21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Руфайда – үмметтің ең алғашқы медбикесі

Руфайда – үмметтің ең алғашқы медбикесі

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Медбике Руфайда – тек жоғары құрметке ие болған әйелдердің бірі ғана емес, ол хижреттен кейін Алла Елшісінен (с.ғ.с.) ант қабылдаған (дінді қабылдаған), Пайғамбардың (с.ғ.с.) аса құрметті сахабасы болған. Ухуд, Хандақ, Хайбар шайқастарына қатысқан.

Руфайда өте сауатты әрі оқи алатын және жаза алатын білімді әйелдерден болған. Ол асқан байлықтың иесі бола тұра оны дәрігерлік қажеттіліктерге жұмсаған және адал жолмен келген мал-мүлкін өз еркімен Алла жолына берген. Ибн Саид оны «Қайбату» деп атап, ол туралы: «Хижреттен кейін Исламды қабылдаған Қайбату бинт Саидтың  мешітте палатасы болған және науқастарды емдеген» деген пікір қалдырады.

Руфайда бинт Саид науқастарды емдеуді жақсы көретін және оларға жақсы қараған. Ол өз ісін тиянақты жасайтындықтан, көп ұзамай барлық адамдар ол медбике туралы білді. Руфаиданың шатыры Ухуд шайқасы күні пайда болды: сол жерде ол жараланған сарбаздарға көмектесті және олардың жарақатвна таңу жасады. Ол жаралыларды жұбатып, оларға барынша жайлылық беруге тырысты.  

Ал Руфайда соғысқа аттанғанда, мұсылмандар оның шатыры мен құрал-саймандарын түйеге мінгізіп, талап еткен жеріне апарып, мұсылмандар лагерінің алдына тіккен.  Көптеген әйел сахабалар (оларға Алла разы болсын) бұл игі іске белсенді қатысты және ыждағаттылықпен көмектесті.

Шын мәнінде, Руфаиданың шатыры бірінші далалық аурухана болды. Содан кейін ол үшін Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) мешітінде палата ретінде бөлек бөлме орнатылып, ол жер ауру-сырқаулар мен жаралыларды емдейтін кішігірім аурухана болды және ондағы медбикелер күндіз-түні қызметте болып, науқастардың күтімін жасады.

Руфайда тек шайқастарда ғана көмек көрсетумен шектелген жоқ. Бейбіт күндерде де жұмыс жасап, мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Құрметті сахаба болған Руфайда бинт Саид қазіргі аурухана жүйесіне ұқсас жұмысты жасауды бірінші болып бастады. Оның Исламдағы алғашқы медбике екеніне еш күмән жоқ. Ота жасаудың қыр-сырын жетік меңгерген дәрігер ретінде де аты әйгілі болды. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) оны Саид ибн Муаздың (р.а.) емдеуі үшін таңдаған болатын.

Хадисте былай делінген: «Қара көзді Саид ауыр жараланғанда, оны Руфайда есімді әйелге апарып, ол жараларды емдеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) оның жанынан өтіп: «Кеш қалай өтті? Таң қалай атты?» - деп сұрады.

Басқа нұсқада Саид жараланғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оны мешітте тұрған Руфаиданың шатырына апарыңдар – мен оны жақында зиярат етемін», – дегені айтылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның жағдайын біліп тұрды, бірақ Саид көп ұзамай о дүниеге аттанды.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Руфайданы дәріптеді және шайқастан кейін оған үлес те берілген. Әбу Омар әл-Уақидтен былай делінеді: «Ол Хайбар шайқасына Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қатысқан және ер адамдармен бірдей үлеске ие болған».

Алла Тағала әпке-қарындастарымыздың осындай мейірімді, қадірлі, қарапайым ізгі жандарға ұқсауды нәсіп етсін! Әмин!

Мақаланы жазуға «әл-Исабат» «Сияр Алам ан-Нубалаи» кітаптары пайдаланылды.

Әділхан Оразов,

Бас мешіттің наиб имамы

ummet.kz

Бөлісу: