27
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Азанның қасиеті мен сауабы

Мақалалар
Жарнама

Тәуелсіздігімізбен бірге келген қастерлі әрі бірегей құндылықтарымыздың бірі – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанған ислам діні. Ал, азан – мұсылманшылық дінінің ең басты рәміздерінің бірі.

Өткен тарихымызға үңілер болсақ, бастан кешірген зауалды күндерде ең үлкен қасіреттердің бірі дінге жасалған қиянат, азанның үнін өшіру еді. Кеңес кезіндегі Қазақстанның соңғы қазиі қызметін атқарған Сәдуақас қажы Ғылмани бұл қиыншылықты өзінің «Елестейді көзіме» деген өлеңінде былай жеткізеді:

...Азан дауысы аймақ жарып күңірентіп,

Діншіл затты естіп қалған төңірентіп

Иесіне құлдығына ес кетіп

Жүгіргені елестейді көзіме[1].

Сәдуақас қажы Ғылмани аңсаған азан дауысы қазір, Аллаға шүкір,  Тәуелсіз Қазақстанның мыңдаған мешіттерінен күңіреніп жатыр. Ылайым ұзағынан сүйіндірсін!

Осы азанның діндегі орнын, оның қасиетін, азан туралы Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін қаншалықты білеміз. Енді сол жайында аздап пікір білдіруге тырыссақ. Азан жайында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) күнімізге дейін жеткен көптеген хадис-шәрифтер бар. Мәселен, Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Адамдар азан шақыру мен намаздың алдыңғы сапында тұрудың не екенін (қайыры мен сауабын) білсе және бұған қол жеткізу үшін жеребе тартудан басқа шарасы болмаса, міндетті түрде жеребе тартар еді!»[2]. Міне, азан шақырудың қаншалықты ізгі амалдың қатарына жататындығын Алла Елшісінің (с.ғ.с.) осы және осыған ұқсас басқа да хадистерінен түсінуге болады.

Сондай-ақ басқа бір хадисте: «Намаз үшін азан шақырылған кезде шайтан ол жерден зуылдап алыстайды, азан естілмейтін жерге дейін қашады. Азан аяқталған соң қайта келеді. Қамат айтыла бастаған кезде тағы қашады, қамат біткен соң қайта келіп адам мен оның жүрегінің арасына кіріп, мынаны есіңе ал, мынаны ойла деп алдында ойламаған нәрселерімен уәсуәса береді, азғырады. Тіпті, бұған кіріп кеткен адам неше рәкағат оқығанын білмей қалады»[3]. Мінеки, азан шақырылған жерден шайтанның қашуы азанның қасиетін білдірсе керек.

Азан тек қана намаз уақытын білдіретін, намазға шақыратын сөздердің жиынтығы ғана емес, дінің басты қағидаларын да мұсылмандардың есіне салып тұратын басты үндеу. Сондықтан азаншының да үлкен сауапқа кенелетіндігін тіпті адамдар арасындағы орны Пайғамабарымыздың (с.ғ.с.) қасиетті хадистерінде былай сипатталады:

Ибн Аббастан келген риуаят бойынша: «Кімде-кім жеті жыл сауабына сене отырып азан шақыратын болса, Алла осыны, оның тозақтан құтылуына кепілдік қылады»[4] дейді.

Әбу Һурайрадан (р.а.) келген тағы бір хадис-шәрифте: «Азаншы дауысының жеткен жеріне дейін кешірімге (мағфират) ие болады. Құрғақ және су барлық нәрсе оның пайдасына куәлік етеді. Намазға қатысқан адамға жиырма бес есе намаз жазылады және екі намаз арасындағы күнәсі кешіріледі»[5] делінеді.

Абдулла ибн Абдуррахман ибн Әби Сағсада жеткізген хадисте Әбу Сайдке Пайғамабарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Сен қой баққанды, қырда жүргенді жақсы көресің. Қырда жүргенде намаз азанын шақырсаң, дауысыңды қатты шығар. Өйткені азаншының дауысын адам, жын және басқа не естісе де қиямет күні оның пайдасынан куәлік етеді»[6]. Олай болса үйде де, түзде де азан шақырған адам дауыстап шақырғаны абзал болады.

Ибн Амр ибнул-Ас (р.а.) риуаят еткен хадисте: Бір адам: «Уа, Алланың Елшісі! Азаншылар (сауап жағынан) бізден жоғары. (Оларға жету үшін не кеңес бересіз)? - деп сұрады. Сонда Расулулла (с.ғ.с.): «Олардың айтқандарын сен де қайтала. Азан біткен соң қалағаныңды тіле, саған да сондай (сауап) беріледі» деді. Азан оқудың артықшылығы жайында осыған ұқсас көптеген хадистер жеткен. Тіпті Мұғауиядан (р.а.) жеткен хадисте: «Азаншылардың бойы қиямет күні басқа адамдардан ең ұзын болады» (Мүслим).

Қарап отырсақ, азанның діндегі орны мен қасиеті орасан. Жаңа туылған сәбидің құлағына азан айтылуы да бекер емес. Олай болса, мешіттерде күніне бес мәрте қайталанып жатқан Алланың үндеуіне бас иіп, тақуа құлдарының қатарына қосылу үшін азаншының айтқан сөздерін қайталап, мешіттерге бет бұрсақ екі дүниенің пайдасына кенелудің алғышартарының бірі болмақ. Өйткені Әбу Сайд әл-Худриден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Азанды естісеңіз азаншының айтқандарын қайталаңыздар!»[7] дейді.

Қорыта келгенде, азанның екі дүниеде де пайдасы бар. Алла Тағала баршамызды азанның дауысымен оянып, Алланың парыздарын лайықты орындаған құлдарынан қылсын! Алла тәуелсіз еліміздің аспанында азан дауысының қияметке дейін жалғасуын нәсіп бұйырсын!

Мұхит Көпжасар,

«Нұр Астана» мешітінің азаншысы


[1] Ғылмани С. Шығармалары/Құрастырған Д. Қамзабекұлы. –Алматы, «Ел шежіре», 2011. -392 б.

[2] Бұхари, Азан, 9, 32; Шәһадат, 30; Мүслим, Намаз, 129; Тирмизи, Намаз, 166.

[3] Бұхари, Азан, 4; Мүслим, Намаз, 19.

[4] Тирмизи, Намаз, 152.

[5] Ибн Мәжа, Азан, 5.

[6] Бұхари, Азан, 5: Нәсаи, азан. 14.

[7] Бұхари, Азан 7; Мүслим, Намаз, 10; Әбу Дәуіт, Намаз, 36; Нәсаи, Азан, 33.

Бөлісу: