16
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Құранды жатқа білген қазақтан шыққан тұңғыш дипломат

Құранды жатқа білген қазақтан шыққан тұңғыш дипломат

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Нәзір Төреқұлов – шығыстанушы, саясаткер, кеңестік мемлекет қайраткері, журналист, әдебиетші, ғалым, елші. Ол – Сауд Арабиясында консул болған қазақтан шыққан тұңғыш дипломат. Құранды жатқа білген, бірнеше рет қажылық парызын өтеген, мұсылман мүддесін қорғап талай мақалалар жазған Нәзірді бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Түркістан өңіріндегі Қандоз ауылында дүниеге келген. Бірақ оның туған жеріне қатысты таласты әңгіме әлі күнге дейін бар. Біреулер оны Қоқанда туған десе, кей ғалымдар қазақ жерінде дүниеге келгенін айтады. Саналы ғұмыры Қоқанда өткен Нәзірдің ұлтын өзбектер “өзбек” деп те жүр. Ал Нәзірдің өзі замандасы Шәріп Байшораға: “Мен де өзбек емеспін, ұлтым – қазақ. Түркістан шаһарының іргесінде дүниеге келіп, Қоқанда өскенмін, яғни өзбекке сіңіскен қазақпын”, - деп айтқан көрінеді.

Жастайынан білімге құмартқан Нәзір 1916 жылғы 25 шілдедегі патша жарлығынан кейін оқудан қол үзіп, майдан тылындағы жұмысқа аттанады. Онда да тыныш жүрмей тылда жүрген түркістандық жерлестерінің басын біріктіріп “Еркін дала” ұйымын құрады. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Қоқанға қайтып келіп, 1918 жылы большевиктер қатарына өтеді. Онда “Халық газетін” ұйымдастырып, қоғамдық-саяси істерге белсене араласып кетеді. Міне, осыдан былай қарайғы 20 жылында Кеңес үкіметіне қызмет ете жүріп қазақтың, діннің мүддесін талай қорғады. Оған ҚРҰҒА академигі Рахманқұл Бердібайдың мына жазғандары дәлел: “Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басшылық қызметті иеленгендердің көбі дін мәселелеріне теріс қарағаны белгілі. Ал Н.Төреғұлұлы діннің адам баласы тарихындағы өзгеше мәнін әуел бастан-ақ анық түсінген, сондықтан да белсенділердің дүрмегіне қосылмаған, діннің қасиетін жоғары бағалаған. Мұны ол өзінің көптеген мақалалары мен баяндамаларында қадай айтып, ұғындырып отырады. “Ислам және коммунизм” деген мақаласында (“Қызыл байрақ”, 16.12.1921) Нәзір исламның пайда болу тарихын айта келіп, оның көптеген ұлттар мен ұлыстарды бірлестірудегі пайдалы қызметін көрсетеді, адамның ождан, наным-сенім бостандығына шек қойылмайтынын мәлімдейді”.

Нәзір Төреқұловтың тағы бір таңғаларлық әрекеті Түркістан республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеген жылдарында дін мәселесінде үлкен мемлекеттік қайраткерлер ғана бара алатын қадамдар жасағандығы шығар. Рахманқұл Бердібайша айтсақ, оның барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға көшіру туралы үкімет қаулысына (7.12.1921) қол қоюы одан кейінгі ондаған жылдарда Орта Азия халықтарынан шыққан бірде-бір биік лауазымдының түсіне де кірмеген шара. Сонымен қатар, жиырмасыншы жылдардың бас кезінде-ақ мұсылмандардың кәделі мейрамы – Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жарлық шығарған да Нәзір болатын. “Бұл да оның “нұсқаудан” қия баспайтын кейінгі дәуірдегі толып жатқан қуыршақ басшылардан көш ілгері тұрғанын сипаттайды”.

Нәзір Төреқұлов – басшылық істермен қатар ХХ ғасыр басындағы қазақ журналистикасының дамуына да елеулі үлес қосқан адам. Ол сол кездері жарық көрген қазақ, өзбек, орыс басылымдарының барлығында да өзекті мәселелерді қозғап, маңызды тақырыптарды көтеріп, мақала жазып отырған. Сол жазбаларында ғалым Ислам дініне қатысты ойларын да іркіп қалмай жиі жария етіп отырады. Мысалы, 1919 жылы өзбектің “Дәруіш” басылымында жарияланған “Бірінші дәуірдің үшінші жылы” атты мақаласында Нәзір: “Сәті түсіп “Сараның” отырысында болдым. Мұнан кейін “Бір сағаттық қатын” атты сахналық қойылым көруіме тура келді. Ағузу биллаһ! Бұған не дейін, театр сахнасында фарс қойып, балаган ойнағаннан не шықты? Тамашаға келген әскерилеріміз, яки жас балаларымыз не үйренді, қандай тағлым алды?” – деп, ұяттан, ардан ажырап бара жатқанымызды қатал сынға алады. Ал 1919 жылы 6-желтоқсанда “Дәруіште” жарияланған “Йажуж-Мажуж һәм Шығыс” атты мақаласында: “Ей, Шығыс халқы, тек мынаны біле жүр: Йажуж-Мажуж кейпінде Англия шықты, ол исламияға тізе батырмақшы. Әзірейіл революция Мәскеуден сырнай шалды: Калькутта, Қаһира, Теһран бірлесіп Мысыр, Иран, Үндістан бір майдан болсын. Ресей, Түркия, Ауғанстан болса оларға қол созып, қалқан болар”, - деп діни терминдерді пайдала отырып, әлемдегі саяси жағдайға сауатты талдау жасайды.

Нәзір діни тақырыпта жазылған мақала, өлеңдерді де қалт жібермей, түзетулер енгізіп отырған. 1925 жылы жарық көрген орыс тіліндегі “Коммунистическая революция” басылымындағы “Исламды зерттейтін көзқарас қандай болмағы қажет?” мақаласында Е.Федоровтың “Орта Азиядағы діннің болашағы туралы” атты зерттеуіне қарама-қарсы пікір айтады, жан-жақты талдайды, кем-кетігін атап көрсетеді. Сосын: “Өзбек әдебиетінде аты белгілі Неймат Хаким Ташкентте “Мұхаммед Алла жіберген пайғамбар ма, әлде жай данышпан пенде ме?” деген тақырыпта көпшілік алдында лекция оқып, оның пенде екенін дәлелдеуге құлшынған көрінеді. Есіл еңбек-ай, халықтың діннен іргесін аулаққа салу ісі не ұтар еді десеңізші”, - деп, халықты діннен алыстатудың ешқандай пайда бермейтінін қынжыла жеткізеді. Нәзір өзгелерді ғана емес, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығын, оның ішінде Сәкен Сейфуллиннің 1914-1922 жылдар аралығында жазған өлеңдеріндегі діни қателіктерді де сынайды. “Асау тұлпар” атты мақаласында Сәкеннің “Айт күні” атты өлеңіндегі:

Бүгін айт, құрметті күні Исламның,

Мейрамы күллі момын мұсылманның.

Есігі сегіз ұжмақ ашылған күн,

Халықтың рахмат нұры шашылған күн.

Тәңіріне шүкірлік қылып, тілек тілеп,

Сәждаға барша момын бас ұрған күн.

Сәулесі түскен күні ақиқаттың,

Қалдырған ізгілігі Мұхаммедтің.

Ортақтық, туысқандық, қайырымдылық

Құшағын ашқан күні махаббаттың, - деген өлең жолдарын “Бірінші: сабаз Исламды білмейді. Ақиқаттың қай күні түскенін, “туысқандықтың” қай күні құшағын ашқанынан хабары жоқ”, - деп талдап, замандастарынан діни сауатты өлең жазуын талап етеді.

Нәзір Төреқұлов Кеңестік атеизмнің келуімен Қазақстандағы Ислам дінінің тынысы тарылып бара жатқанын сезді әрі жоғалып бара жатқан иманын жоқтады. 1927 жылы “Муштум” басылымында жарияланған “Имандылық” атты жазбасында: “Ислам және коммунизм пәлсапасын һәммеге ұғындырмақта бір ғана өлшем болса керек.  – Имандылық, имандылық һәм имандылық. Мәскеуде тақуа болып күн кешірмектің жолын таппай өзім де қапалымын. Ахуалым әуелгідей емес, терең қиялға шомып, мұның себебін де дөп тапқандаймын, сол сәтте көзіме келеңсіз бір көрініс іліне кеткені. Ол немене деймісіз? Ол – иманнан жұрдай бола бастағанымыз”, - дейді. Көптеген замандастары атеизмді жырлап кеткенде Нәзірдің Мәскеуде жатып, биліктің бір шетін ұстап жүріп, мұндай сөз айтуы – ерлік.

Н.Төреқұлов өмірінің соңғы жылдарында Сауд Арабиясына бүкіл СССР атынан елші ретінде жіберіліп, бұл қызметті абыроймен атқарды. 1927 жылдың 16 қарашасында Сталинге жолданған құпия хатта Нәзірге қатысты мынандай жолдар бар: “CIXK Алқасы Геджазға (Хижаз) мұсылман әлемі мен дүниетанымының ірі білгірлерінің бірі болып табылатын және біздің Геджаздағы өкілдерімізден талап етілетін күрделі әрі нәзік саясат жүргізуге бейімді Төреқұлов жолдастың кандидатурасын ұсынуды ұйғарып отыр. Төреқұлов жолдастың өзі де Мароккодан Индонезияға дейінгі мұсылман әлемін шолуға мүмкіндік беретін осы қызметті атқаруға бірнеше рет ықылас білдірген”. Нәтижесінде 1928 жылы Нәзір Төреқұлов елшілік қызметке аттандырылды.  

Бұл туралы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Сауд Арабиясында дипломат болған, Н.Төреқұлов жайында зерттеу жүргізіп, ол туралы ғылыми және көркем кітаптардың авторы Тайыр Мансұров былай деп жазады: “1930 жылдың ақпанында Меккеде Н.Төреқұлов ханзада Фейсалға өзінің Өкілетті министр және Төтенше елші ретіндегі (сол уақыттағы жаңадан құрылған мемлекеттерде қолданылатын жоғары дипломатиялық қызмет) сенім грамотасын тапсырды. 1931 жылдың 2 тамызында Н.Төреқұловтың және бекзада Фейсалдың қатысуымен, кредит есебінен 150 мың долларлық Кеңес бензині мен керосинін жеткізу жөніндегі шартқа қол қойылды. Бүгінде әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел саналатын Сауд Арабиясының қалыптасу жылдарында оны ең қажетті нәрсе бензин және керосинмен қамтамасыз етуде біздің отандасымыздың басты рөл атқарғаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатып, Нәзір Төреқұловтың арабия дастанына ерекше ден қойып, тереңірек үңілуге жетелейді. Бұл істегі оның бастамасы мен еңбегі Кеңес үкіметі тарапынан жоғары бағаланды”. Сенім грамотасын қалай тапсырғаны жөнінде Нәзір өз күнделігінде: “26 ақпан, 1930 ж. Тағы да Меккеде. Сағат кешкі 10-да (бұл рамаданға байланысты) корпус бойынша жарияланған тәртіптің барлық талаптарын сақтай отырып, қасыма Түйметов және әмір Халидбейдің адъютантының еруімен Қағбаның қарсы алдындағы “Хамидиеге” келдім. Құрметті қарауыл қойылған. Тамашалап көруге жиналған халық. Ауызғы бөлмесінде 3-4 минут кідірістен кейін сыртқы істер министрлігі шенеуніктері қатысуында әмір Фейсалдың қабылдауында болдым. Екі тараптан сөз сөйленді, сосын грамота тапсырылды. Бізге деген ерекше құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде менің грамотаны тапсыруым “Лялятил-Қадр” (Қадыр түніне) сәйкес орайластырылды. Мұсылмандардың нанымы бойынша бүгінгі түн аса қасиетті түн болып саналады. Тағдыр бізді Меккеде алда не жазып тұрғанын көрерміз”, - деп әңгімелейді. Тағдыр Нәзірге талай сый әзірлеген екен. Ол бірнеше рет қажылық парызын өтейді, талай рет умраға барады. Оның мұсылмандығына тәнті болған араб жағы жіби бастайды. 1933 жылдың ақпанында бес жылға созылған ұзақ келісім- шарттар нәтиже беріп, Нәзірдің пайдасына шешіледі. Ол өкілдік жанынан әйелдерге арналған аурухана аштырып, онда әйелі Нина Левашева қызмет атқарды. Сол жерден смототологиялық кабинет аштырып, тіс дәрігері Мерзонды алдырды. Екі жақтың ынтымақтаса әрекет етуіне барын салып қызмет етіп жүрген Нәзірдің оптимизмге толы хаттарына КСРО-дан тек 1936 жылдары салқын жауап келе бастайды. Ақыры соңында 1936 жылдың қаңтарында оны елге қайтарады. Орнына келген кеңестік өкіл де көп ұзамай, кері шақырылып алып, екі елдің қарым-қатынасы содан  1990 жылға дейін үзілген екен. Ал Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасындағы келесі дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылдың  30 сәуірінде орнатылды.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: