29
Жұма,
Наурыз

һижри

Бақытты адамның алты сипаты

Мақалалар
Жарнама

Мына аталған алты сипат сіздің күнделікті әдетіңізге айналған игі іс болса және оны өз өміріңізде орындап жүрсеңіз, онда сіз сөзсіз бақытты жансыз!

 

Кез-келген сынақты қуанып қарсы алған жан – бақытты! Әрбір адам түрлі қиындықтарға тап болуы немесе басына ауыр жағдай туғанда әл-дәрмені таусылуы әбден мүмкін. Сынақсыз өмір ұстазсыз сынып сияқты, ешнәрсе үйрене алмайсың.Осындай жағдайларда адам баласының жұбанышы – сабыры ғана. Өйткені, сабыр сақтай білу өмірдің тауқыметін жеңе отырып, жаңа ғұмырға жол ашады. Сабырлы жандар қандай қиындықты да төзімділікпен қарсы алады. Жеңіс сабырлылықпен келеді. Жеңілдік ауырлықпен болады. Сынақ – қонақ. Оны күліп, қуанып қарсы алған сайын Алланың алдында дәрежең өседі. Құранда: «Босаңсымаңдар әрі қайғырмаңдар, егер, иманды (мүмін) болсаңдар, сендер жоғарыдасыңдар» («Бақара» сүресі, 139-аят) делінген. Ал, сабыр – иманның жартысы. Адамның адамгершілік қасиеті қиын сәтте білінеді. Ендеше өмірдің сынынан сүрінбей, сабырдың сыйына бөленуді Жаратқан Алла саған да нәсіп етсін!

Кіммен дос болғанына мән берген адам – бақытты! Жаныңыздағы досыңыз өзіңізден де жақсырақ болсын. Жақсы дос сізге өзінің адамгершілік қасиетін де, адал достығын да қатар ұсына алады. Өзінің бойында жақсы қасиеттерді қалыптастырғысы келген адам, ең алдымен, досының кім екенін ойлануы керек. Өйткені, аралас-құралас болып жүрген жолдастарыңыздың сіздің мінезіңізге де, әдебіңізге де, өмірге деген көзқарасыңызға да әсері тимей қоймайды.  Осыны ұғындырғысы келген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір асыл сөзінде жақсы дос пен жаман достың айырмашылығын мынадай мысалмен баяндап береді: «Жаман жолдас пен жақсы жолдастың (айырмашылығының) мысалы әтір сатушы саудагер мен от үрлеуші ұста сияқты. Әтір сатушы саған сыйлық жасауы мүмкін, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, тым құрығанда одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұста сенің киіміңді күйдіреді, күйдірмесе де, одан шыққан жағымсыз иісті сезесің» (Бухари, Муслим) деді.

Әрдайым тек шындықты ғана айтып үйренген жан – бақытты! Аллаға шыншыл тілден сүйікті нәрсе жоқ. Өтірік сөз әрқашан күрделі, әрі бұлдыр, бұлыңғыр болады. Әрқашан шындықты айт, сонда артық ештеңені есте сақтап жүрудің қажеті жоқ. Шындықты айт, жұрт сені, қандай болсаң, сондай күйде қабылдасын. «Ешкім түсінбесе де – шындықты айт. Ешкім бағаламаса да – жақсылық жаса» деген қанатты сөз осыған дәлел. Өзіңе адалға – адал бол.Өзіңе әділге – әділ бол. Мейіріміңді бағалайтынға – мейірімді бол. Барлық ортада шынайы бол, шын келбетіңді көрсетіп жүрсең, өмір сүру әлдеқайда жеңіл болады. Өйткені,  шынайылық әлі ешкімді ұятқа қалдырған емес.

Қиналған жанға қол ұшын созғандар – бақытты! Жүректің тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Жүрек қай кезде тыныштық табады? Алланы жиі еске алғанда, біреуге жақсылық жасап, қуантқан кезде, қолыңызда бар нәрсені өзгемен бөліскен кезде. Оң жаққа қарасаң да, сол жаққа қарасаң да, қиналған жанды көресің. Әр үйде өмірдің тауқыметін тартып, көз жасын төккен жан бар. Қиыншылыққа төзіп, сабырмен күн кешіп жатқандар да жоқ емес. Көшеде, қоғамдық көлікте, кез келген ортада жаны жабырқаған жанды көрсең, қолыңнан келгенше жұбатуға тырыс. Бір үзім нанға мұқтаж жанға қолыңда бар азықты ұсын. Мейірімге мұқтаж жандарды жылы сөздеріңмен баурап ал, киерге киімі жоқ жандарға өзіңнің артық киімдеріңді бер. Айналаңа қал-қадеріңше жақсылық жасауға тырыс. Ниетің мен пейілің түзелген сайын Алла хəліңді жақсартады. Өзгеге жақсылық ойлаған сайын жақсылық саған ойламаған жерден келеді.

Адамдарды кешіре білетіндер – бақытты! Жүрегіңді жағымсыз сезімдерден тазарт – сені ренжіткен адамдарды кешір. Жүрегіңді уайымнан босат – уайымның көбі пайдасыз. Ұйықтар алдында адамдарды кешіре біл. Жаны кеудесінен бұрын шығатын сен бе, олар ма? Білмейсің... Алла кешірімді адамдарды кешіреді. Пайғамбарымыз (оған алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мейірімге бөлемеген, мейірге бөленбейді», – деген еді. «Қиямет күні бір дауыс: «Сауабы Аллада болғандар шықсын, жәннатқа кірсін!», – деп жар салады. «Бұлар кімдер?», – деп сұралғанда: «Адамдарды кешірген, кешірімшіл жандар», – дейді. Осылайша көптеген адамдар есепке тартылмастан жәннатқа кіреді» (Ибн Әбиддуня). Қандай керемет! Мұсылман өз бауырына деген ашуын басуға өз бойынан күш табады. Бауырын кешіруді өзін төмен қою деп те, өзін масқара жағдайда қалдыру деп те түсінбейді, керісінше, ол мұны белгілі бір жағдайда өзін Аллаға жақындата түсетін, оны Алланың махаббатына ие ететін жақсы іс ретінде бағалайды.

Алланы тануға ұмтылғандар – бақытты! Өмірдегі адамдық борышымыздың бірі – өзімізді жоқтан бар етіп жаратып, ризық-несібелі еткен Алланы тану, Оның бұйырғанын орындап, тыйғандарынан алыс болу. Тілін кәлимаға келтірген кез келген иманды жан «Алла бір, пайғамбар хақ, Құран шын» деген қағидамен өмір сүреді. Кез-келген ақыл иесіне ең бірінші парыз болған құлшылық – Алланы тану. Неліктен? Себебі, Құдайын танымаған адам дұрыс әрі ықыласпен құлшылық жасай алмайды. Сіз анаңыз бен әкеңізді, жарыңызды жақсы көресіз, өйткені, жақсы танисыз. Ақиқатында, Құдайды жақсы көру, Одан қорқу, үміттену де – Оны танумен келетін қасиеттер. Шынында осыншама алып ғаламды жаратып, оған жүйелі тәртіп орнатқан бір ұлы құдіреттің бар екенін әрбір ақыл жүгірткен пенде мойындары хақ. Өйткені, жаратқан Алла ақылымыз арқылы өзін тануға мүмкіншілік берді.

«Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен» деген ақын Мұқағали Мақатаев:

«Жаратушы, жалғыз Ием, қуат бер.

Азабымды-тозағымды жеңейін.

Жаратушы, жалғыз Ием шуақ бер,

Өзіме де, өзгеге де төгейін», – деп өз заманында бір Алладан медет тілеген.

ummet.kz

Бөлісу: