22
Жұма,
Қараша

һижри

Шүкіршілік – мұсылманның сипаты

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Қиындыққа тап болғанымызда қол ұшын созып жәрдемдескен, тығырықтан шығарған, ең болмаса жылы мәміле жасап көңіл айтқан адамға алғысымызды білдіріп, рахметімізді айтып жатамыз. Кейде ол адамға не деп шүкірлік айтарымызды білмей: «Қалай шүкірлік айтарымды да білмей тұрғаным, сәті туса міндетті түрде қайтарармын» дейтініміз де бар.

Бұл кейде ғана жасалатын, кейде өмір бойында бір рет қана байқалатын адамдардың тарапынан болған жақсылыққа қатысты. Ал енді өміріміз бойынша, әр сәтте жәрдемінен тыс қалдырмаған, жоқтан бар қылып, уақытылы ризығымызды жеткізіп отырған Жаратушы Раббымызға қалай шүкіршілік жасауымыз керек?! Себебі Ол қасиетті Құранда:

وَآتَاكُم مِّن كُلِّ مَا سَأَلْتُمُوهُ ۚ وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا

«Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар» (Ибраһим 34),

وَأَسْبَغَ عَلَيْكُمْ نِعَمَهُ ظَاهِرَةً وَبَاطِنَةً

«Және сендерге ашық та жасырын нығметтерін жеткізді» (Лұқман 20) дейді. Бұл аяттар Алла Тағаланың нығметтерінің көптігі сондай, оны санап та бітуге болмайтынына, әрі ол еш үзілмейтіндігіне назар аудартуда.

Алла Тағала бұл нығметтеріне шүкірлік танытқан құлдарына ерекше ілтипат танытады. Олар туралы Құранда Алла Тағала:

وسنجزي الشاكرين

«Шүкірлік етушілерді сыйға бөлейміз» (Әли Имран 145) дейді. Әрі, шүкішілік ете білу – ризық-несібесінің артуына себеп болады, себебі Алла Тағала:

لئن شكرتم لأزيدنكم

«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін» (Ибраһим 7) дейді.

Алла Тағаланың берген нығметтерінің ең ұлысы ислам діні мен осы діннің кемелділігі болмақ. Алла Тағала Исламның нендей ұлы нығмет екенін баяндап:

اليوم أكملت لكم دينكم وأتممت عليكم نعمتي ورضيت لكم الإسلام ديناً

«Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым. Кім аштықтан шарасыз қалса, күнәға ауытқымаса (жеуге болады.) Шәксіз Алла тым жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Маида 3) дейді.

Сол сияқты нығметтер қатарына тиыш, бейбіт өмір мен аштық көрмей өмір сүру кіреді. Себебі бұл екі нығметтің қадірін тек оларды жоғалтқан адам ғана біледі. Тарихта қалған деректер мен қазіргі кей мемлекеттерде орын алып жатқан оқиғалар осы айтқанымыздың ашық куәсі болмақ.

Нығмет атаулының адам үшін маңызды болып білінетіні – көру, есту, сезу сезімдері. Құран Кәрімде бұл жайында:

  قل هو الذي أنشأكم وجعل لكم السمع والأبصار والأفئدة قليلاً ما تشكرون

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Ол сондай Алла, сендер үшін есту, көру және сезуді жаратқан. Сонда да аз шүкір етесіңдер” де» (Мулк 23) делінеді.

Алланың нығметтерінің тағы бірі – молшылыққа ие болу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы тұста:

من أصبح منكم آمنا فـي سربـه، معافـاً في جسده، عنده قوت يومه، فكأنما حيزت له الدنيا

«Қайсы бірің малы мен бала-шағасы үшін қорықпай таң аттырса, дені сау, әрі сол күнге жетер азығы болса, бейнебір дүние оған есіктерін айқара ашқандай» (Бухари «Әдәб муфрад») дейді. Ал қазіргі таңда әрбіріміздің күндік емес апталық, айлық, керек болса жылдық азығымыз бар. Бұл дағы өз алдына шүкір етуді қажет етеді. Ал енді осы нығметтерге әйел, бала-шаға сынды нығметтерді және қосыңыз...

Расында Алла Тағаланың нығметтері еш тоқтамайды. Адам ауырып жатса да Алла Тағала оған ризық-несібесін жіберіп отырады. Ал ауру-сырқау, немесе басқа да қиындықтарға кемел иманды мұсылманның көзқарасымен қарасақ, ол қиындықтар адамға сабырды үйретеді, дәрежесін көтеріп, күнәларын кешіреді, Алланың алдында «сабырлылар» дәрежесіне жеткізеді. Сынақ уақытша, ол кетеді, ал оның жемісі ақыретке қалады.

Алланың беріп жатқан нығметтері өте көп, алайда оны қалай сақтап қалуға болады? Бұл суалдың жауабын Алла Тағала Құранда:

فاذكروني أذكركم واشكروا لي ولا تكفرون

«Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар» (Бақара 152) деп баяндайды. Шүкірлік жасау тілмен, денемен және де жүрекпен болады.

Айшадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

ما أنعم الله على عبد نعمة فعلم أنها من عند الله إلا كتب الله له شكرها قبل أن يحمده عليها ، وما أذنب عبد ذنباً فندم عليه إلا كتب الله له مغفرة قبل أن يستغفره، وما اشترى عبد ثوبا بدينار أو نصف دينار فلبسه فحمد الله عليه إلا لم يبلغ ركبتيه حتى يغفر الله له

«Алла Тағала қайсы бір құлына нығметін жеткізгенде әлгі құл ол нығметті Алладан екенін білсе, сол нығмет үшін шүкірлік айтпай тұрып-ақ (Алла алдында) шүкірлік еткен болып жазылады. Кімде-кім күнә жасап, істегені үшін өкінер болса, кешірім сұрамай тұрып-ақ Алла оған кешірім жазып қояды.  Кімде-кім бір, я да жарты динарға киім алып, ол үшін шүкірлік етсе, ол киімінің етегі тізесіне жетпестен Алла оған кешірім жасайды» дейді (Хаким).

Тілмен жасалатын шүкір әр істің басында әрі соңында «Әл-хамду лилләһ» деп айтумен болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

كل أمر ذي بال لا يبدأ فيه بالحمد فهو أقطع

«Хамдсыз (мақтау-мадақтаусыз) басталған әрбір іс берекеті аз болады» делінсе, енді бір жерде:

إن الله ليرضى من العبد أن يأكل الأكلة فيحمده عليها، أو يشرب الشربة فيحمده عليها

«Расында Алла Тағала құлының бір нәрсе жеп артынан сол үшін хамд (шүкірлік) айтқанына, немесе бір нәрсе ішіп сол үшін шүкіршілік айтқанына өте разы болады» (Муслим) дейді.

Денемен жасалатын шүкірлік Алланың әмірлерін орындап, тыйымдарынан қашу арқылы болады.

Ал жүрекпен жасалатын шүкірлік – ол Алланың нығметтерін жүрекпен сүзіп, жүрек арқылы сезінумен болады. Бұл Аллаға шүкірлік етудің жоғарғы деңгейі, себебі ол шүкірлік адамның жатып-тұруымен де, қуаныш-қайғысымен де шектелмейді.

 Шүкірлік әсері адам бойынан көрінуі керек. Бұл шүкірліктің хал тілі, яғни шүкірлік ету адамның тұрып-жүрісі мен киім киіп, тамақ ішісінде де байқалуы. Себебі Құран Кәрім:

وأما بنعمة ربك فحدث

«Раббыңның нығметін білдір» (Духа 11) дейді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хабарда сахабалардың бірі атады:

أتيت رسول الله   وأنا قشف الهيئة ، قال : هل لك من مال؟ قلت : نعم . قال : من أي المال ؟ قلت : من كل ، من الإبل والخيل والرقيق والغنم . قال : فإذا آتاك الله مالاً فلير عليك

«Бірде Алла елшісінің (с.ғ.с) жанына біраз ластау күйде келген едім. Сонда Ол (с.ғ.с):

  • Сенің байлығың бар ма? – деп сұрады. Мен:
  • Ия.
  • Байлықтың қай түрі бар?
  • Бәрінен; түйе де бар, жылқы да, құл да, қой-ешкілер де...
  • Алла саған байлық берген екен, ендеше ол бойыңнан да көрінсін!–деді» делінеді (Хаким, Насаи).

Алла Тағала берген нығметінің әсерін құлының бойынан көруді жақсы көреді. Алайда нығметті бойынан көрсету осы екен деп өзіне-өзі ғашық болып, мақтаншақтыққа беріліп, немесе тәкәппарлыққа бой алдыру сынды жағымсыз мінездерге бой алдырмауы керек.

Қалай болғанда да Алла Тағалаға Оған лайықты болған күйде шүкірлік ете алмасымыз анық. Алайда өзіміздің шамамыз жеткенше ғана шүкірлік етеміз. Себебі Алла Тағала құлдарына олардың көтере алмайтын жүгін жүктемейді. Істеген ісіміз, сөзіміз, халіміз әрі жүрегіміздің барлығымен шама-шарқымыздың жеткенінше шүкірлік жасауымыз керек. Бұны көбіміз көбіне жасай алмаймыз, жасай бермейміз. Себебі,

وقليل من عبادي الشكور

«Құлдарымнан шүкір етушілер өте аз» (Сәбә 13)

Ummet.kz

Бөлісу: