22
Жұма,
Қараша

һижри

Тәуекел - ер жолдасы

Тәуекел - ер жолдасы

Мақалалар
Жарнама

Тәуекел - Ислам дінінде ерекше орын алатын Алла Тағалаға ғибадат етудің жоғары түрі. Қазіргі заманда Ислам дінін ұстанып жүрген мұсылмандар тәуекел етудің маңызын, оның қадір - қасиетіне көңіл бөле бермейді.

Адамдардың қысылтаяң шақтарында Жаратқанға жалбарынып, тәуекел етуі нағыз мұсылмандықтың белгісі. «Ер жолдасы - тәуекел» деп тәңірге шынайы тәуекел етуді тіршіліктің басты негізі етіп алған ата - бабаларымыз хақиқи иманның үлгісін көрсетті. Тіршілікте Алла Тағаланың қолдауына үміт артып, «нар тәуекел» деп білекті сыбана әрекет ету қазаққа тән қажырлылық қасиеті. Содан болар ел аузында мынадай ұлағатты сөздер кең тараған: «Уайым түбі - тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі - жел қайық, мінесің де өтесің», «ер жолдасы – тәуекел», «тәуекелшіл тау жығар». Мұндай шынайы имани ұстаным діннен алынған тағылымның нәтижесінде пайда болғандығының белгісі. Мұны Ардақты аяттар мен хадистер айғақтайды.

Сондай-ақ Тәуекел - Ислам дінінде ерекше орын алатын Алла Тағалаға ғибадат етудің жоғарғы түрі. Алла Тағала Құран Кәрімде иман еткен құлдарына иманды тәуекелдің шартынан қылды: Егер иман еткен болсаңдар, Аллаға тәуекел етіңдер«[1,5,б.23]. Яғни, тәуекел болмай иманның кәміл болмайтындығына, сонымен қатар тәуекел мен иманның бірге болуы шарт екенін көрсетеді. Және Алла Тағала тәуекелдің әсері жайында тағы бір аятта баяндайды:

ومن يتوكل على الله فهو حسبه

«Кім Аллаға сүйенсе, Алла оған жеткілікті» [1,65,б.3]. Расында Құдіретті Алла оларға жеткілікті. Осымен олар абзал болады. Алла Тағала айтады:

ومن يتق الله يجعل له مخرجاً

«Кім Алладан қорықса, оған шығар жол беріледі» [1,65,б.2]. Алла құлына қажетін білдіреді, Алла Тағала тәуекел етушіге жеткілікті. Алла Тағала өзі жайында Құран Кәрімде хабар еткендей:

يحب المتوكلين

«Тәуекел етушілерді жақсы көреді» [1,3,б.159] деді. Бұл өте жоғары дәреже. Имам Ғазали айтқандай: сенің досың болған, киім - кешегіңді берген Алла Тағаланы махаббатпен ұлықта. Кімге Алла Тағала жеткілікті болса, оның сүйіктісі болса, жетекшісі болса, расында сүйіктісі сүйген адамына зарар тигізбейді, өзінен алыстатпайды және одан бет бұрмайды».

Анас (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) былай деп айтқанын жеткізді: «Кімде - кім үйінен шығар кезде: «Алла Тағала атымен, Аллаға тәуекел еттім. Алла Тағала күш қуатынан асатын ешқандай күш қуат жоқ», - десе. Оған: сен тура жолмен жүргізілудесің, (екі дүниенің жамандығынан) құтқарылдың және (кез - келген жаудың зұлымдығынан) қорғауға алындың» - делінеді де, шайтан одан алыстайды [2,4,б.6].

Тәуекел – мұсылмандардың тағдырға деген бекем сенімдерінің табиғи нәтижесі. Тәуекел еткен адам – Ұлы Жаратушысына ешбір шартсыз бас иіп, тағдырына, өзіне берілген үлесіне риза болған иманды жан. Тағдырға иман етіп, тәуекелге бел байлау – жалқаулық етіп, ай қарап, жұлдыз санау емес, керісінше, бар күшіңді салып, бар мүмкіншіліктеріңді қолданғаннан кейін нәтижесін Жаратушыдан күту. Себебі, Алла Тағала әрбір істің нәтижесіне жету үшін белгілі себептер мен заңдар жаратқан. Яғни, бидай екпей, егін өспейді, ауру емделмей, жазылмайды. Игі істер істеп, күнәлардан аулақ болмайынша, Алланың ризашылығы да болмайды, жәннат та қашық. Олай болса, тәуекел - еңбек етіп, тер төгіп, барлық керекті себептерді орындағаннан кейін нәтижесін Аллаға тапсырып, Жаратқанның берген үлесіне риза болу, бас ию [3,б.190].

Тәуекел - себептер тұрғысынан алғанда дүниедегі заңдылықтарға толық бағыну. Себептерге бағыну - оларға толығымен тәуелді болып қалу деген сөз емес, себептердің Жаратушысын естен шығармау. Тәуекел - құлдың дүниелік, мейлі ақыреттік бүкіл істерінде Алла тағаланы өзіне уәкіл етіп, істің нәтижесі жақсы болуы үшін тағдырына ризашылық білдіруі [4,б.216].

Біз осы тақырып жайында жазғанымызда көп нәрсені ұғындық. Бұл тақырып қазіргі таңда Аллаға иман етуші мұсылмандарға және ислам дінімен жаңадан танысып жатқан қарындас – бауырларымызға өте қажетті. Тәуекел Ислам дінімізде Алламен байланысатын жүрек ғибадатының бір түрі болғандықтан оны барша мұсылмандарға білу қажет.

Аллаға тәуекел ету - иман және Алла Тағаланы танудың үлкен жемістерінен, бақытқа жетудің және тыныштыққа бөленудің негізгі себептерінен. Тәуекел етушілердің денелері Алланың әмірлеріне бой ұсынған халде, Пайғамбардың (с.а.с.) және сахабаларының насихаттарына ерген күйде әрекет етеді. Әнәстен (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаһ тағаланың: «Егер құлым Маған бір сүйем жақындаса, Мен оған бір шынтақ бойы жақындаймын. Егер ол бір шынтақ бойы жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындай түсемін. Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп келемін», - деп айтқанын жеткізді» – делінген [5, тәухид 50]. Аллаға тәуекел етушілер жоғары дәрежеге жетті, олардың жүректері Алланың жанында тыныштық тапты, Оған ғана сүйенеді, Оған ғана сенім артады, Оған ғана бағытталады және Одан ғана көмек іздейді. Өйткені қалағанын жасаушы тек Алла Тағала ғана.

Бегалинова К.К
ҚазақҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры
Мұқан Н.
ҚазақҰУ дінтану жəне мəдениеттану кафедрасының оқытушысы, PhD.
Байзақ М.М
ҚазақҰУ дінтану жəне мəдениеттану кафедрасы, исламтану магистранты.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Құран Кәрім. Халифа Алтай қазақша мағына және түсінігі. Сауд Арабия, 1991 ж
  2. Ибн Абу Даут, әл-Масахиф, Бейрут. «Дару әл-башайр әл-исламия»,
  3. Қайрат Жолдыбайұлы. «Имани гүл». Алматы.Ислам мәдениеті мен қолдау қоры, 2011 ж.
  4. Алау Әділбаев. «Кемелдік кілті» кітабы. Алматы. Ислам мәдениеті мен қолдау қоры, 2011 ж
  5. Сахих Бухари. Әбу Абдилла Мухаммед ибн Исмайыл. Әл-Жамус-сахих. Станбул, 1907 ж.

 

Бөлісу: