19
Жұма,
Сәуір

һижри

«Хұжурат» сүресі, 11-аят

Бір аят тәпсірі
Жарнама

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِّن قَوْمٍ عَسَى أَن يَكُونُوا خَيْرًا مِّنْهُمْ وَلا نِسَاء مِّن نِّسَاء عَسَى أَن يَكُنَّ خَيْرًا مِّنْهُنَّ

وَلا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلا تَنَابَزُوا بِالأَلْقَابِ بِئْسَ الاِسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الإِيمَانِ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُولَئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

Уа, иман еткендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждемесін! Қайдан білесіңдер, бәлкім, мазаққа ұшыраған қауым өзін мазақ қылған қауымнан әлдеқайда қайырлы шығар.

Сондай-ақ әйелдер де бірін-бірі келемеждемесін! Бәлкім, мазаққа ұшыраған әйелдер өздерін мазақ қылған әйелдерден анағұрлым қайырлы болар. Бір-біріңді (яғни өз-өздеріңді) кемсітпеңдер! Біріңді-бірің намысқа тиетін лақап атпен атамаңдар. Адам баласының иман еткеннен кейін күнәһар деген жаман атқа қалуы қандай жаман! Кімде-кім тәубесіне келіп, мұндай жаман қылықтан дереу арылып, Аллаға бет алмаса, міне, солар нағыз залымдар! («Хұжурат» сүресі, 11-аят)

Ибн Аббас бұл аяттың түсуі себебін былай айтқан: «Сабит ибн Қайс ибн Шаммас деген кісі жайлы түскен. Ол кісінің құлағында мүкісі бар еді. Пайғамбармен (с.ғ.с.) болған жиындарда ол кісі пайғамбарға жақын отырыратын еді. Адамдар ол кісіге орын беретін еді. Бір күні таң намазының бір рәкағатына кешігіп қалады. Пайғамбар намаздан соң жамағатқа қайырылып отырған кезде адамдар ол кісінің жан-жағына жайғасып отырып қалысады. Сабит ибн Қайс намаздан соң жол ашыңдар, жол ашыңдар деп келіп пайғамбардың қасына арада бір адам қаларлықтай қашықтықта  жақындайды. Өзімен пайғамбар (с.ғ.с.) арасында тұрған адамға: «Орын бер!» - дейді. Ол адамда оған сол тапқан орныңа отыра бер деп орын бермейді. Сабит ибн Қайс ол кісіге ашуланған хәлде ол кісінің артқы жағына отырады да қасындағылардан: «Бұл кім?» - деп сұрайды.  Адамдар да: «Ол пәленше», - деп кім екенін айтады. Сонда ол: «Пәленшенің баласы ғой» деп ол кісінің жаһилият дәуіріндегі жаман істерін айтып ұялтады.  Міне, осы кісіге қатысты осы аят түсті».

كما ثبت في الصحيح عن رسول الله - صلى الله عليه وسلم - أنه قال

" الكبر بطر الحق وغمص الناس ":

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Тәкаппарлық ол – ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу».Бір хадисте: «Кімнің жүрегінде тозаңдай кибр (такаппарлық) болатын болса ол жаннатқа кірмейді», - деген.

Пенде өзінің кедейлігімен немесе басқа да Өзіне берілген сынаққа сабыр ету арқылы Алланың алдында құрметті болуы мүмкін. Ал оны мазақ қылған кісі осы ісімен Алла тағаланың алдында абыройсыз болуы мүмкін. Сондықтан осы аят сондай мазақ етуші кісілерге ескерту және мазақталған кісінің көңіл күйін түсірмей, сабырға үндеп, өз құлшылығында жігерлі болуға шақыратын аят.

Сонымен қатар «Бір-біріңді (яғни өз-өздеріңді) кемсітпеңдер!» деген тыйым «Хумаза» сүресінде былай келеді: «Әрбір (ел-жұртты менсінбей) сынап-мінеуші, ишарамен ымдап, келемеждеп кемсітушінің жағдайы қандай өкінішті!». Оларға «уайл» болсын делінген. «Уайл» деген ол тозақтың бір шұңқыры. Кей риуаяттарда келеді, «уайл» шұңқырына жер бетіндегі барша тауларды салып жіберсеңде, ол таулардың баршасын ерітіп жіберетін тозақ шұңқыры. Мінекей өзгені кемсітіп келемеждеуші адам, сол ісімен осындай шұңқырға тасталады екен.

Жоғарыдағы аятттың жалғасында осы тыйымдардан иман келтірген адамдардың өзі тыйылмаса «Адам баласының иман еткеннен кейін күнәһар деген жаман атқа қалуы қандай жаман!» - деген сипатпен аталады.

Сондай-ақ аяттың соңында «Кімде-кім тәубесіне келіп, мұндай жаман қылықтан дереу арылып, Аллаға бет алмаса, міне, солар нағыз залымдар!» делінген. Яғни, пенде өзін-өзі тозаққа бағыттап, өзіне-өзі зұлымдық жасаса, ол нағыз залым болады екен.

 

«ummet.kz»  рухани – ақпараттық порталы.

Бөлісу: