28
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Зинадан да ауыр күнә

Мақалалар
Жарнама

Адамның денесінде, тегінде, мінез-құлқында, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниесінде, киімінде, үйінде, тіпті жануарларында болған бір кемшілігі артынан айтылса, яғни ол кісі естіген жағдайда ренжитіндей сөз айтылған болса, мұны ғайбат дейді. Сондай-ақ, естігенде ренжитін сөзді бетіне айту да күнә болып табылады.

Құран Кәрімде мұсылмандардың бір-бірінің сырттарынан ғайбат сөз айтып, бір-бірлерін мазақ қылуға қатаң тыйым салынған.: «Ей, иман келтіргендер! Бір адамдар басқа бір адамдарды келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман?! Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында ойлардың кейбірі күнә. Бір-бірлдеріңді аңдыспаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді». (Хужурат, 11, 12)

Әнас ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, оларымен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жәбірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намысына тиіп, олардың етін жегендер», – деді». (Ахмет)

Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады. Бір мұсылманның күнәсі және кемшілігі айтылғанда басқалардың «әлһамдулилләһ біз ондай емеспіз» деулері ғайбаттың ең жаманы болып табылады. Біреу туралы айтылып жатқанда «әлһамдулиллаһ, Алла бізді олай арсыз етпеді» деген сияқты сөздермен оны жамандау өте жиіркенішті ғайбатқа жатады. «Пәленше өте жақсы кісі, бірақ ғибадаттағы мына кемшілігі болмаса, тіпті жақсы болар еді» деу де ғайбат болады. Хужурат сүресінің он екінші аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды.

Әрбір кісі ғайбат еткенде сауаптарының азайып, басқалардың күнәлары өзіне жүктелетінін үнемі есінде тұтқаны абзал.

Ғайбат – фитна

«Бақара» сүресінің 191-ші аятында: «Фитна, адам өлтіруден де жаман», - делінген. 

«Қалайша фитна адам өлтіруден де жаман болады?», - деп айта алмағанымыз секілді: «Қалайша ғайбат зинадан да жаман болады?», - деп те айта алмаймыз. Адам өлтіру бір күнә болса, фитна (алауыздық) шығару бірнеше күнәларға себеп болуы мүмкін.

Фитнаның бірнеше мағынасы бар. Ең көбіне күпірлік, арабұзушылық, іріткі салу, бөліп-жару, бәле, емтихан сияқты мағыналарға келеді. Фитна көптеген мұсылманның қанының төгілуіне немесе бір мұсылман елдің кәпірдің қолына өтуіне себеп болуы мүмкін.

Кімде кім нәпсісіне, шайтанға яки жаман досына еріп зина істеген болса, кейін өкініп, тәубә етіп, ондай істен бойын мүлдем аулақ салатын болса, Алла Тағала оның тәубесін қабыл етеді. Бірақ ғайбат ету, сөз тасу бірнеше фитналарға себеп болуы мүмкін. Ғайбат күнәсына кіру оңай және зиянының да шегі болмайтындықтан, одан қайтару үшін бұл хадис шәриф қуатты ескерту.

Ғайбаттан бойын аулақ салу, сөз тасудан және басқа да күнәлардан қашу нәпсімен жиһад ету болып саналады. Ал бұл өз кезегінде өте сауапты, қайырлы амал.

Ғайбаттың зияны

Ғайбаттың зияны туралы хадис шәрифтерде былай бұйырады: «Біреу туралы айтылған кемшілік ол адамда бар болса ғайбат болады, жоқ болса жала болады». (Муслим)

«Төрт адамның тартқан ауыр азабынан жаһаннамдағылар мазасызданады. Біріншісі оттан жасалған табыт ішінде, екіншісі асқазандарын жерге сүйретіп жүреді, үшіншісі қан мен ірің құсады, төртіншісі өз еттерін жейді. Біріншісі қарыздар болып өлген. Екіншісі зәрден сақтанбайтын (таза жүрмейтін) еді. Үшіншісі әдепсіз сөйлейтін. Төртіншісі ғайбат және өсекпен айналысатын еді», (Табарани)

«Бес нәрсе ораза және дәретте игілік қалдырмайды: өтірік, ғайбат, сөз тасу, шәхуатпен харамға қарау, өтіріктен ант ішу». (Дәйләми)

Расулулла (с.ғ.с.) ғайбат еткен адамға: «Тәубе ет, бауырыңның етін жедің», - деп бұйыратын. (Табарани) 

Ғайбаттың кәффараты

Ғайбат етудің кәффараты - өкініп тәубе ету және ғайбатталған адамның разылығын алуда. Күнәсіна іштей өкінбестен разылығын алу рияға жатады, тағы бөлек бір күнә істеген болады. Ғайбаттың кәффараты – ғайбатталған адамның кешірілуі үшін дұға ету.

Мұсылман ғайбат сөз бен нақақ айтылған өсектен аулақ, өйткені ол ислам дінінің  құндылықтары мен қағидалары негізінде тәрбиеленіп, қалыптасқан. Соның  арқасында ол мұндай түкке тұрғысыз нәрселерден бойын аулақ салып, өміріндегі ең маңызды істерге ден қояды.

Мұсылман бауырлары туралы біреулер ретсіз сөз айтатын болса, оны ғайбаттан қорғау керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім өзінің бауырын ғайбат сөзден қорғайтын болса, онда Алла міндетті түрде оны оттан құтқарады», - деген. Сонымен бірге шынайы мұсылман ешқашан өсек айтпайды, өйткені ол өсек айту арқылы өзгелер арасында араздық тудырады, достар арасында іріткі салады. Адамдар арасына от тастайтын өсекшілерді бұл дүниеде бақытсыздық күтіп тұрса, ал о дүниеде қандай жазаға ұшырайтыны белгілі.  Хадисте: «Өсекші жұмаққа кірмейді», - делінген.

Үлкен күнәнің бірі - адамдар арасына сөз тасу. Мұсылманға ғайбат айту сияқты сөз тасып, адамдардың арасына от жағып, араздастырудан сақтау уәжіп болып есептеледі. Пайғамбарымыз  хадисінде: «Біреуге қолымен немесе тілімен зәредей зиянын тигізбеген адам - нағыз  мұсылман», - дейді.

Ғайбатқа қатысты білуіміз керек тағы бір жайт, ауыздан шыққан әрбір сөзді жазып алатын періштелер бар. Алла Тағаланың құзырына барғанда бұл сөздер кітап болып алдымызға әкелінеді. Сол себепті әрбір сөзімізге мұқият болған жөн. «Кім Аллаға, қиямет күніне сенсе, сөйлесе жақсы сөз айтсын, жақсы сөз айтпаса тыныш отырсын», - деп хадисте бекер айтылмаса керек. Дана қазақ халқы «басқа бәле – тілден» деген.

 Момын кісі - тек жүрер,

Залымдарда кек жүрер.

Тек жүрмеген  кісінің,

Еңбегі  зая  жүрер.

Ісің Құдай салмасын,

Жетесі жоқ жаманға.

Ұстап берер табанда,

Итере  салар  аранға.

Бақылға  берген бақ,  дәулет,

Итке  теңге  таққандай.

Жаманнан  шығар шірік сөз,

Шәк  ұрып шаян шаққандай.

Жақсымен  болған үлпәтің

Машырықтан таң атқандай,

Білмеген сөзді білдірер

Сауалдап сауат  ашқандай.

Ғалымдарға ілессең.

Ұғарсың адал-арманды.

Залымдарға ілессең,

Көрерсің ақыр залалды, - дейді  Майлықожа өзінің нақыл сөздерінде.

Иә, ғайбаттың не екенін және оның зияндарын білетін адам ғайбат айтудан құтылады. Мәселен жыланның зиянын білетін адам жыланмен ойнай ма? Жыланды қойнына алып жата ма?

Ғайбаттан сақтанудың жолдары

Ғайбаттан жаныңды таза ұстау үшін мына нәрселерді ескеріңіз:

1- Ғайбаттың зиянын ойлау керек! Ғайбат етумен сауаптарының өшірілетінін, тіпті ғайбаттаған адамының күнәлары да өзіне жүктелетінін білу керек! Хадис шәрифте былай бұйырылды: «Қияметте сауап дәптері ашылған адам, «дүниеде болған кезде мынадай ғибадаттарды жасаған едім, мұнда жазылмапты» дейді. «Олар өшіріліп ғайбаттаған адамыңның дәптеріне жазылды» делінеді». (Исфахани)

2- Ғайбат дүниеде де атыңа кір келтіреді, өсекші деген атқа қалдырады. Хадис шәрифте былай бұйырады: «Ғайбат еткен адамды тыңдаған адам да бұл күнәға ортақ болады». (Табарани)

3 - Бір адам басқа бір адамға ренжісе оны жамандауға тырысады, оны ғайбат етеді. Ал біреуге ренжігені үшін өзін тозаққа тастаудың ақымақтық екенін білетін адам ғайбат етпейді. Ғайбат етумен оған зиян келтірген болмайды, керісінше өзін пәлекетке түсірген болады. Оған қоса жақсы көрмейтін адамының күнәларын алып, орнына өзінің сауаптарын берген болады.

4 - Кейде адамдарды күлдіру үшін, қуандыру үшін де ғайбат айтылып жатады. Адамдарды қуандыру үшін Алланың ашуына ұшырауды қалау ақымақтық емес пе?

5 - Ғайбат ететін адам, мақтануды, адамдардың өзі туралы айтып жүрулерін қалайды. Ол үшін әр түрлі әдістерді қолданады. Мәселен «пәленше өте нашар тұрады» деп айтады. Бұл сөзімен «менің тұрмыс жағдайым жақсы» дегенді айтпақшы. Өзінің жомарт екендігін білдіру үшін «пәленше өте сараң адам» дейді. Егер осылай ғайбат айтқанды тыңдаған кісі ақылды болса, онда өзін бұлай мақтаған адамға еш мән бермейді. Тыңдаушы ақылсыз, надан болса, қосыла ғайбат етсе, оның сөзіне мән беретін болса не ұтады? Нендей пайда табады?

6 - Өзгелерді ғайбаттап кемшілік іздейтін адам өз кемшіліктерін көре алмайды. Ал өзінің кемшіліктерімен әуре болған адам басқалардың кемшілігін байқамайды. Мұнан өзгеден кемшілік іздеп, жамандап жүрген адам, өзінің кемшілігін көре алмайтын надан, ақымақ екендігін аңғарамыз.

7 - Ішітарлар (көре алмаушылар) мал-мүлкі бар, дәулетті адамдарды жамандайды. «Мал-мүлкі көп бірақ жеуді білмейді, өте сараң адам» деп айтады. Немесе жоғары лауазымдағыларды жамандайды, «директор болдым деп кісі болып қалыпты» дейді. Бұлай айтумен ғайбатталған адамның малы да азаймайды, лауазымынан да түсіп қалмайды. Керісінше іштарлығы одан сайын қоза түседі. Оның үстіне ғайбат ету күнәсына булыққаны үшін сауаптарын жақсы көрмейтін адамына берген болады.

«Нұр-Астана» мешіті

бірінші наиб имамы

Ақжігітов Бекзат Қалибанұлы

 

Бөлісу: