Қасиетті Құран Кәрімде сәби дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, дүниеден зыр етіп өткенге дейінгі аралықта нелер жасалуы керек екендігіне байланысты тақырыптар қозғалады. Соның бірі һәм бірегейі нәресте дүниеге келген сәтте нендей шаралар жасау керектігі де баяндалған.
Сәби дүние есігін ашқан кезде алыс-жақынға ат шаптырып сүйінші сұрау дәстүрі қалыптасқан. Бұл Құрандағы мына аяттан алынған салт секілді. «Содан бір күні Зәкәрия михрабта намаз оқып тұрғанда, періштелер оған былай деп үн қатты: «Алла сені Яхямен сүйіншілеуде, ол
Алладан келетін бір Сөзді (яғни Исаны) растайды һәм ізгі жандардың мырзасы, (нәпсіге әсте бой алдырмайтын) асқан тақуа әрі пайғамбар болады». Осыдан соң Зәкәрия пайғамбарға Раббымыз: «Уа, Зәкәрия! Сені есімі Яхия болатын ұлмен сүйіншілейміз. Біз бұған дейін ешкімді оған аттас қылған емеспіз (яғни, оның атын ешкімге қойған емеспіз)», деп уахи етті»77. Міне, осылайша дүниеге сәби келгеннен бастап ат қою, бесікке салу, шілдехана өткізу, қырқынан шығару, тұсауын кесіп, тілашар жасау сынды көптеген ұлан-асыр той жасалады. Солардың ішіндегі елеулісі – сәбиді бесікке салу.
Бесік – дүние есігін жаңа ғана ашқан жас нәрестенің ең алғашқы ұясы, жыпжылы төсегі, мамық отауы. Бесік – қаншама ғасырлар бойы ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Бесік – қасиетті құранда аты аталған бұйым. Алла Тағала Иса пайғамбар туралы мынадай аят түсірген: «Сондай-ақ, ол бесікте де, ересек-егде шағында да адамдармен тілдеседі әрі ізгі жандардың бірі болады». Осы аяттағы «мәһд» деген сөзді көп тәпсіршілер «бесік» деп түсіндірген. Араб тілінен аударғанда, бұл сөздің түбірі «төсеу», «түзету» деген мағыналарды білдіреді. Түсіндірмелі сөздіктерде бұл сөз «баланың тыныш ұйықтауы үшін әзірленетін арнайы орын» деп түсінідірілген. Ибн Ашур деген ғалым өз тәпсірінде аталмыш аятты түсіндіру барысында «мәһд» сөзіне мынадай анықтама береді: «Сандыққа ұқсайтын ағаштан жасалған, қақпағы жоқ бұйым. Ол – сәбидің сүт еметін шағында жататын орны.
Құлап қалмауы үшін бала соған салынып қойылады», дейді. Міне, бұл анықтама қазақтың мыңдаған жылдардан бері қолданып келе жатқан бесігіне өте ұқсас. Сондықтан кезінде Мәриям анамыз Иса Пайғамбарды босанғанда, көп кешіктірмей оны бесікке бөлеген деген ойдамыз. Өйткені елі оны күнәлі, азғын іс жасадың деп айыптап жатқанда, ол бір ауыз тіл қатпай, бесіктегі баланы нұсқады деген мағынадағы аятты Құраннан кездестіруге болады. Қашаған ақынның «Пайғамбарлар туғанда, Бесік болған бұл ағаш»79 деп жырлауы да тегін болмаса керек.
Осының бәрін жақсы білген, дұрыс зерделеген ата-бабаларымыз сәбиді бесікке салуды ерекше дәстүрімізге айналдырған. Сонау ерте замандардан бері ауыздан ауызға тарап келе жатқан «Қобыланды батыр» жырында: «Алтыннан бесік ойдырып, Ақ торғынға бөлеген» деген тармақтар бар. Бұл сөздер біздің жұрттың сол кездегі биік эстетикалық талғамынан хабар берсе керек. Бесіктің қадірін жете түсініп, жақсы ұғынған халқымыз, атасы жатқан бесікке немере, шөберелеріне дейін жатқызуға тырысқан. Мұндағы мақсат – бабасындай текті болсын, аталарының жолын жалғайтын үбірлі-шүбірлі болсын деген ізгі ниет. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқының өмірінен ерте кезде орын алған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды.
Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асықты жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Бесіктің жер бесік, аспалы бесік (әлпеншек) деген екі түрі кездеседі.
Қазақта бесік қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші – алтын бесік»82 деген сөз оның құдіретін көрсетеді. Сол себепті жаңа туған баланы бесікке салу – халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке қатысты қазақ халқының өзіне тән ырымы, салт-дәстүрі болған. Қазақтың бесікке салу ырымы әлі күнге жалғасып келеді. Әр өңірде өзіне тән өзгерістері бар. Бесікке салу рәсіміне ауыл-үйдің әйелдері шақырылады, олар өздерінің шашуға арналған кәделерін ала келеді. Ал бесікке салу жолы ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі әжелерге, үлкен әйелдерге тапсырылады. Бесікті түбек, шүмек, құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізе бау, тізе жастық, екі тартпасы сияқты бесікке тән жабдықтармен жақсылап әзірлейді. Түбектің түбіне күл салып қоятын, оның бір себебі бесікті тербеткенде нәрестенің зәрі шайқатылмау үшін, ал екіншісі оның күлге төгіліп, жылы бу шығарып тұру үшін. Алдымен бесікті отпен аластап алады (бұл аластау ауадағы жағымсыз микробтарды өлтіру үшін қолданылған). Содан соң «тыштырма» жасайды (бесіктің түбек салынатын тесігінен балаларға тәтті үлестіріп беру осылай аталады). Бұдан соң нәрестені айналып-үйіріліп отырып бесікке бөлеп, оның үстіне ата-бабадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп аттың тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп, қамшы қояды. Қайсыбір жерлерде бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар жабады. Сонан соң бесікке салған әже оның үстіне жүрелеп тұрып, қолына қамшы ұстап, атпен шапқандай болады. Отырғандар: «Әже, қайда барасыз?» деп сұрайды да, әже оларға: «Меккеге барамыз», «Байдың аулына барамыз», «Жеті қат аспанға, Күн астындағы Күнікей қыздың аулына қыз айттырып барамыз!» тағы сол сияқты қызықты жауаптар қайтарады. Осылайша бесікке салу рәсімі ойын-күлкі, тамашамен аяқталады. Бесікке жабылған таза маталарды үй иесі отырғандарға, өздерінің орнына қарай үлестіріп, сыйға тартады. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады. Қазақ шаңырағында жас сәби бесікке негізінен омыраудан шыққанша жатады. Иткөйлегі тозып, қарын шашы алынған баланың талпынып, артынан бақа тірсегі бір бүктеліп, бір созылып, оның еңбектей бастайтынын бәріміз білеміз. Міне, дәл осы кезде бала дөңбекшіп, бесікке жатқысы келмей, қарсылық көрсете бастайды.
Баланың қарсылығын көрген ата-анасы, әжелері сәбиді бесіктен шешіп алып, бесікті әдемілеп тұрып тазалайды. Сосын келесі ұрпақ дүниеге тезірек келсін, сол жатсын деп, оның үйдің құлап-сынып қалмайтындай сенімді бір жеріне апарып сақтап қояды. Көнекөз қаКөнекөз қариялардың айтуынша, бесіктің биіктеу болғаны жақсы. Себебі, аласа бесікке қарағанда мұндай бесікке ауа жақсы барып, сәби кең тыныстайды.
Сондай-ақ, бесіктің сәби денсаулығына, тазалығына пайдасы өте зор. Бесіктегі сәбидің бойы, қол аяғы түзу, ширақ болады. Сондай-ақ, бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан да қорғайды. Бесіктің тағы бір ерекшелігі – оның көшіп-қонуға ыңғайлылығы, алып жүруге жеңілдігі. Бөленген баланы алыс-алыс жерлерге шеру тартқанда ат үстіндегі кезкелген адам алдына өңгеріп алып, емін-еркін жүретін болған. Жаугершілік заманда тұтқиылдан шабуыл жасалғанда бесіктегі сәбиді әке-шешесі ат үстінен оңай іліп алып, дұшпанның тырнағынан тез сытылып кетіп отырған.
Қасиетті Құранның «Өздеріңді өздерің қауіп-қатерге итермелемеңдер!», «Алла Тағала тазаланғандар мен тәубе еткендерді жақсы көреді» деген аяттары мен «Тазалық – иманнан»84 деген хадис тұрғысынан келгенде, бесіктің сәби денсаулығына да, рухани жетілуіне де тигізер пайдасы мол. Бесіктің бала денсаулығы мен жақсы дамуына тигізер пайдасы ұшан-теңіз екенін ғылыми зерттеулер анықтады. Бесік баланы тазалыққа баулиды һәм денесі түзу, аяқ-қолдары мығым болып өседі. Оған қоса, қолы бос жатқан баланның ұйқысы құс ұйқы болып келетіндіктен, қайта-қайта оянып ұйқысы қанбайды. Ал бесікте аяқ-қолы таңулы болғандықтан көп оянбайды әрі ұйқысы қанып, зердесі жақсы дамиды. Бір қалыптытербелген бесіктегі баланың жүйке-жүйесі де тыныш болады. Оның үстіне әжесінің яки анасының әсем үнімен айтылған бесік жыры баланың рухына ұлттың үнін құйып отырады. Алаштың аңтаңгер ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Бесігімде жатқанда-ақ берген білім» дегенде бесік жырымен құлағына құйылған ана тілі мен ұлттық рухты меңзеген. Бесік жырында айтылатын сөздердің бәрі тұнып тұрған дұға тілек. Ешбір бесік жырында ұры бол, залым бол, жаман бол деген сөз кездеспейді.
Керісінше, адам бол, жақсы бол, денің сау болсын деген сөздер айтылады. Мысалы, мына бір үзіндіні қарап көрейік:
«...Қолымыздан іс алып,
Мойынына күш алып,
Бізді бағар ма екенсің?
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?..»
Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады.
Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла», – деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына даұнап қалады. Ол періштелерге: Маған да үйретіңдер, – деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі
материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының
ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,
ummet.kz