұлық етті! Алайда қатыгез ана Хамна қанша тырысса да алға басқаны кері кетумен болды. Хазіреті Саадпен әлек боп жүргенде екінші ұлы Амир де мұсылман дінін қабылдап “масқара” етті… Безбүйректіктің шегіне жеткен Хамна енді Амирмен алысты: “Иманнан баз кешіп, дініңнен безбейтін болсаң, мына тұрған құрма ағашының көлеңкесін де паналамаймын, аштан өлемін!” – деп өзінше “сес” көрсетті. Аллаға деген иман шәрбатынан сусындап үлгерген Амир де ағасының ісін қайталады. Анасының әрекетін көрген Саад ашуға мініп: “Ішіп жемеймін деп ешкімді қорқыта алмайсың ғой. Тіпті айтарым қалмады. Осы қылықтарыңмен өзіңе тозақтан орын дайындап жүргеніңді білесің бе?” – деді. Иманның сарсылмас қуаты Хамнаны тағы да тоқыратты.

Мұсылмандарға мүшріктер ойларына келгенін жасап, күлкіге айналдырып азаптан аянып қалмайтын болғалы қашан… Бірде Хазіреті Саад бірнеше мұсылман бауырымен бірге Меккенің маңындағы Әбу Дубб мекенінде намаз қылып жатқан. Қастарына Әбу Суфиан бастаған бір топ мүшрік келеді. Олар жай тұрмай, ғибадаттарының түкке алғысыз екенін айтып әжуаламақ болады. Осы жерде қызыл-қырғын төбелес басталып кетеді… Хазіреті Саад қолына ілінген түйенің қураған сүйегімен мүшріктердің бірін ұрып, басын жарады. Мұндай қарсылық күтпеген, қан-жоса болған мүшріктер мұсылмандардың тегеурініне төтеп бере алмай беттері ауған жаққа қаша жөнеледі. Муминдер оларды тырқырата қуады. Осылайша Хазіреті Саад Алла жолында алғаш қан төккен сахаба ретінде тарихта мәңгі қалды. Сонымен бірге, ол жәннат сыйы ұсынылған он сахабаның ішінде жомарттығымен де ерекшеленген. Пайғамбарымыз тұсында Алла жолындағы күрестен кейін қалмаған. Ухуд соғысында дүниенің мақтаны – Хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) қорғау үшін кеудесін оққа тосқан. Мүшріктермен шайқаста ерлік көрсетіп, Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ешбір пендеге нәсіп болмаған “Әкем, анам саған құрбан болсын, ей, Саад, жаудыр оғыңды!” деген керемет сөздері де соған арналған. Хазіреті Әли “Фәдәкә әби уә умми“, яғни “Сен үшін ата-анам жан пида” дегенді Расулулла Хазіреті Саадқа арнап айтқан дейді.

Сол шайқаста Хазіреті Саад оқ атқан сайын пайғамбарымыз: “Иләһи, бұл сенің жолыңа” деп, онан соң: “Ей, құдіреті күшті Жаббар ием! Саад саған қол жайып дұға жасағанда оның тілектерін қабыл ет, сұрағанын бер. Атқан оғын да мүлт кетірме,”- деп дұға еткен. Алла Расулының дұғасы айны-қатесіз қабыл болатындықтан, Хазіреті Саад қаһармандығы, батылдығы және мергендігімен қатар тілеген тілегінің қабыл болуымен де жолдастарынан бір саты жоғары тұрған. Ислам дұшпандары оның қылышы мен оғынан қорықса, айналасындағылар дұға-батасынан сескенетін, оны ренжітпеуге тырысатын. Жалындаған жас шағында иманға келген Хазіреті Саад өмірінің соңына дейін Исламға қызмет етті. Хазіреті Омардың халифалығы тұсында Иранға бағыт алған әскерлердің қолбасшысы тағайындалып, жеңіске қол жеткізіп, Кисра еліне Исламның байрағын тікті… Осы себепті ол “Иранды алушы” атанған.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

 

[1] Қос нұрдың иесі.

Бөлісу: