23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Сыр сақтай аласың ба?

Мақалалар
Жарнама

Ата-балаларымыз ежелден ұрпағын әділдікке, адалдыққа, жауапкершілікке шақырып, құлағына «кісінің ақысын жеме», «сырға берік бол», «аманатқа қиянат жасама» деп асыл қасиеттеріді құйып отырған. Ар-ожданды биік қойып, адалдыққа ұмтылып, имандылықты бойына сіңірген ізгілердің ізін жалғастыру үшін имандылықтан,  ізгілердің тәлімінен үлгі алудың маңызы айрықша. Әсіресе, әр адам өзіне жүктелген істі «ардың ісі», «Алла разылығы болсын» деп сезініп, айтылған аманат сөзге қиянат жасамауы қажет.

Қасиетті Құранда: «...Сертті орындаңдар! Сөзсіз (қияметте) серттің де сұрауы бар!» - деп ескертеді [1]. 

Демек, сеніп тапсырған сырды жариялау – сол адамның қадір-қасиетін аяққа таптау болып саналады. Сыр – жасырын қалуы және әркімге айтылмауы керек болған нәрсе. Басқалар естісе, не ұятқа қаламыз, не ол жұмысымыз жүрмейді. Осы тұрғыдан сыр сақтау жетістікке жетудің маңызды себептерінің бірі. Сыр саналатын істер жасырын сақталуы ләзім. 

Сыр сақтау жөнінде Әнас ибн Мәлик (р.а.) айтады: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені бір шаруамен жұмсаған болатын. Сол себепті анамның алдына кешігіп бардым. Үйге келген кезімде анам сұрады:

- Неге кешіктің?

- Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені бір шаруамен жұмсаған еді, - дедім.

- Қандай шаруа? - деп сұрады.

- Бұл – сыр!

- Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сырларын ешкімге айтпа! – деді.» [2].  

             Мұнымен қатар, ерлі-зайыптылар арасында отбасылық сыр сақтау қажет. Бұл жөнінде Әбу Сайыд (р.а.): «Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алла Тағаланың құзырындағы ең жаман адам - әйелімен төсек қатынасында болғаннан кейін, өздеріне ғана тән бар сырды басқаларға жайған адам», - деп айтты», -  деген [3]. 

          Осы орайда, Ислам ғұламалары сыр сақтау һәм оның маңыздылығы туралы айтқандары жеткізуді жөн санаймыз. 

  • Сыр – адамның тұтқыны. Жария қылған кезде адам оның тұтқыны болады.

  • Бір мұсылман екінші мұсылманға сырын айтса, оны сақтау достық борышы болмақ 

  • Сырыңды ешкімге айтпа! Ақылдыға айтсаң, сені қор көреді. 

  • Ақымаққа айтсаң, басқаларға айтып, саған қиянат жасайды.

  • Сырыңды айтсаң, сенің ішіңе сыймады деген сөз. Онда өзгенің ішіне сыюын қалайша күтесің? Өз сырың ішіңе сыймаған болса, басқаның ішіне сыяды деп мүлдем ойлама. Өзіңді кінәла!

  • Ақылды адам – сыр-сандық.

  • Ақымақ шынын айтамын деп сырын айтар.

  • Сырыңды білгісі келген адамға сырыңды айтпа, сырыңды жария қылады.

  • Ақымақтың жүрегі аузында, ақылдының тілі жүрегінде. (Яғни ақымақ сыр сақтай алмайды, ақылды сырды жарияламайды.)

  • Сыр бір адамға айтылған болса, ол сыр болмай қалады.

  • Сырыңды досыңа айтпа, (досыңның да досы бар), ол да айтар досына.

  • Тақыр жерге су төксең, жүруге тайғақ болар. Жаманға сырыңды айтсаң, тар жерде айғақ болар.

  • Игі адаммен араздассаң да, жақсылығыңды айтып, жамандығыңды жасырады. Ал жаман адамдар достық біткенде жақсылығыңды жасырып, жамандығыңды айтады.

  • Сырды сақтай алатын адам өте аз кездескендіктен, сырымызды өзгелерге айтуымыз дұрыс болмайды. Ал өзгелердің бізге айтқан нәрселерін ұмытып, ешкімге айтпауымыз керек! 

  • Сыр-ар-ұят деген сөз. Мейлі өзінікі, мейлі басқаға тән болсын, кім оны сақтаса, ар-ұятын сақтаған болып есептеледі. Оны жұртқа жариялаушы өз қадір-қасиетін аяққа таптаған болып саналады. 

Қорыта айтқанда, Бауыржан Момышұлының мына қанатты сөзімен түйіндегенді жөн санаймын: «Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз, өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды» - деп адамның өзінің сақ болуын ескертеді.

Осы ретте сырласудан бөлек, ішкі сырыңды сақтай білу де маңызды істерден екенін ескере жүрген абзал. Сырға берік, сөзге бекем ұрпақ болуды Алла нәсіп етсін!

Бақдаулет Абдурахманов,

Нұр-Сұлтан қаласы «Нұр Астана» 

мешітінің найб имамы 


[1] Исра сүресі, 34-аят.

[2] Мүслім, Фазаилүс-Сахаба 145.

[3] Муслим, никах 123.   

Бөлісу: