20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Зиянға ұшыратпайтын төрт қасиет

Зиянға ұшыратпайтын төрт қасиет

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Зиянға ұшыраудың ең ауыры – ақырет күнгі зиянға ұшырау. Құран – адамның бұл дүниелік және о дүниелік бақытына жол сілтейтін қасиетті кітап. Онда адам баласын зиянға ұшыраудың жолдары көрсетілген. Айталық, «Асыр» сүресінің 3-аятында адам баласын ақыреттік зияннан аман сақтайтын төрт қасиет туралы баяндалады.

Алла Тағала «Асыр» сүресінің алдыңғы екі аятында ғасырға ант етіп, адам баласының зиянда екенін айтады да төмендегі қасиеттердің бұл топқа (зиянға ұшыраушылар тобы) жатпайтындығы туралы баяндайды:

إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ 

Мағынасы:

«Бірақ, иман келтіріп көркем амал жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ»(«Асыр» сүресі, 3-аяты).

Мына саналған төрт ерекшелікке иелік еткендер зиянға ұшырамай, қайта мол табысқа кенелмек.

  1. الَّذِينَ آمَنُوا - «Иман келтіргендер». Барлық әлемдердің Раббы, дін күнінің иесі Аллаһ Тағаланың даралығы мен түсіргендерін растап, Оған ықыласты түрде құлшылық етіп, мойынсұнып сөз берген жандар.
  1. وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ - «Және иман арқылы көркем амалдар жасагандар». Яғни, имандары тек қана көңілдері мен тілдерінде қалып қоймай, жасаған істерін имандарына сай, Аллаһтың ризалығына, түскен үкімдерге сәйкес, ақиқат пен қайыр екендігіне сеніп (Тәфсирул-Бәғәуи, 8-том, 525-бет), әрбір жақсылықты отбасы, туыстары, елі, тіпті жалпы адамзаттың бақыттылығы үшін жасағандар. Әмір етілген уазипаларды орындап, тыйым салынған үлкен күнәлар мен жиіркенішті қылықтардан іргесін аулақ салғандар.

Құран бойынша, тамыры иман емес барлық амалдар салиқалы амалдарға жатпайды. Сондықтан да Құранның қай жерінде салиқалы амалдар хақында сөз қозғалса, сонымен бірге иман да айтылған. Һәм әрқашан салиқалы амал, иманнан кейінге қалдырылған. Сондай-ақ еш жерде, жақсы да болса имансыз іс-әрекетке сый-сияпат үміті берілмеген. Пайдалы және бағалы иман – амал арқылы анықталған иман екендігін көрсеткен. Өйткені, амалсыз иманға иелік еткен адам өзін қаншама имандымын дегенімен негізінде ол Аллаһ және Елшісінің (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен жолынан өзге бір жолға түскен болып саналады.

Салиқалы амал негізінде екі түрлі:

Біреуі – тәнге қатысты құлшылықтар. Яғни, жауапкердің тікелей өзіне пайдалы және өзінің жақсылығы үшін болған амалдар.

Келесісі – зекет және садақа тәрізді басқаларға пайдасы тиетін амалдар. Бұның ең маңыздысы да ақиқатқа шақыру және хақ жолында күш-қайрат жұмсау. Бұлар иман және көркем амал арқылы бір-бірлеріне және басқалардың да мәңгілік бақытқа жетулеріне күш-қайрат жұмсап, оларды Хаққа шақыруды негізгі міндеті санамақ.

  1. وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ – «Және Хақты өзара насихаттағандар». Яғни, барлық күш-жігерлері Хаққа арналып, имандары да, амалдары да, сөздері де түгелдей Хақ жолында сарп етілгендер. Қандай әрекетке барса да ақиқатты негізге алып, оны насихат еткен. Әр кез халықты ақиқатқа шақырып, жақсылыққа баулып, жамандықтан тыюға күш салысқандар.

Жоғарыда айтылған екі сипат әрбір адамда болуы тиіс. Бұлар иман етіп, салиқалы амал жасағаннан кейін бір-бірлеріне ақиқатты айқындап, сабырды насихаттаулары тиіс. Бұның мағынасы мынау:

Біріншісі, иман келтіріп, салиқалы амал жасағандар осы істерімен шектеліп қалмай, мұсылман һәм салиқалы бір қоғам құруы ләзім. Екіншісі, қоғамды бұзылудан сақтап қалу үшін, сол қоғамның әрбір мүшесі өзінің жауапкершілігін ұғынулары керек. Сондықтан, қоғамның барлық мүшелеріне, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды дұрыс насихаттап отырғандары жөн.

«Хақ» сөзі – «жалғанға» қарама-қарсы ұғым. Әсіресе, бұл сөз мына екі мағынада қолданылады: Біріншісі – шындыққа, әділдікке лайық шынайы сөз. Екіншісі – адам мойнының борышы мен парызы болған ақиқат. Хақты насихаттаудың мағынасы – мұсылман қоғамына жалғанның таралуына тосқауыл болуы. Қоғамның әрбір мүшесі өзі ғана ақиқатты, туралықты және әділдікті іске асырып қоймай басқаларға да үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Қоғамды құлдыраудан осындай жолмен ғана сақтап қалуға болады. Егер қоғамда осы рух жоқ болса зияннан көз ашпайды. Тек өз басы ғана ақиқатты ұстанып жүргендердің қоғамның бұзылуына жайбарақат қарауының ақыры – бір күні олар да тура жолдан тайқып, зиянға ұшырайды. Сондықтан, «Маида» сүресінде хазіреті Дәуіт және хазіреті Исаның тілімен Израйыл ұрпақтарына лағнет еткен. Өйткені, олар жайылған зұлымдық пен күнәларды көре тұра бір-бірлеріне тосқауыл жасап, ақиқатты насихаттамаған еді («Маида», 78-79).

  1. وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْر - «Және сабырдьі өзара насихаттағандар». Яғни, Хақ пен ақиқат жолында сабырға бір-бірлерін шақырғандар. Ақиқатты насихаттаумен қатар мұсылман қоғамының зияннан кұтылулары үшін, қоғам мүшелері бір-бірлерін сабырға үндеулері тиіс. Яғни, ақиқат және оны сақтау жолында кездескен барлық қиыншылықтарға төтеп беріп, бір-біріне көмек беру.

Сабырлық етуде тәрбиенің, еріктің ең бастысы болған иманның орны ерекше. Сабыр ете білу жауапкершілік арқалаған адамдардың діттеген межесіне жетуі үшін аса қажетті қасиет. Сондықтан Құранда: إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ – «Аллан сабыр етушілермен бірге»(«Бақара» сүресі, 153), إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ  – «Сабыр еткендердің сауабы есесіз беріледі» («Зүмәр» сүресі, 10) - деп насихатталған. Хадистерде де: «Сабыр – кеңдіктің кілті»(Кәшфул-Хафа, 1.27); «Сабыр – жарық»,-деп айтылған.

Ендеше, бұл аяттағы мақталған сабыр – иман мен көркем амал жолындағы сабыр. Бұл нағыз батырлық пен мәрттіктің рәмізі. Болмаса, әрбір қорлыққа мойынсұну, жамандыққа ризалық білдіруді сабырлық деуге келмей-ді. Өйткені, жамандыққа ризалық – жамандық, күпірге ризалық – күпірлік саналады.

Міне, ендеше осындай иман, көркем амалдар, ақиқат пен сабырды насихаттап төрт ерекшелікке ие болғандар зиянға ұшырамайды. Бұның төртеуі де Хақ Тағалаға толық иманның белгісі. Имансыздардың ешбірі жазадан құтыла алмайтындықтары айқын. Бірақ, бұл аят бойынша Хақ Тағалаға иман келтірсе де салиқалы амалдар жасамаған, ақиқат пен сабырды насихаттамаған адамдар да зияннан толықтай құтыла алмайды. Сондықтан, сүнниттердің көзқарасына қарай – иманы болса да салиқалы амалдары болмаған пасықтар мен күнәкарлар үшін кәпірлерден әлдеқайда күнәлары жеңілірек болса да бастарына келетін қасірет бар. Өйткені, мәңгілік қалмаса да күнәкар мұсылмандар үшін де жаһаннам бар. Имандары ақыр соңында құтқарғанмен, жамандықтары ауыр басқан мұсылмандар күнәлары тазарғанға дейін жаһаннам азабын тартады. Хақ Тағала бізді жаһаннам қасіретінен сақтасын!!!

Материал М.Исаұлының «Мәңгі мұғжиза» атты кітабынан алынды.

ummet.kz

Бөлісу: