22
Жұма,
Қараша

һижри

Тағдыр мен қазаға иман

Тағдыр мен қазаға иман

Ақида
Жарнама

Иман шарттарының алтыншысы – тағдырға иман. Тағдыр – араб тіліндегі «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу» дегенді білдіреді.

Ал діни терминологиядағы мағынасы – әлем жаратылғаннан бастап, болмыста болатын бүкіл құбылыстар мен жаратылыстардың қашан болатындығын, мезгілін, орнын, мекенін, ерекшеліктері мен сипатын Алла Тағаланың ежелден яғни әу бастағы ілімімен белгіленіп, өлшеніп қоюымен байланысты. Тағдыр – Алланың «Ілім» сипатымен жүзеге асады.

 Тағдыр – осы әлемді және оның ішіндегі сан-алуан түрлі жаратылыс иелерін белгілі бір жүйе мен тәртіп бойынша басқаратын иләһи заңдылық. Құранда жер бетіндегі күллі мақлұқаттың болмыс-бітімі Жаратқанның белгілі бір тәртібімен өлшеніп қойылғандығы тұрғысында көптеген аяттар бар. «Оның жанында әр нәрсе өлшеулі» (13.Рағыд-8). «Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық» (54.Қамар-49). «Сондай-ақ әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі» (25.Фурқан-2).

Ал «қаза» дегеніміз – Алланың ежелден, әу бастан белгілеп, тағдырға жазып қойған құбылыстар мен жаратылыстардың уақыт-сағаты, мезгілі мен мекені, сәті келгенде жүзеге асуы. Яғни, әуелден Алланың ілім мен қалауына сай бекітілген нәрселердің уақыты келгенде, Жаратушының «Тәкуин» сипаты арқылы іске асуы. Сондықтан табиғаттағы барлық нәрселер Алланың тағдыр мен қазасына сәйкес болады. Еш нәрсе тағдыр мен қазадан тыс өздігінен яки кездейсоқ жүзеге аспайды.

Тағдыр мен қазаға иман – Алла Тағаланың Ілім, Ирада, Құдірет және Тәкуин сипаттарына иман ету. Себебі, тағдыр мен қаза Алланың осы сипаттары арқылы өлшеніп, белгіленіп, жаратылады. Бұл жағдайда біздер тағдыр мен қазаға иман етумен қатар жақсылық пен жамандықтың, ащы мен тәттінің, бүкіл жаратылыс атаулының Алланың білуі, қалауы мен жаратуынан тұратындығына иман еткен боламыз. Құранда иман негіздерімен байланысты аяттарда (Бақара-117; Ниса-136) тағдыр мен қазаға иман ету мәселесі айтылмаған. Бірақ, Хазіреті Пайғамбарымыздың мәшһүр «Жибрил» хадисінде тағдырға сенудің де иманның шарттарына кіретіндігі айтылады.

Бірде Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге отырғанда Жәбірейл періште адам бейнесінде келіп, былай деп сұрақ қояды:

 - Иман дегеніміз не?

Сонда оған Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

- Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне, тағдырға сену, - деп жауап береді (Муслим, Иман 1).

Құранда тағдырға иман ету мәселесі айтылмағанымен, жоғарыда келтірілген аяттарда барлық нәрсенің әу бастан тағдырға белгіленіп қойылғандығы ашық түрде баян етілген. Әһли сүннет бойынша, тағдырға сену – иман шарттарының бірі.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: