19
Жұма,
Сәуір

һижри

Ел аузындағы «асыл мешіт»

Ел аузындағы «асыл мешіт»

Мақалалар
Жарнама

Жаратқанның рақымымен жаратылған адам баласы жан жылуы мен мейірімге мәңгі ынтық. Қазір имандылық қат қасиетке айналды. Аузында Алласы бар, бірақ пиғылы теріс адасушылар исламдық сенімге селкеу түсіруде. Дүниеде асыл дініміздің абыройын айрандай төккен «төңкерісшілерді» ислам дінінің өкілі деуге ауыз бармайды. Сау ақылын сал қылып жүргендер имандылықтың ашық дұшпандары.

«Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Білім – діннің ұстаны» деген өсиетін ескерсек, имандылықтың тұтқасы ілім мен білімде. Ислам діні ізгілік пен жақсылықты көздейді. Бұл тұрғыда діни сауат ашу, білім жинақтау қат боп тұр. Ізденем деушілерге мол білім қоры бар. Бірақ, көп адам нақты қай бағыттағы діни ілімге жүгіну керегін біле бермейді. Ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі сеніміміз Ханафи мәзхһабын ұстану шарт. Жалпылама діни сауат ашу сабақтар мен дәрістер оқу орындарындарында өткізілетін болар. Алайда, ең қажеттісі жалпы халыққа арнаған діни ағартушылық шаралар мен басқосулар ұйымдастырылмайды. Көпшілік Ханафи мәзһабының амалдары мен оның мұсылманшылдықты қалыптастырудағы ролі жайындағы мағлұматтан бейхабар екені жасырын емес. Соның салдарынан, өскелең ұрпақ Исламның адамдыққа баулитын қасиеттерінен ада болып өсіп келеді», - деген қынжылысын жеткізді Қарағанды қаласындағы 3-мешіттің бас имамы Махммуд Нұрұлы.

«Бала қажы» мешітінің имамдары экстремистік ағымға ілесіп кеткен жастардың бетін бері бұруға айтарлықтай үлес қосқан. Облыстағы түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер мен орта және жоғары оқу орындарында студенттерге ақпараттық-ағартушылық насихат жүргізудің нәтижесінде, тек былтырғы жылы отыздан астам жасты дәстүрлі дінімізге қайтарған. Олар «уахабизм ағымының» және «таблиғи жамағат» ұйымының мүддесіне қызмет еткен.

«Ел ынтымағына нұсқан келтіретін, жат ағым жетегіндегі қандастарымызды дәстүрлі дінімізге қайтару жалғыз имамдардың міндеті болмауы керек. Өкінішке орай, қоғамда осындай ой қылаң береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кеңес қылған ел азбас» деп өсиет еткен. Олай болса, осынау рухани індетке отбасы, психолог-мамандар, теолог ғалымдар бірігіп, бел шешіп кіріскенде ғана оң нәтижеге күтуге болады», - дейді бас имам. Жасыратыны жоқ, жамағат қазіргі дін саласындағы зертттеуші теолог-ғалымдардың атын-жөнін білмейді. Телеарналар дін тақырыбын жиі қозғай бермейді.

Бүгінде өзге ұлттың арасында ислам дініне деген құрмет артып отыр. Жергілікті орыстар мен украиндар арасында өз еркімен мұсылмандықты қабылдап жатқандар көбейіп келеді. Жуырда Марина және Сергей есімді орыс ұлтының өкілдері осы мешітте мұсылман атанды. Күйеуіне – Жүсіп, әйеліне – Зейнеп деген мұсылман есімі берілген. Екеуі де зиялы, Зейнеп –мұғалім, Жүсіп – жаттықтырушы. Айтуларынша, Ислам – хақ дін. Наным –сенімдерін өзгертулеріне ғалымдардың мұсылман діні жайында жазғандағы ағартушылық еңбектері мен дәстүрлі дәрістер ықпал еткен.

«Исламның ұлы оқымыстылары имам Аш-Шафи, Шейх Ахмед Дидат, Батыс ғалымы Джеймс Миченер, Азиз Смиттің туындыларына илансаңыз, жаратушы Жаббар Иеміз Исламды барша адамзатқа нұр етіп жіберген», - дейді, бүгінде бес уақыт намазын қаза қылмайтын жүрегіне мұсылмандықты ұялатқан Зейнеп Кляцко. Бұл «Бала қажы» атындағы имандылық үйінің ұлт пен ұлыстың бірлігін бекемдеудегі әлеуетінің бір көрінісі.

Ислам діні көнеден бері білімнің қайнары, адамгершіліктің қазығы, бейбітшіліктің символы саналады. Ардақты Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.): «Білім имандылыққа алып барады, білім дінннің ұстыны болып есептеледі»-деген ілімін еске салсақ, адам бойындағы имандылықты оның ақыл-ой мен парасатының деңгейіне қарай таразылап, бағалау қажет. Иманы жоғары адам дауыс көтеріп сөйлемейді. Жақыны мен жатқа тілімен де, ісімен де зияндық жасамайды. Бас имам Махммуд Нұрұлының мәлімдеуінше, ең қиын іс өзіңдегі тәрбиені өзгенің бойына ұялату. Бірақ, тәрбие – қанмен даритын қасиет. Әйткенмен, тәрбиені ісіңмен көрсетіп, басқалардың жүрегін дарытуға болады. Имамның алдына күн сайын әртүрлі сауалдармен, мәселелермен пәтуа сұрап келушілер көп. Бұдан бөлек, тұрмыста, жұмыста психологиялық қиындыққа тап болғандар да Алла үйіне пана іздеп келеді. Олар меңзеген мешіт мейірімділіктің діңгегі десек, ондағы имамдар имандылықтың қазығы болса керек.

Мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Отбасы және Ислам жылы» аясында құрылған «Отбасы және Ислам» бөлмесі жұмыс істейді. Білімі мен біліктілігі жоғары имам-молдалар мен психолог-мамандар жаны жабырқап келген осынау жандарға ақыл-кеңес айтып, сауалдарына жауап беріп, бағыт-бағдар береді. Тәлімгерлік бағытты ұстанған Қарағанды қаласындағы «Бала қажы атындағы» мешіт ел аузында «асыл мешіт» аталып кеткен. Имандылық ұялаған киелі шаңырақты Майқұдық тұрғындары ғана емес, мұтқыл аймақ мұсылмандары қадір тұтады. Имани иммунитеті мықты имамдар болашақта асыл дініміздің абыройын көтеру жолында тың бастамаларды түрлендіруді жалғастырмақ ниетте.

Айтбала Сүлейменқызы,

Қарағанды қаласы

Бөлісу: