Сәулет өнері мен дизайнда Еуропаға мұсылмандардан енген 6 жаңалық

Сәулет өнері мен дизайнда Еуропаға мұсылмандардан енген 6 жаңалық

Мақалалар
Құралдар
Шрифт
  1. Жәндіктерді оттан қорғауға арналған шамдар

Бүгінгі күні сырты абажурмен қапталмаған шам жоқтың қасы. Сырты абажурмен қоршалған шамдар бөлменің сәнін келтірумен қатар әдемі көлеңке сыйлап тұрады. Бірақ шамды сыртынан қоршап тұратын алғашқы плафондар әсемдік пен сәндік үшін жасалмаған еді. Олар Алланың әмірін орындау үшін ойластырылған болатын.

islamic architecture design01

Абажур жасау өндірісі осыдан 500 жыл бұрын Османлы империясында жолға қойылған. Мұсылмандар жарыққа ұмтылған жәндіктердің ашық отқа күйіп өлмесі үшін мешіттердегі шамдардың үстін керамикалық және шыны ыдыстармен жауып қоятын. Өйткені асыл дінімізде тірі жандыны, ол тіпті жәндік болса да отпен өлтіруге тыйым салынған еді.

Абдуллах ибн Масғұдтан жеткен хадисте: «(Бірде) Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге өртелген құмырсқа илеуінің жанынан  өтіп бара жатқанда Алла Елшісі (с.ғ.с.) ашуланып: «Шынында жазалау Құдіретті әрі Ұлы Алланың ғана ісі, адамның емес», деді». (Әбу Дауд, ән-Насаи, Ахмед хадис жинақтарынан)

Алла үйлерінде Раббыларына құлшылық ету үшін жиналған қауымның себебімен тірі жәндіктердің Жаратқан тыйым салған оттан өлуіне мұсылмандардың көңілі разы емес еді. Сондықтан жанып тұрған шамдарды керамикалық плафондарға салу арқылы жәндіктерді оттан қорғаудың жолын тапты. Шынжыр тағылған керамикалық плафондарды төбеге іліп қоятын. Осылайша аспалы шамдар пайда болды.

Еуропаға шамды сыртынан қоршап тұратын абажурлар 200 жылдан кейін ғана енді. Алғаш Францияда көшедегі шамдарды жаңбыр мен желден қоршау үшін қолданылды.

  1. Көшені жарықтандыру және алғашқы жермаймен (керосин) жанатын шамдар

Айтпақшы, көше шамдары мен көшені жарықтандыру мәдениеті де мұсылмандардан бастау алған.

islamic architecture design02

Парсылық дәрігер әрі химик Мұхаммед әр-Рази мұнайдан керосинді өңдеп алу әдісін тапқаннан кейін-ақ мұсылман қалаларында жермай арқылы жанатын шамдармен көшелерді жарықтандыру жаппай үрдіс алды. Бұл Х-ХІ ғасырлар еді.

Еуропаға көшені жарықтандыру мәдениеті мұсылман Испанияны христиандардың жаулап алуымен яғни 500 жылдан кейін  ғана келді. Андалусия тұрғындарының қалай өмір сүргенін көрген еуропалық басқыншылар олардың өркениетін қабылдады.

Ал, Ресейге көше шамдары Батыстан тек ХVIII ғасырда, І Петр кезеңінде келді.

«Фонарь» сөзінің түркілік түбірі де («fener» - маяк) бұл жарықтандыру құралының Еуропадан емес, мұсылман Шығыс елдерінен келгеніне дәлел.

  1. Кафель – мешіттер мен сарайлардың сәні

Мұсылмандардың сәулет өнеріне енгізген тағы бір пайдалы өнертабысы – кафель.

islamic architecture design03

Беті жылтыр плиталар Парсы жерінде б.э.д. кезде-ақ пайда болған. Бірақ кафель өндірісінің шарықтау кезеңі мұсылман Парсы жерінде  X–XI ғасырларға сәйкес келеді. Әшекейлі плиталармен мешіттердің, кесенелердің және сарайлардың сырты мен іші безендірілетін.

Күнімізде әшекейлі плиткамен безендірілген ең ежелгі сәулет туындылары деп ХІІ ғасырда тұрғызылған Исфахандағы Сайда мешіті мен Казвиндегі Джами мешіттерін айта аламыз.   

Халифат кезеңінде мұсылман елдерінің біртұтастығынан кафел Парсы жерінен Түркия, Солтүстік Африка, Испания және Орталық Азияға тез тарады. Әр аймақта плитадағы әшекей жергілікті халықтың дүниетанымына қарай өзгеріп отырды. Түркияда плиткаларға көгілдір кобальт түсті гүлді өсімдіктер өрнегі салынса, Андалусия мен Мароккода ассимертиялық үйлесімділігі сақталған, бір-бірін толықтыратын түрлі-түсті оюлармен боялатын.

Мұсылман Испания жерінен Еуропаға өткен кафелді алғашында шіркеулерді безендіруге қолданған батыстықтар плита беттеріне Інжілдегі оқиғаларды бейнелейтін.

Күнімізде көптеп өндіріліп жүрген кафельдің бір кездері мұсылман елдерінен шыққанын көбісі біле бермейді. Дегенмен көптеген интерьер әшекейлері әлі де болса өздерінің шығысқа тән үлгісінен өзгере қойған жоқ. Сондықтан да олар Ислам елдерімен байланыстырылады. 

  1. Кілем – көшпенді халықтың өнер туындысы

Ислам елдерімен тығыз байланысты өнер туындыларының бірі – кілемдер. Күнімізде әрбір үйдің сәнін кіргізіп тұратын осынау бұйымды өндіру жолдары барлық елде жолға қойылған. Дегенмен Иран, Түркия, Түркіменстан және басқа да мұсылман елдерінің қолмен тоқылған кілемдері нарықта әлі күнге сапасы жоғары әрі ең қымбаты  болып саналады. 

islamic architecture design04

Кілем тоқу біздің дәуірімізге дейін оңтүстік Каспийдің көшпелі тайпалары арасында пайда болған.

Осы күнде белгілі ең ескі кілем үлгісі Алтай өңірінен табылды. Оның біздің дәуірімізге дейін V ғасырда тоқылғаны дәлелденіп отыр. Ал, ою-өрнектерінде қазіргі кілемдерден көп айырмашылық жоқ.  

Көшпенді халық үшін кілем өте маңызды үй бұйымы саналған. Ызғарлы қыстың суығында кілемнен салынған төсекте жылы ұйықтаған. Сонымен бірге, киіз үйдің еденіне төсеніш ретінде тасталса, керегесіне безендіру мақсатымен ілетін болған. Уақыт өте келе кілем көшпенді халықпен көршілес отырықшы елдердің тұрмыстарына да ене бастайды.

Ал, кілемнің бетіне түсетін оюлар жәй ғана әсемдік үшін салынбаған. Әрбір таңбаның өзіндік мағынасы бар. Мысалы, түркімен кілемдерінде қосарланып келген сегіз бұрышты жұлдыздар «гөл» деп аталады яғни гүл. Әрбір түркімен тайпасының кілеміндегі «гөл» әр түрлі болып келеді. Сол оюдан-ақ кілемнің қай тайпада тоқылғанын білуге болатын. Қазір де Түркіменстан байрағында әртүрлі тайпаға тән «гөлдердің» бейнеленуі түркімен халқының ауызбіршілігінің көрінісі.

Әзірбайжанда  кілемдердің ою-өрнегі тіпті өзгеше. Кілемнің қақ ортасына шеңбер немесе пішінді көпбұрыш қойылады. Бұл күннің бейнесі. Ал, оны қоршай түскен көпбұрыштар жұлдыздардың көрінісі. Бұл Исламға дейінгі яғни адамдардың отқа және жарық беретін аспан шырақтарына табынған кезеңнен мұраға қалған үрдіс. Ислам діні келгелі бұл таңбалардың мағыналары өзгеріп, әсем ою-өрнек ретінде сақталған.

Сонымен бірге кілемдердің бетінен ағаштарды, жемістерді, анар немесе қошқардың мүйізін бейнелейтін оюларды да көптеп кездестіруге болады. Мұның барлығы сол кезеңдегі халықтың өмірінде орны ерекше дүниелердің оюларда көрініс табуы.

Еуропаға кілемдер ХІ ғасырда крестшілер арқылы келді. Олардың қымбат әрі сирек болғаны сонша, еуропалықтар кілемді жерге төсеуге қимайтын. Кілемдермен қабырғаларды сәндеп, үстелге дастархан орнына жаятын болған.  Ал, еуропалық кілем тоқу өндірісі Францияда басталды. XVII ғасырда патша IV Генрихтің бұйрығымен түрік кілемдерінің үлгісімен кілем тоқитын зауыт ашылды.  

  1. Диван – Шығыстағы мемлекеттік мекемелердің жиһазы

«Диван» сөзі алғаш рет IX ғасырлардағы Омар ибн әл-Хаттабтың (634–644) халифалық кезеңін суреттейтін мәтіндерде кездеседі. Онда диван сөзі жиһаздың атауы ретінде емес, мемлекеттік кірістердің тізімі және сол тізімдер сақталатын орынның атауы ретінде қолданылған.

islamic architecture design05

Әкімшілік басқару жүйесін құрғанда халиф Сасанидтер империясының үлгісіне сүйенген еді. Сол себепті бөлімдердің бірін парсы сөзімен атаған. Кейіннен бұл терминмен әр түрлі мемлекеттік кеңселер мен сол кеңселерге тән жиһаз – жұмсақ төселген ұзын орындықтар атала бастады.

  1. Ортағасырлық биік үйлер

Биік үйлер қазіргі заманның жетістігі болып саналады. Бірақ мұсылман сәулетшілері ерекше технология қолдану арқылы тігінен құрылыс салу ғылымын 1000 жыл бұрын игерген.

islamic architecture design06

Йеменнің Хадрамут ауданында қыш тастан салынған әлемдегі ең ескі биік үйлері бар Шибам деген ерекше қала орналасқан.

Йеменде биік үйлер IX ғасырларда салына бастайды, дегенмен ғимаратты салу технологиясы сол кезеңнен әлі күнге көп өзгере қоймаған. Биіктігі 30 метрге жететін зәулім ғимараттар күйдірілмеген қыш кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш саз балшыққа туралған қамысты араластыру арқылы жасалады, басқа ешбір қосынды жоқ.

Бұл ғимараттардың мықтылығы мен беріктігі құрылыс барысындағы кішкене ғана қулығында – қабырғалардың қалыңдығы биіктеген сайын жұқара береді. Мысалы, ең жоғары қабатындағы қабырғалардың қалыңдығы ең төменде орналасқан қабырғалардан бес есе жұқа.

Шибамда әр түрлі уақытта 500-ден аса биік үй салынған. Көпшілігінде қаланы әу баста құрғандардың ұрпақтары өмір сүруде. Ең ескі биік үйдің жасы 750 жыл.

Қыштан жасалған ғимараттар оюланған ағаш есік-терезелермен әсемделген. 

1982 жылы қала ЮНЕСКО-ның Әлемдік Мұралар тізіміне «тігінен ғимарат тұрғызу үлгісімен салынған қала жобасының ең ескі үлгісі» ретінде енгізілген. Соңғы бірнеше онжылдықта үй салу үрдісі тоқтап қалды. Бірақ ескілері дер кезінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, барынша сақталуда.

Материал islam.ru сайтынан алынды.

Аударған Жұмабекқызы Индира

e-max.it: your social media marketing partner

Категория бойынша