22
Жұма,
Қараша

һижри

Біздің әлсіз жеріміз

Біздің әлсіз жеріміз

Мақалалар
Жарнама
Үйіңізге келіп отырып, өзінің бір істерімен айналысып, бар қажеттіліктеріне қол жеткізіп, сізбен тіпті аман-саулық сұраспай кетіп қалған қонақты елестетіңізші?... Қонақтың бұл қылығының соңы не болары анық! Ал, бұл ерсі қылық апта сайын немесе тіпті күн сайын қайталансша ше? Өкініштісі, өзіміз дәл сондаймыз, тіпті оны байқамаймыз да.
 
Алланың үйіне бару – Алла Тағаланы зиярат ету
 
Мешітке барған адам хадисте Алла Тағалаға барған адам сынды деп сипатталады (Шуабул Иман, 2943 хадис, сонымен қатар, Тахрижул Ихия, 408 хадисті қараңыз).
 
Бірде бір сахаба пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітіне кіріп, отыра кетеді. Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған ескерту жасап: «Отырмас бұрын екі бас намаз оқуыңа не кедергі болды?»,- деп сұрағанда ол: «Уа, Алланың елшісі, мен оқымақ болдым, алайда, өзгелердің отырғанын көріп, мен де отыра қалдым»,- деп жауап береді. Оның бұл сөзіне жауап ретінде Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
 
«Кімде кім мешітке келер болса, екі ракағат сәлем намазын оқымастан, отырмасын» (Сахих Муслим, т.1, 248 б)
              
Әбу Қатада (ол кісіге Алла разы болсын) пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне:
 
«Мешіттің ақысын бер»,- дегенін жеткізген. Ол сонда мешіттің ақысы не екенін сұрағанда Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Отырмас бұрын оқылатын екі бас намаз»,- деп айтқан. (Сахих Ибн Хузейма, 1824, Фатхул Бәри, 1/ 696 бет; 444-хадис)
 
Бұл екі ракағат намаз тахийәтул-мәсжид (сәлем намазы) деп аталады. Ғалымдар бұл сәлем шынымен де Алла Тағалаға берілген сәлем, себебі мешіт оның үйі дейді (Тахтауи, 215-бет; Шами, 2/18-бет)
 
Жоғарыда келген хадистерден пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намазға аса мән бергенін байқауға болады. Көпшіліктің арасында бұл намаз сүннет болып саналса, кейбір ғалымдар уәжіп деп санаған. (Фатхул Бәри 1/ 696 бет; Шами 2/18-бет)
 
Қиямет күнінің белгісі
 
Біздің қоғамымызда бұл амалға атүсті қарау хадисте Қияметтің бір белгісі ретінде айтылып қойған. Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қиямет күні жақындағанда адам мешітке келеді, алайда екі ракағат сәлем намазын оқымайтын болады деген. (Фатхул Бәри ли Ибн Раджаб 3/277-бет; «Мәжмағу з-Зауаид» 2/ 24 бет)
 
Ғалымдарымыз бұл амалды біліп тұрып жасамау мәкруһ деп санайды, сондықтан да мешітке кірген кезде әдебін сақтауға тырысайық. Алла қаласа, осы намаз арқылы біз Алла Тағаламен және мешітпен байланысымызды арттырамыз.
 
Мешітке кірген кезде отырмас бұрын кез келген екі ракағат намаз (парыз, нәпіл) оқылса, сәлем намазы оқылған болып саналады деп айтқан фақиһ ғалымдар. Мешітке кірген адам сәлем намазын ұмытып отырып қойып, кейін қайта тұрып оқыса да болады. (Шами 2/18-бет)
 
Мәкруһ уақытта сәлем намазын оқуға болмайды
 
Ханафилік фақиһтар егер адам мешітке нәпіл намаз оқылмайтын уақытта кіретін болса, сәлем намазын оқуына болмайды дейді. Ол адамның Алланы зікір етіп, тәсбих тартқаны абзал. (Тахтави 215, Шами 2/18)
 
Нәпіл намаз оқылмайтын мәкруһ уақыттар мыналар:
 
  • Таңертең фәжри садық көкжиек ағарғаннан күн шыққанға дейінгі уақытта (Сахих Бухари, хадис 586, Сахих Муслим, т.1, с.275)
 
  • Түскі уақыт (Сахих Муслим 1/276)
 
  • Екінті намазынан соң күн бастқанша дейін (Сахих Бухари, хадис 586)
 
  • Жұма құтбасында (Насбур-райә 2/201-202)
 
Қазіргі уақытта бұл сүннетке немқұрайлы қарау алаңдатарлық жағдай болып отыр. Алла Тағала бұл намаздың мәнін түсінуді баршамызға нәсіп етсін. Әмин!
Мұхаммад Абасұмар
azan.kz
 
Бөлісу: