04
Сенбі,
Мамыр

һижри

Құдайдан қорқып намаз оқыған – балалары үшін қорықпасын

Құдайдан қорқып намаз оқыған – балалары үшін қорықпасын

Исламдағы отбасы
Жарнама

Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Құдайдан қорқып жатқан балалары үшін қорықпасын.

Мысалы, бір кісінің баласы намаз оқи бастағанда әке-шешесі қатты уайымдап, баласының соңына түсіп, мешіттегілерге «Менің баламды мешітке кіргізбеңдер. Мен баламды молда, діндар болсын деп жүрген жоқпын» деп, оны достарымен де араластырмай, баласын ары-бері алып қашып жүрді. Ата-анасы соңына шындап түскеннен кейін әлгі бала намазын қалдыра бастады. Намазсыз достарына қосылды. Соңында бала маскүнемдікке салынып, бұзылып кетті. Бала отбасын құруға қауқары жоқ, келешегіне жоспар құра алмайтын жанға айналды. Қалай болса солай өмір сүрген баласын көрген анасы оның намаз оқитын достарына келіп, «Баламды қайтадан қатарларыңа қосыңдаршы» деп жалынып жүрді. Өмірде осындай жағдайлар жиі кездеседі. Біз адамды аздыратын арақ, есірткі сияқты нәрселерден қорқуымыз керек. Адам Құдайдың сөзіне жақындап жатса, оған ешқандай қорқыныш жоқ. Өйткені, Алланың Құраны екі дүниенің ізгілігіне бастайтын нәрсеге үйретеді.

Ата-ана баласының дінін, дінінен кейін келешегіне деген сауатты көзқарасын қадағалап отырса болғаны. Егер сіздің балаңыз Жаратушысын ойлай бастаса, сіз оған қам жемеңіз. Өйткені, Алла оған ешқашан «Ата-анаңды басынан теп!», «Ата-анаңның берген тамағын жеме!», «Ата-анаңды зар жылатып, қаңғып кет!», «Еліңді шулатып, шетелге барып, соғысқа қатыс!», «Сенен басқаның барлығы адам емес, сен ғана дұрыс пендесің», «Зиратқа барып ата-бабаңның моласына түкір!» демейді. Алла сіздің балаңызға «Алланың разылығынан кейінгі парызың – ата-ананың разылығын алу», «Үш рет анаңа жақсылық жаса, сосын барып әкеңе, өйткені, анаң сені тоғыз ай көтеріп, ес білгенше өсірді, бақты, қақты. Сен оның ақ сүтін Меккеге жеті рет жаяу арқалап апарсаң да ақтай алмайсың», «Әкенің ашуы – Алланың ашуы», «Жәннат – анаңның аяғының астында», «Кім қартайған әке-шешесін бағып-қақса, сол оған жиһад» деп үйретеді. Ислам – ол сыпайылық! Ислам – ол білімділік! Ислам – ол көркемділік. Яғни, Исламның не екенін балаңызға сіз үйретуіңіз керек. Себебі, сіз балаңыз үшін әрқашан жауап бересіз. Бұл өмірде де, ол дүниеде де!

Ислам – ол озбырлық діні емес! Ислам – ол дөрекілік пен көкбеттік, бірбеткейлік пен екі жүзділік, көргенсіздік діні емес! Ойланыңыз! Балаңыз: «Мұсылман болдым!» десе, қуаныңыз. Оған тура жол көрсетіңіз. Оқыған кітабыңыздан, естіген хадистеріңізден әңгімелеп беріңіз. Ислам ешқашан ана мен қыздың, ата мен баланың арасын айырған емес, айырмайды да!

Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мүмин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма! (Абай Құнанбайұлы)

Алла Тағала барлығымызға Өзіне ғана құлшылық етуді бұйырған. Кімді Алла тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Алла тастап қойса оны ешкім де тура жолға сала алмайды.

ummet.kz

Бөлісу: