18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Ай тұтылғанда не істеген абзал?

Ай тұтылғанда не істеген абзал?

Мақалалар
Жарнама

Айдың тұтылуы яғни Күн мен Айдың арасына Жер шарының дөп келуін дінімізде хусуф деп атайды, ал, Күннің тұтылуы кусуф деп аталады. Күн мен Айдың тұтылуы кезінде Алланың адам баласына нәсіп еткен жарығы сөнеді. Жер бетін уақытша қараңғылық басады.

Ай немесе Күннің тұтылуы қиямет күні белгілерінің бірі болып саналады.  Қасиетті Құран Кәрімде бұл жайында: «Сөйтіп ол (ақырет сенімін мазаққа айналдырып): Әлгі қиямет күні қашан? – деп сұрайды. Қатты үрейден көздер қарығып, қарауытқан, Ай тұтылған, және Күн мен Ай бір-бірімен тоғыстырылған кезде. Міне, сол күні адам баласы: «Қашатын жер бар ма?!» - дейді. Жо-жоқ, (ол күні) бас сауғалап, паналайтын жер жоқ! Ол күні бәрінің барар жері Раббыңның құзыры болмақ. Ол күні адам баласына (дүниеде өз қолымен істеп, ақыретке) жолдаған жақсы-жаман істері түгелдей білдіріледі».[1]

Табиғаттағы мұндай құбылыстар Алла Тағаланың құдіреті мен ұлылығының нышаны. Құран Кәрімде «Негізінде, мұғжизаларымызды үрейлендіру үшін ғана жібереміз»[2] деген аят бар. Демек, үрейлі тосын оқиғалар адамдарды Алланың құдіреті мен ұлылығын мойындап, әлемнің кемел жаратылғандығын ойлап, тәубеге, құлшылыққа итермелейді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) Күн мен Айдың тұтылған сәтінде арнайы құлшылық жасап, дұға еткен және басқаларға да намаз оқуды бұйырған. Ай тұтылған уақытта үйіңізде екі немесе төрт рәкат намазды жеке-жеке іштей оқу құпталған, жақсы іс болып саналады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) баласы Ибраһим бір жарым жасында шетінеп кеткенде Күн тұтылған. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ай мен Күн Алланың бар екеніне әрі құдіреті шексіз екендігіне анық дәлел. Бұлар ешкімнің қайтыс болуына немесе өмірге келуіне байланысты тұтылмайды. Ай немесе Күннің тұтылғанын көрсеңдер, көзі ашылғанға дейін намаз оқыңдар, дұға етіңдер»[3], - дейді. Тағы басқа бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл екі жағдайда садақа беріп, құл азат етуді бұйырған[4].

Ғалымдардың зерттеуінше Шілденің 27-жұлдызында Жердің көлеңкесі Айды 4 сағаттан аса уақытқа толығымен жабады. Астрономдардың айтуынша бұл ХХІ ғасырдағы ең ұзақ Ай тұтылуы болмақ.

Ummet.kz


[1] «Қиямет» сүресі, 6-13 аяттар

[2] «Ниса» сүресі, 59-аят

[3] Бұхари, Кусуф 1/15

[4] Бұхари, Кусуф 1,2,6,9,15,17

Бөлісу: